JPMorgan Израильдің Иранға қарсы соққысын болжаған. Тағы нені назарда ұстауға ұсынды?

JPMorgan мамыр айында жариялаған Таяу Шығысқа қатысты аналитикалық баяндамасында Израильдің Иранға әскери соққы жасау ықтималдығы туралы ескерткені енді шындыққа айналды. Бұл — банк инвесторлар мен саясаткерлерге назарда ұстауға кеңес берген негізгі сценарийлердің бірі ғана.
Егжей-тегжейлі
JPMorgan бағалауынша, Таяу Шығыста жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін бірнеше «бетбұрыс нүктесі» бар «шахмат тақтасына» ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұл нүктелер Иран мен Израильден бастап Сирия мен Ливанға дейінгі аумақты қамтиды. Атап айтқанда, банк Израильдің Иранға қарсы «максималды қысым» стратегиясын немесе «деэскалация үшін эскалация» ұстанымын таңдауы мүмкін екенін болжаған. Бұл ретте, Тегеранға қатаң саясат жүргізуді қолдайтын америкалық күштердің көмегімен Израиль қалыптасқан жағдайды соққы жасауға қолайлы сәт деп қосқан.
Иран өз кезегінде тәуекелді күшейтіп, ядролық бомба жасауға бел шеше кірісуі мүмкін, деп болжаған банк. Эскалация — жоспарлы, не кездейсоқ болсын — жылдам өрбіп, кең ауқымды аймақтық соғысқа ұласуы ықтимал, деп жазды сарапшылар.
JPMorgan болжамы бірнеше аптадан соң расталды — 13 маусымға қараған түні Израиль армиясы Иранның ядролық инфрақұрылымына және маңызды әскери нысандарына соққы жасады. Иран алдымен ұшқышсыз аппараттармен жауап беріп, оларды Израильдің әуе күштері ел аумағынан тыс жерде жойды, кейінірек Израильге зымыранмен шабуыл жасады.
Осы есепте банк алдағы апталарда Таяу Шығыста өзгерістер болуы мүмкін бірнеше негізгі бағытты да атап өткен.
JPMorgan тағы неге назар аударуға кеңес берді?
— Иранмен жасалатын ядролық келісім. JPMorgan Иранмен жаңа ядролық келісім жасалу ықтималдығын 65% деп бағалады. Банк бұл тұрғыда басты назар аударатын мәселе — Тегеранға салынған санкциялар қаншалықты көлемде алынады? Иран бұл ақшаны прокси топтарын қалпына келтіруге жұмсай ма, әлде экономикаға сала ма? АҚШ пен Иран келіссөз жүргізіп жатқан, алайда Израильдің соққыларына дейін-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп келісімге деген сенімінің азайғанын мәлімдеген. 15 маусым, жексенбіге жоспарланған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталды. Дегенмен, 16 маусым күні The Wall Street Journal басылымы Иран билігі үшінші жақтар арқылы АҚШ-қа диалогты қайта бастауға дайын екенін жеткізіп жатқанын хабарлады.
— Израильдің саяси болашағы. Израильде 2026 жылғы сайлауға дейін-ақ саяси тұрақсыздық күшейіп кетуі мүмкін, деп ескертті JPMorgan. Бұған премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға қатысты жалғасып жатқан жемқорлық істері және үкіметтегі коалицияның тереңдей түскен ішкі қайшылығы себеп болуы мүмкін. Сарапшылар: «Нетаньяху әлі қанша уақыт билікте отырады, ал егер ол кетсе — Израильдің келесі басшысы кім болады?» деген сұрақ қойды.
— Сирияны «қайта іске қосу». Сирияда жаңа үкіметтің құрылуы АҚШ-пен диалогты қайта бастауға мүмкіндік береді, деп жазды JPMorgan сарапшылары. АҚШ президенті Дональд Трамптың барлық санкцияларды алып тастауға дайын екенін мәлімдеуі энергетика және инфрақұрылым салаларында ірі келісімдерге жол ашуы мүмкін. Алайда банк санкциялардың нақты қашан алынып тасталатыны белгісіз екенін атап өтті. Негізгі сұрақ — АҚШ Сириямен дипломатиялық қатынасты қашан қалпына келтіріп, елшілігін ашып, көмек көрсетуді қайта бастайды?
— Ливан ашыла бастады. Ливанның жаңа президенті елдің оңтүстігіндегі «Хезболла» тобының ықпалына қарсы әрекет етіп жатыр, ал Израильмен шекарадағы әлсіз тыныштық шиеленісті бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр, деп жазды JPMorgan. Мемлекеттік биліктің күшеюі қауіпсіздік жағдайын жақсартып, инвесторлардың сенімін қалпына келтіруі мүмкін. Алайда бұл жағдай жеткілікті ұзақ сақтала ма — екі жақтан да көшіп кеткен бейбіт тұрғындар оралып, саяси реттеу орныға ма — бұл JPMorgan үшін сұрақ күйде қалып отыр.
— Жасанды интеллект пен технологиялардың өрлеуі. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері жасанды интеллектке үлкен ставка жасап отыр. Миллиардтаған доллар деректер орталықтарына, бұлтты технологияларға, чип өндіруге және климаттық технологияларға жұмсалуда. Осыған байланысты аймақ ЖИ-ге инвестиция салу жөнінен жаһандық орталыққа айналып келеді, деп атап өтті JPMorgan сарапшылары.
— Алдағы билік ауысуы. Иран, Сауд Арабиясы және Палестина автономиясының басшылары 80 жастан асқан, денсаулығына байланысты қиындықтары бар, деп ескертеді JPMorgan. Олардың екеуінде нақты мұрагер жоқ. Бұл көшбасшылардың кетуі аймақ үшін салдары белгісіз үлкен бетбұрыс болуы мүмкін, делінген есепте.
— АҚШ-тың әскери қатысуы. Вашингтонда Таяу Шығыстағы америкалық әскери контингенттің болашағына қатысты пікірталас қызу жүріп жатыр. Әскерді ауқымды қысқарту АҚШ-тың аймақтағы стратегиялық және экономикалық ұстанымдарына зор әсер етуі мүмкін, деп жазды JPMorgan сарапшылары.
— «Патшалық 2.0». Сауд Арабиясы «Көру 2030» стратегиялық бағдарламасы аясында өзін түбегейлі қайта қалыптастырып жатыр: ел туризмге, инфрақұрылымға және ірі мегажобаларға орасан қаржы құйып отыр. Сарапшылар қойған негізгі сұрақтардың бірі — патшалық «толық қалыптаспаған» дамушы нарықтан қашан демалыс, мәдениет пен бизнеске арналған беделді бағытқа айналады? Бұл үдерістің қаншалықты жылдам жүретіні — елдің жаһандық қабылдануына және әлеуметтік ашықтыққа (соның ішінде алкогольге және ойын-сауыққа рұқсат беруге) байланысты болады, делінген баяндамада.








