Circle алғашқы IPO есебінде Уолл-стрит болжамынан жоғары табыс көрсетті

Екінші ірі капитализациялы стейблкоин USDC эмитенті — Circle компаниясы IPO-дан кейінгі алғашқы тоқсандық есебінде табысының айтарлықтай өскенін хабарлады. Бұл есеп криптовалюта нарығындағы раллиден кейін жарияланып отыр. Соңғы 2,5 айда компанияның нарықтық құны бес есе артты. Circle Binance-пен серіктестікті кеңейтіп, USDC транзакциялары үшін жаңа Arc блокчейнін іске қосуға дайындалып жатыр. Алайда Уолл-стритте компания акцияларының болашағы туралы пікірлер екіге бөлінген. Бір бөлігі бәсекенің күшеюіне алаңдаса, екіншілері Circle-ді «алғашқы ойыншы» артықшылығына ие нарық көшбасшысы деп санайды.
Егжей-тегжейлі
Circle 12 тамызда 5 маусымдағы биржаға шығудан кейінгі алғашқы қаржылық нәтижелерін жариялады. Есепке сәйкес,2025 жылдың екінші тоқсанындағы табыс өткен жылмен салыстырғанда 53%-ға өсіп, 658,1 млн долларға жетті. Бұл сарапшылар болжамынан шамамен 2%-ға жоғары, деп хабарлайды Reuters LSEG деректеріне сілтеме жасап. Мұндай өсім USDC-ті қамтамасыз ететін қолма-қол ақша мен қысқамерзімді инвестициялардан түскен пайыздық кірістердің артуымен байланысты. 30 маусымдағы жағдай бойынша USDC айналымы 61,3 млрд долларды құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 90%-ға көп, деп жазады MarketWatch. 10 тамызда айналым көлемі 65,2 млрд долларға жетті.
«Біз стейблкоин негізіндегі шешімдерді әзірлеуге және Circle-мен ынтымақтастыққа қаржы индустриясының барлық негізгі сегменттерінде қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз», — деді бас директор Джереми Аллеир.
Компания есепті кезеңде 482,1 млн доллар немесе акциясына 4,48 доллар мөлшерінде таза шығынға ұшырады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 32,92 млн доллар пайда болған еді (ол кезде акциялар биржада сатылмаған). FactSet деректеріне сүйенген MarketWatch мәліметінше сарапшылар шығынды акциясына 0,97 доллар деп болжаған. Circle-дің айтуынша шығынның негізгі бөлігі IPO-ға байланысты бір реттік, бірақ ақшалай емес шығыстарға тиесілі.
Аллеир сондай-ақ компанияның әлемдегі ең ірі криптоактив сауда платформаларының бірі — Binance-пен серіктестігін кеңейтіп жатқанын хабарлады. Күзде Circle Arc атты USDC транзакциялары үшін арнайы жасалған 1-деңгейлі ашық блокчейн желісінің сынақ нұсқасын іске қоспақ. Компания жоспарына сәйкес, Arc цифрлық төлемдер, капитал нарықтары және валюта операцияларында USDC қолдану үшін технологиялық негізге айналады. Қызметті толық іске қосу жыл соңына жоспарланған. «Қаржы ұйымдары мен ірі корпорациялардың ең жоғары талаптарына сай келетін блокчейн-инфрақұрылым осы уақытқа дейін болған емес», — деді Circle басшысы.
Акциялардың реакциясы
12 тамыздағы саудада Circle акциялары 17%-дан астам қымбаттап, сессия соңында небәрі 1,3%-ға өсіп, 163,2 долларға жетті. Соған қарамастан, бұл баға 5 маусымдағы алғашқы сауда күнінің жабылу бағасы — 83,23 доллардан екі есе жоғары.
IPO орналастыру бағасы — 31 доллар деңгейінен есептегенде, Circle-дің нарықтық капитализациясы биржадағы небәрі 2,5 ай ішінде бес есе өсті, деп жазады CNBC. Инвесторлар акцияларды криптовалюталарға деген қызығушылық пен стейблкоиндерді және олардың активтермен қамтамасыз етілуін реттейтін Genius заң жобасының қабылдануына қатысты оптимизм аясында белсенді сатып алды.
Уолл-стрит не дейді
Barron’s атап өткендей, Уолл-стритте компания акцияларының келешегі жайлы ортақ пікір жоқ. Mizuho сарапшысы Дэн Долев екінші ең төменгі мақсатты баға — 85 доллар белгілеп, инвесторларға бұл қағаздардан құтылуды ұсынады. Оның пікірінше Genius заңы Circle үшін кері әсер етуі мүмкін. Қазір компанияның басты бәсекелесі — стейблкоиндердің ірі эмитенті Tether, бірақ заң қабылданса, бәсекелестер қатары PayPal, Walmart, Amazon секілді финтех-компаниялар, банктер және ритейлерлер есебінен көбейеді.
Керісінше, Seaport сарапшысы Джефф Кантвелл трейдерлерге Circle акцияларын сатып алуды ұсынып, екінші ең жоғары мақсатты баға — 280 доллар деп белгілеген. Ол Mizuho-мен келіспейді және бәсекенің өсуін қауіп деп санамайды. Кантвеллдің айтуынша, криптовалюталардың кең таралуы мен институционалдануы сала үшін жағымды фактор, өйткені ол қатысушыларға қажетті реттеушілік айқындық береді. Ол Genius заңын «стейблкоиндер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын бетбұрыс сәт» деп атап, Circle-ді «публичті компаниялар арасындағы стейблкоиндерге ең қолайлы бәс» деп сипаттады.
Barron’s дерегінше,ё Circle қағаздарын қамтитын 16 сарапшының тек жетеуі сатып алуды, бесеуі ұстауды, ал қалғандары сатуды ұсынады. Консенсус-болжам бойынша мақсатты баға шамамен 189 доллар, бұл сейсенбі күнгі жабылу бағасынан 16%-ға жоғары.








