BofA сауалнамасы: Қор нарығындағы ең жоғары табыс АҚШ-тан тыс аймақтардан келеді

Bank of America (BofA) жүргізген соңғы сауалнама нәтижесі бойынша, қор нарығындағы ірі басқарушы мамандар алдағы бес жылда АҚШ-тан тыс елдердің акциялары жақсы табыс әкеледі деп санайды. Бұл – инвесторлардың америкалық нарықтың бұрынғыдай үстем болатынына сенімі азайып келе жатқанын көрсететін тағы бір белгі, деп жазады Bloomberg.
Егжей-тегжейі
BofA сауалнамасына қатысқан басқарушы мамандардың 54 пайызы халықаралық акциялар ең тиімді актив болады деп есептейді. Ал АҚШ акцияларына сенетіндер – небары 23 пайыз ғана. 13 пайызы алтынды, 5 пайызы облигацияны таңдаған. Сауалнама 6–12 маусым аралығында жүргізіліп, жалпы 523 миллиард долларлық активті басқаратын 190 маман қатысқан.
Бұл — BofA сауалнамасында инвесторлардан бес жылға табыстылық бойынша алғаш рет болжам сұралған жағдай. Нәтижелер «Американы сат» стратегиясына сәйкес келеді, яғни бұл тәсіл портфельдегі америкалық активтер үлесін азайтуды көздейді. Мұндай көзқарас АҚШ-қа қарсы сауда тарифтері мен Дональд Трамптың бюджет шығындарын 10 жылда 2,4 трлн долларға арттыратын заң жобасына байланысты қалыптасып отыр.
Егер бұл болжамдар расталса, соңғы 15 жылда 13 рет халықаралық нарықтан озық болған АҚШ акциялары алғаш рет артта қалуы мүмкін. Агенттіктің болжауынша, 2025 жылы S&P 500 индексі 2009 жылдан бергі ең ірі артта қалуды көрсетуі ықтимал.
Тағы не анықталды?
– 41 пайыз қатысушы үшінші ай қатарынан алтын бағасының өсуіне жасалатын инвестицияны ең танымал әрі шамадан тыс сенім артылған бағыт деп атады. Соңғы екі жыл бойы көш бастап келген «Керемет жетілік» компаниялары акцияларының қымбаттауына бәс тігулер енді бәсеңдейді, деп түсіндіреді BofA.
– Қатысушылар өз портфелінде еуроаймақ, дамушы нарықтар және банк секторындағы акциялардың үлесі жоғары екенін айтты. Ал АҚШ акциялары, доллар және энергетика секторы тартымсыз активтер қатарына енген.
– АҚШ долларына қатысты пессимизм артып отыр. 31% қатысушы доллар үлесін азайтқан. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
– 21% инвестор келесі жылы облигациялар табысы артады деп күтуде. Бұл 2022 жылғы тамыздан бергі рекорд.
– Трамптың шығындарды арттыратын заң жобасына байланысты, сауалнамаға қатысқан мамандардың 59% алты ай ішінде АҚШ экономикасында айтарлықтай өсім болмайды деп есептейді.
– Рецессияға қатысты қорқыныш азайған. Бұрын 42% инвестор алдағы 12 айда рецессия болуы мүмкін десе, қазір бұл көрсеткіш 36%-ға түскен.
Сарапшылардың пікірі
Таяу Шығыстағы шиеленістер АҚШ-тағы инфляция мен пайыздық мөлшерлеменің төмендеу мерзіміне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. JPMorgan Chase компаниясының трейдинг бөлімі америкалық акциялар бойынша «оптимистік» көзқарастан бас тартты.
Компанияның жаһандық нарық талдаушысы Эндрю Тайлердің айтуынша, S&P 500 индексінің сәуірден бергі 21% өсуін қамтамасыз еткен тәуекелге бару стратегиясы қазір әлсірей бастаған. Индекс бір ай бойы 6000 тармағының маңында тұр, ал нарықтағы алаңдаушылық деңгейін көрсететін VIX индексі 20 шамасында. Бұл геосаяси және өзге де қауіптердің әлі де сақталып тұрғанын білдіреді.
Miller Tabak + Co стратегы Мэтт Мэли де осы пікірде. Оның айтуынша, тіпті S&P 500 жаңа рекордқа жетсе де, қазіргі бағалау жағдайында құлдырау қаупі пайдадан жоғары. Индекс тарихи максимумнан небары 1,8% төмен тұр. «Экономикалық өсім баяулап келеді, компания табысына қатысты болжамдар да төмендеуде. Бұған геосаяси тұрақсыздықты қоссақ, келешек бұлыңғыр» – дейді Мэли.
Evercore компаниясының АҚШ нарығы бойынша сарапшысы Джулиан Эмануэль жазда нарықта құбылмалық болуы мүмкін деп ескертеді. Оның пікірінше, инвесторлар қазіргі табысты тіркеу үшін акцияларды сатуы ықтимал. «Қазір Ирандағы жағдай тез реттеледі деген үмітпен сатып алулар жүріп жатыр. Алайда бұл тым оптимистік көзқарас. Жағдай шешілсе де, өзге де қордаланған мәселелер көп», – дейді сарапшы.
Эмануэльдің айтуынша, S&P 500 индексінің қазіргі бағасы (кіріс болжамынан 23 есе жоғары) геосаяси шиеленістер оң шешіледі деген үмітке негізделген. Алайда бұған нақты негіз жоқ.








