БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Біз үлкен шокты әзірге байқаған жоқпыз»: сарапшылар нарықтың қалпына келуі жайлы

«Біз үлкен шокты әзірге байқаған жоқпыз»: сарапшылар нарықтың қалпына келуі жайлы

Израиль мен Иран арасындағы конфликттің бірден ушығуынан туындаған америкалық нарықтардағы кернеу 16 маусым, дүйсенбі күні бәсеңдеді. Жетекші қор индекстері өсті, ал ең үлкен өсімді технологиялық Nasdaq Composite көрсетіп, бірден 1,5% көтерілді. Мұнай бағасы төмендеді: Brent маркасы 1,5%, ал америкалық WTI 2%-дан астам арзандады.

Инвесторлар қаншалықты конфликт ауқымды болғанымен, жергілікті деңгейде шектеледі деп үміттенеді. Олардың оптимизмін Тегеранның ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді қайта бастауға дайын екені туралы БАҚ хабарлары күшейтті. Jerusalem Post дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға «соңғы ұсыныс» жасауға ниетті. Сауда сессиясы жабылғаннан кейін ол Truth Social желісінде «барлығы Тегераннан шұғыл эвакуациялануы тиіс» деп жазды, осыдан соң жетекші индекстердің фьючерстері сәл төмендеді.

Уолл-стрит сарапшылары нарықтың байсалды реакциясын былай түсіндіреді: тұрақты жаппай сатылым басталуы үшін елеулі эскалация керек болуы мүмкін. Олардың пікірлері төмендегідей:

Deutsche Bank

Геосаяси тәуекелдерді елемейтін трейдерлер жиі кездеседі, ал ағымдағы конфликт әзірге бұған дейін нарықтарға нақты әсер еткендей ауқымды залал әкелген жоқ, деп түсіндіреді Deutsche Bank-тің макростратегі Генри Аллен. «Тарихқа қарасақ, геосаяси оқиғалар нарық үшін маңызды бола бастауы үшін олар экономикалық өсім мен инфляция секілді макрокөрсеткіштерге әсер етуі керек. Сондықтан 1970-жылдардағы мұнай дағдарыстары, 1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс пен 2022 жылғы Ресейдің Украинаға басып кіруі секілді стагфляциялық шок тудырған оқиғалар ғана ерекше рөл атқарды. Қазіргі таңда біз ондай ауқымдағы шокты әлі байқап отырған жоқпыз», — делінген CNBC келтірген, Алленнің клиенттерге арналған есебінде.

Deutsche Bank стратегі Джим Рейдтің жеке жазбасында атап өтуінше, қазіргі қор нарығының құрылымы оны статистика көрсеткеннен де тұрақты етуі мүмкін. «Тарихқа көз жүгіртсек, геосаяси шоктардан кейін S&P 500 индексі әдетте үш апта ішінде шамамен 6% төмендеп, келесі үш аптада толық қалпына келетін. Алайда біздің стратегтер қазіргі жағдайда елеулі жаппай сатуға себеп болатын шек жоғарырақ деп есептейді, себебі акцияларға салынған позициялар қазірдің өзінде едәуір қысқарған», — деп жазды ол.

Рейдтің айтуынша, «көп нәрсе АҚШ-тың бұл қақтығысқа тікелей араласу- араласпауына, Иранның мұнай өндіру немесе көлік инфрақұрылымына соққы жасалуына, және ең маңыздысы – Иран Ормуз бұғазын жауып тастауға тырыса ма, жоқ па, соған байланысты болмақ. Себебі бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай саудасының 20%-ы өтеді».

Ал Аллен инвесторлар назар аударуы тиіс екі негізгі қауіп бар екенін айтады: бірі — Трамптың баж салығына қатысты 90 күндік үзіліс аяқталатын 9 шілде күні, екіншісі — инфляциялық тәуекелдер. Оның пікірінше, сауда шектеулерінен туындаған баға өсімі Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан болатын мұнай бағасының соққысымен қабаттасып кетуі мүмкін.

Осы ретте JPMorgan Chase-тің сауда бөлімшесі, жаһандық нарықтық талдау бөлімінің Эндрю Тайлердің басшылығымен, алдағы уақытта нарықтағы түзетулерді сатып алу мүмкіндігі ретінде қарастыру керек деп санайды. Бұл болжамға сәйкес, «аю» емес, «бұқа» сценарийі әлі де өзекті — егер АҚШ сауда саясатын жұмсарту бағытын ұстануды жалғастырса.

