SpaceX жаңа биіктікте, компания $400 млрд-қа бағалануда

Илон Маск негізін қалаған SpaceX зымыран жасау компаниясы $400 млрд бағалауға жақындады — бұл АҚШ-тағы ең ірі жария компаниялармен деңгейлес көрсеткіш. Бұл өсім Tesla болашағына қатысты қауіптерден айырмашылығы, Масктың Трамппен жария жанжалына қарамастан, инвесторлардың оның ғарыштық бизнесіне аса алаңдамайтынын көрсетеді.
Егжей-тегжейлі
Илон Масктың SpaceX компаниясы шамамен $1 млрд көлемінде акция сату мәмілесіне дайындалуда — бұл мәміле зымыран мен жерсерік өндірушісін $400 млрд бағалайды, деп хабарлады британдық Financial Times өз дереккөздеріне сүйене отырып. Олардың айтуынша бұл тендерлік ұсыныс — яғни компания қызметкерлерінің акцияларын сату процесі. Бұл мәміле SpaceX нарықтық құнының келесі ірі серпілісін тіркейді, 2024 жылдың ортасында инвесторлар компанияны $210 млрд, ал желтоқсанда $350 млрд деп бағалаған болатын.
$400 млрд бағалау SpaceX-ті S&P 500 индексіндегі ең ірі 20 жария компанияның қатарына қосады — бұл көрсеткіш Bank of America мен Procter & Gamble компанияларынан да жоғары. FT-нің екі дереккөзі атап өткендей, SpaceX акциялардың бір бөлігін өзі сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұл нарық үшін неліктен маңызды
Масктың компаниялары АҚШ-тағы президенттік сайлау алдында бизнесмен мен Трамптың жақындасуынан пайда көрді. Алайда маусым айында Маск пен Трамп әлеуметтік желілерде жария түрде сөзге келіп қалды, бұл Tesla акцияларының құлдырауына себеп болды. Алайда SpaceX-тің жаңа бағалануы FT-нің пікірінше инвесторлардың мемлекеттік келісімшарттардан айырылу немесе Трамптың қысым жасау арқылы компанияны ұлттандыруы секілді қауіптерге үлкен мән бермейтінін көрсетеді.
SpaceX-тің бағалануының өсуі кең ауқымды үрдісті де айқындайтыны анық, компаниялар IPO-ны кейінге қалдырып, жекеменшік нарықтардан қаржы тартуда. Бұл – жеке капитал көлемінің қарқынды өсуінің нәтижесі, деп жазады Semafor басылымы. PYMNTS дерегінше қаржылық мекемелер өткен жылы өз қаражаттарын АҚШ-тағы ірі стартаптарға бағыттай бастаған. Өз кезегінде бұл стартаптар көп капитал жинады, енді биржаға шығуға асығудың қажеті жоқ.
SpaceX-ке инвестиция салуға бола ма?
SpaceX акциялары биржада сатылмайды. Алайда трейдинг платформасы Robinhood жақында Еуропа инвесторларына арналған криптовалюта деривативтері — токендер — арқылы сауданы іске қосты. Бұл токендер АҚШ-тың биржалық инвестициялық қорлары (ETF) мен компанияларының, соның ішінде жекеменшік OpenAI мен SpaceX-тің акцияларына негізделген.
OpenAI бұл токендердің компаниядағы үлесті білдірмейтінін нақтылап өтті. Galaxy Research атап өткендей, бұл — «базалық активке жанама қол жеткізуді қамтамасыз ететін туынды құралдар».
Контекст
NASASpaceFlight хабарлауынша 2025 жылдың екінші тоқсанында SpaceX әлем бойынша ең көп зымыран ұшырған компания болды. Falcon зымырандарымен жүзеге асқан 45 ұшырылым — Жер орбитасына шығарылған жалпы пайдалы жүктеменің 90%-нан астамын және әлемдік ұшырылымдардың 57%-ын құрады. 2025 жылғы мамыр айында компания 2024 жылдың қарашасында орнатқан айлық рекордты қайталап, бір айда 16 ұшырылым өткізді.








