Бета электросамолеттері, PayPay төлемдері және Үндістандағы LG: IPO жаңалықтары

Электрлі ұшақтар әзірлеушісі Beta Technologies және Жапониядағы QR-төлемдер нарығының көшбасшысы PayPay АҚШ-та үкіметтің жұмысы уақытша тоқтағанына қарамастан, жыл соңына қарай Нью-Йоркте ірі IPO өткізуді жоспарлап отыр. Ал Үндістандағы LG Electronics India биржаға шыққан алғашқы күні акциялары 1,5 есеге өсіп, капитализациясы бойынша бас компаниясы LG Electronics-тен озып кетті.
АҚШ-та IPO-ға дайындалып жүрген компаниялардың биржаға шығуға 2025 жылы бар болғаны төрт аптасы қалды — бұған шатдаун, мерекелер және қаржылық есеп тапсыру талаптары әсер етуде. Апта ішінде IPO нарығында болған ең маңызды жаңалықтар төменде.
Болашақ IPO туралы не белгілі?
— Электрлі ұшақ жасаушы Beta Technologies АҚШ-та листинг өткізіп, 825 млн долларға дейін инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Компания IPO проспектісінде 25 млн акцияны бір данасын 27–33 доллардан орналастыруды жоспарлаған. Баға 3 қарашада анықталады. Егер акциялар баға диапазонының жоғарғы жағымен сатылса, компанияның капитализациясы 7,2 млрд долларға жетеді деп Bloomberg есептейді. BlackRock, басқа да ірі қорлар және GE Aerospace компания акцияларына 300 млн доллар салуға дайын екенін білдірді. 2025 жылы Beta жасаған ALIA электросамолеты Ист-Хэмптоннан Нью-Йоркке дейінгі қысқа қашықтықты ұшып өтті және Ле-Бурже әуесалонында таныстырылды.
— Жапонияның SoftBank компаниясы өзінің төлем қосымшасы PayPay-ді АҚШ биржасына шығаруды жоспарлап отыр. Reuters деректеріне сүйенсек, IPO желітоқсанда өтуі мүмкін. Акционерлер компанияны 2 трлн иенге ($13,3 млрд) бағалауда, бірақ 3 трлн иеннен ($20 млрд) жоғары бағаға үміттенеді. Бұл бағалау PayPay-дің Жапониядағы QR-төлемдер нарығындағы көшбасшылық позициясына негізделген. Алайда шетел нарығына шығу мүмкіндігі туралы инвесторлар арасында пікір қайшылығы бар.
— Өзбекстандағы ең қымбат стартап Uzum Лондонды компанияның листинг өткізуі мүмкін алаңдардың қатарына қосты. Бұл туралы Reuters-ке компанияның негізін қалаушылардың бірі Николай Селезнёв хабарлады. Uzum бұған дейін Nasdaq (Нью-Йорк), Абу-Даби және Гонконгты қарастырып келген. IPO 2027 жылға жоспарланған. 2025 жылдың тамыз айында инвестициялық раунд кезінде стартаптың бағасы $1,5 млрд болды. Қазір компанияның суперқосымшасын ай сайын 17 млн адам қолданады.
— Ұлыбританияның шағын және орта бизнеске несие беруге маманданған Shawbrook цифрлық банкі қараша айының басында Лондон қор биржасында IPO өткізуді жоспарлап отыр, деп жазады The Wall Street Journal. Банк 50 млн фунт стерлинг (66,8 млн доллар) инвестиция тартуды мақсат етеді. Газет жазғандай, Еуропадағы IPO нарығы біртіндеп қалпына келіп келеді: өткен аптада биржаға шведтік Verisure және Ottobock компаниялары шықты, ал Princes Group Лондонда листинг өткізетінін растады.
Соңғы өткен IPO нәтижелері
— LG Electronics India алғашқы сауда күнінде акцияларының бағасы орналастыру құнынан 48% жоғары жабылып, капитализациясы 13 млрд долларға жетті. Осылайша ол бас компаниясы LG Electronics-тен (9 млрд доллар) асып түсті. Reuters-тің мәліметінше 1,3 млрд долларлық IPO бірнеше сағат ішінде толық жазылып, жалпы сұраныс 50 млрд долларға жеткен.
— Үндістандағы ең ірі қаржылық компаниялардың бірі Tata Capital биржадағы дебютінде айтарлықтай нәтиже көрсете алмады — акциялары небәрі 1,4% өсті. Nikkei Asia мәліметінше 155 млрд рупийлік ($1,7 млрд) IPO Үндістанда 2025 жылғы ең ірі орналастыру болды, бірақ бұл көлем 2024 жылы Hyundai Motor India IPO-сынан (272 млрд рупий) екі есе аз.
IPO әлеміндегі басқа маңызды жаңалықтар
— 2025 жылы АҚШ-та IPO өткізгісі келетін компанияларда уақыт өте аз қалды деп мәлімдеді Wells Fargo компаниясының капитал нарығы бөлімінің тең жетекшісі Джилл Форд. Оның айтуынша, федералды үкіметтің жұмысы тоқтауы және мерекелерге байланысты биржаға шығуға қолайлы кезең – бар болғаны төрт апта:
Алғыс айту күнінен (27 қараша) бұрын – 2 апта,
одан кейін – тағы 2 апта.
Сонымен қатар, егер компаниялар IPO құжаттарында 2-тоқсанның қаржылық есебін қолданса, 12 қарашаға дейін үлгеруі керек. Әйтпесе аудитті жаңартып, дебютті желтоқсанға шегеру қажет болады (Bloomberg).
— Қытайдың Pony.ai және WeRide роботакси сервистері АҚШ-та делистинг болуы мүмкін деген қауіпке байланысты Гонконгта екінші листинг өткізуге Қытай билігінен рұқсат алды деп жазады Nikkei Asia. Екі компания да 2024 жылдың күзінде Nasdaq-қа шыққан еді. Олар Apollo Go (Baidu) және Waymo (Google) сияқты бәсекелестерден әлдеқайда кіші: Pony.ai паркі – небары 300 роботакси, WeRide – 400 көлік (көбі – жүргізушісіз автобустар).








