BofA: Спутниктік интернет нарығы $200 млрд-тық мүмкіндікке ие

Bank of America (BofA) төмен орбиталы жерсеріктер (LEO) нарығынан 200 млрд долларлық әлеует көріп отыр және үш басты жобаны фаворит деп атады. Олардың қатарында Илон Масктың Starlink жобасы бар. AT&T және Verizon сынды америкалық телеком-операторлар спутниктік сервистерді «өлі аймақтарды» жабу мен жаңа тарифтер және жазылымдар арқылы табыс арттыру жолы ретінде қарастыруда.
Егжей-тегжейлі
LEO (low Earth orbit – төмен орбита) спутниктер нарығы әлі даму бастауында, дегенмен Bank of America бұл салада ең үлкен мүмкіндіктерді жерсерік өндіруші компаниялар үшін көреді. Банк сарапшылары үш негізгі жобаны ерекшелеп отыр: AST SpaceMobile, Starlink (Илон Маск) және Project Kuiper (Джефф Безос), деп хабарлайды MarketWatch.
LEO — бұл 1200 мильге (шамамен 1900 км) дейінгі биіктікте орналасқан орбита. Қазіргі уақытта коммерциялық жерсеріктік индустрия дәл осы биіктікте белсенді дамып келеді. BofA мәліметінше, осы LEO-сегменттің жалпы мақсатты нарық көлемі (TAM) $200 млрд болуы мүмкін. Оның $80 млрд-ы — сымсыз байланыс, кең жолақты интернет және қорғаныс жобаларына тиесілі.
AT&T және Verizon сынды америкалық телеком-операторлар спутниктік байланыс арқылы байланыс жоқ «өлі аймақтарды» жаба алады. Бұл оларға минуттық тарифтер мен жазылым қызметтері арқылы әрбір абоненттен табыс арттыруға мүмкіндік береді, деп атап өтеді BofA сарапшысы Майкл Фанк.
BofA фавориттері
AST SpaceMobile
AST SpaceMobile — бұл тікелей смартфондарға қосымша жабдықсыз мобильді кең жолақты интернет беретін спутниктік желі құрумен айналысатын америкалық компания. BofA бұл компанияны инвесторлар үшін LEO трендіне тікелей қатысу мүмкіндігін беретін бірегей жоба ретінде атап өтеді, өйткені оның акциялары биржада саудаланады.
Қазіргі таңда AST орбитада алты жерсерікке ие, бірақ алдағы жылдары олар желіні кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания шамамен 50 мобильді оператормен серіктестік орнатқан. BofA әсіресе АҚШ-тың батыс аймақтарын перспективалы деп санайды, себебі бұл өңірлерде әлі де 5G қамтуы жоқ.
Тамыз айында компания 2026 жылдың соңына дейін 45–60 жерсерікті ұшыру жоспарының толық қаржыландырылғанын мәлімдеді. Бұл желі АҚШ, Еуропа, Жапония және АҚШ үкіметі үшін спутниктік кең жолақты ұялы байланысты қамтамасыз етеді.
MarketWatch-тың дерегінше соңғы үш жылда AST SpaceMobile акциялары 380%-дан астам өсті. Бұл S&P 500 индексінің (+70%) өсімінен әлдеқайда жоғары.
Starlink
Starlink — SpaceX компаниясының ғаламдық спутниктік интернет жобасы. Бүгінде бұл әлемдегі ең ірі спутниктік топтама. Астрофизик Джонатан Макдауэллдің мәліметі бойынша, қыркүйектің 15-і күні орбитада 8405 Starlink жерсерігі болды, олардың 8390-ы белсенді. 650 жерсерік — LEO нарығына $200 млрд көлемінде шығу үшін негізгі топтама болып саналады, деп жазады MarketWatch.
Жерсеріктер бір-бірімен байланысқа түсіп, сигналды жердегі станцияларға және пайдаланушылардың терминалдарына жеткізеді. Бұл интернетті дәстүрлі инфрақұрылым жоқ шалғай аудандарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Starlink акциялары биржада саудаланбайды, себебі SpaceX жеке компания болып қала береді. Жерсеріктерді ұшыруға арналған үлкен инвестициялар себебінен, компания Starlink IPO-сы тек қаржылық тұрақтылық пен тұрақты пайдаға жеткеннен кейін ғана мүмкін болатынын айтады. Бұл бірнеше жыл уақыт алуы мүмкін, деп жазады Bullish Bears.
Project Kuiper
Project Kuiper — Джефф Безостың Amazon бизнесі аясындағы жоба. Қазіргі таңда жоба орбитаға 100-ден астам жерсерікті шығарды, бірақ болашақта бұл санды 3236 жерсерікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. MarketWatch дерегі бойынша, толық іске қосу 2026 жылға жоспарланған.
Amazon акциялары биржада саудаланады, бірақ Project Kuiper бөлек компания ретінде жария саудада ұсынылмаған.








