Citi биткоин бағасы 135 мың долларға дейін өседі деп болжады

Citi банкі жасаған негізгі болжам бойынша, жыл соңына дейін биткоин 15%-дан артық қымбаттап, 135 мың долларға жетеді. Банктің сарапшылары бұл есептеуді пайдаланушылар белсенділігіне негізделген модельге сүйене отырып жасаған. Яғни, биткоин мен оған байланысты активтерді неғұрлым көп инвестор сатып алса, оның бағасы соғұрлым жоғары болады.
Егжей-тегжейі
Citigroup сарапшылары Алекс Сондерс пен Натаниэль Руперт криптовалюталарды бағалаудың өз моделін жариялады. Олар цифрлық нарықтағы өзгермелі жағдайларды ескере отырып, өз болжамдарын ұсынды, деп жазады CoinDesk.
Негізгі сценарий бойынша, жыл соңына дейін биткоин бағасы 135 мың долларға дейін көтеріледі. Оптимистік сценарийге сәйкес, биткоин 199 мың долларға дейін өсуі мүмкін. Алайда, егер нарықта қолайсыз жағдайлар туындаса, мысалы, қор нарығы әлсіресе, биткоин 64 мың долларға дейін құлдырауы ықтимал, деп жазады CoinDesk Citi деректеріне сілтеме жасап.
25 шілде, жұма күні биткоин бағасы 114,8 мың мен 118,4 мың доллар аралығында құбылды. Тәуліктік құн жоғалтуы – 2,3%.
Citi биткоин бағасын қалай есептеді?
Банк сарапшылары болжамды үш негізгі факторға сүйеніп жасады: пайдаланушылар санының өсуі, макроэкономикалық жағдай және спот-биржалық қорларға (ETF) капитал ағыны.
Бұл модель пайдаланушылар белсенділігіне негізделген. Сарапшылар блокчейн желісінде тіркелген биткоин-әмияндар санының өсу қарқынын есептеді. Мұнда биржа ішіндегі транзакциялар есепке алынған жоқ.
Citi болжамынша, жыл соңына дейін биткоин немесе оған негізделген қор үлестерін сатып алушылар саны 20%-ға артады. Бұл жағдайда желілік эффект іске қосылады. Экономикада бұл өнімнің немесе қызметтің құндылығы пайдаланушылар саны артқан сайын өсетін құбылыс.
Тек осы фактордың өзіне сүйенсек, Citi моделіне сәйкес биткоин шамамен 75 мың доллар тұруы керек. Алайда банк макроэкономикалық тежегіштерге байланысты бұл сомадан шамамен 3200 доллар шегереді. Бұған акциялар мен алтын бағасының әлсіз динамикасы кіреді.
Сонымен қатар, ETF-ке 15 миллиард доллар көлеміндегі қосымша капитал ағыны бағалауға тағы 63 мың доллар қосады. Осылайша, Citi-дің негізгі бағалауы бойынша, жыл соңында биткоин құны 135 мың долларды құрауы тиіс.
Биткоинге не әсер етеді?
2024 жылдың қаңтарында АҚШ-та спот ETF-тер мақұлданғаннан кейін, бұл құралдарға капитал ағыны биткоин бағасының негізгі қозғаушы күшіне айналды, деп есептейді инвестициялық банк.
Citi дерегінше, ETF-тегі ақша кірістері мен шығыстары соңғы уақыттағы баға тербелісінің 40%-дан астамын түсіндіреді. Банк бұл көрсеткішке жаңартылған моделінде басты мән берген.
Криптовалюталардың дәстүрлі қаржы жүйесіне енуі биткоин бағасына макроэкономикалық және институционалдық ағымдардың әсерін күшейтті.
«Криптоактивтер өсті және енді олар капиталдың елеулі бөлігіне айналды. Қазір криптовалюта нарығының капитализациясы қор нарығындағы ірі компаниялармен салыстыруға болады», — дейді Financial Times Сондерс пен Рупертті мысалға келтіре отырып.
Криптовалютаға байланысты активтер кейбір ірі қаржы индекстерінің маңызды бөлігіне айналды. Криптовалютаға қатысты акциялар қазір S&P 500, Nasdaq және Russell индекстеріне енген. Бұл — криптовалютаға қызықпайтын инвесторлардың да оны өз портфельдерінде ескеруіне тура келетінін білдіреді.
Citi сарапшыларының айтуынша, олардың моделіндегі тәуекелдер өсу жағына қарай ауысқан. ETF-ке сұраныс күткеннен де жылдам өсіп жатыр. Ал пайдаланушылар белсенділігі бұрын болжағаннан азырақ төмендеген. Бұл желілік эффектілердің ұзақ әсері болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Осылайша, банк пікірінше, биткоиннің бағалық траекториясы енді тек технологиялық таралымға емес, сонымен қатар капиталды бөлу стратегияларына және инвесторлар мінез-құлқына тәуелді болып отыр.