HSBC

Иран мен Израиль арасындағы конфликт мұнай нарығындағы іркілістерге байланысты инфляцияның өсуіне себеп болса, ол инвесторлар үшін әлдеқайда маңызды болар еді, деп келіседі HSBC Global Research ұйымының дамушы нарықтар мен жаһандық акциялар стратегиясы жөніндегі басшысы Алестер Пиндер. «1940 жылдан бергі ірі оқиғалардың 60%-ында АҚШ қор нарығы кейінгі үш айда өсім көрсетіп отырған. Алайда негізгі ерекшелік мұнай шоктары болып қала береді, — деп жазды ол жексенбі күні жарияланған жазбасында. — Мұндай жағдайларда жаһандық акция нарықтары алдағы екі ай ішінде орта есеппен 8% төмендеген».

RBC

«Қазіргі таңда біз АҚШ қор нарығы бағаға қақтығыстың елеулі эскалациясын немесе кеңеюін әлі енгізген жоқ деп есептейміз», — деп жазды RBC Capital Markets компаниясының америкалық акциялар бойынша стратегия бөлімінің жетекшісі Лори Калвасина жексенбі күні клиенттерге арналған жазбасында. Бұл пікір Yahoo Finance келтірген мәтінде, нарық қалпына келмей тұрып жарияланған. Алайда егер мұнай бағасының өсуімен бірге инфляция күрт шарықтаса, S&P 500 индексі айтарлықтай құлдырауы мүмкін, деп есептейді сарапшы. «Конфликт тұтынушылық сектордың жағдайына, жалпы экономиканың ахуалына және ФРЖ-ның болашақ саясатына қатысты алаңдаушылықты күшейте алады — мұндай көңіл-күйдің өзгеруі қор нарығы үшін мәселеге айналуы мүмкін», — делінген жазбада.

Басқалар не дейді?

«Егер мұнай қымбаттауы салдарынан инфляция өссе, Федералдық резерв жүйесі биыл мүлде мөлшерлемені төмендетпеуі мүмкін», — деді Halo Investing компаниясының президенті Джейсон Барсема. CME FedWatch құралының деректеріне сәйкес, трейдерлер жыл соңына дейін пайыздық мөлшерлеме төрт рет төмендейді деп күтіп отыр, алайда осы аптадағы жақын арадағы отырыста қысқарту болмайды деген болжам басым. «Адамдар АҚШ экономикасының баяулау белгілерін әлі де іздеп жүр — бірақ ондай белгілер байқалмай отыр, — деді Барсема MarketWatch-қа телефон арқылы берген сұхбатында. — ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге себеп көріп отырған жоқ».

DataTrek Research компаниясының теңқұрушысы Ник Колас дүйсенбі күні атап өткендей, мұнай бағасының күрделі деңгейі — бір баррель үшін $120. Ол 1987 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңді зерттеп, рецессиялар басталар алдында WTI маркалы мұнай бағасы әдетте алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын анықтаған. «Таяу Шығыстағы шиеленіс алдағы уақытта басылады деп болжаймыз — бұл соңғы жылдары бірнеше рет қайталанған жағдай. Дегенмен, мұнай бағасы уақыт өте келе АҚШ экономикасына әсер етуі мүмкін, сондықтан инвесторлар үшін энергетика секторындағы үлесін сақтап қалу орынды шешім», — деп жазды Колас.

АҚШ бойынша бас экономист Райан Суиттің пікірінше, керісінше, Израиль мен Иран арасындағы созылған конфликт Федералдық резерв жүйесін күтілгеннен ертерек пайыздық мөлшерлемені төмендетуге итермелей алады. «Мұнай бағасының ұзаққа созылған өсуі ФРЖ-ны жұмсақ ұстанымға көшуге мәжбүрлеуі мүмкін», — деп болжады Суит Yahoo Finance атап өткен, жуырда жарияланған жазбасында. Оның айтуынша, ұзаққа созылған мұнай бағасының шокы сұранысты әлсіретіп, тіпті қазіргі тұрақты еңбек нарығына да әсер етуі мүмкін. «Егер ФРЖ экономика мен еңбек нарығына келген соққыны инфляцияның уақытша күшеюінен маңызды деп шешсе, мөлшерлемені ерте төмендетуге дайын екенін білдіруі мүмкін», — деп жазды ол.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары