БастыSmall Caps
Бөлісу

CommScope екі есеге жуық қымбаттады: бизнесінің бір бөлігін бәсекелесі сатып алмақ

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
CommScope екі есеге жуық қымбаттады: бизнесінің бір бөлігін бәсекелесі сатып алмақ

4 тамызда орташа капитализациялы желілік компания CommScope акциялары 86%-дан астамға шарықтап, соңғы төрт жылдық максимумға жетті. Оның кең жолақты байланыс және кабельді теледидарға жауапты бөлімшесін Amphenol атты қосылу жүйелерін өндіруші компания сатып алмақ. Мәміле құны бүкіл CommScope-тың нарықтық капитализациясынан үш есе жоғары. Бұл мәміле — жасанды интеллекттің деректерді өңдеу орталықтарына арналған бүкіл жеткізу тізбегін нарықтағы ең сұранысқа ие салалардың біріне айналдырып жатқанын көрсететін мысал, деп санайды Barron’s.

Егжей-тегжейлі

CommScope қағаздары дүйсенбі, 4 тамыз күні күрт өсіп, 86%-дан асып, $14,51 деңгейіне жетті. Бұл — 2021 жылғы қыркүйектен бергі максимум. Инвесторлар Amphenol компаниясымен өзінің кең жолақты байланыс және кабельді теледидар бөлімшесін сату жөнінде келісімге келгені туралы жаңалыққа осылайша жауап қатты.

Мәміле сомасы $10,5 млрд болады. Салыстыру үшін, 4 тамыздағы раллиден кейін Nasdaq-тағы CommScope-тың нарықтық капитализациясы $3,21 млрд-ты құрайды.

Компанияның хабарлауынша, түскен қаржы қарызды өтеуге, Carlyle инвесткомпаниясынан барлық артықшылықты акцияларды кері сатып алуға, және қалған бизнес үшін несиелік иық (leverage) қалыптастыруға жұмсалмақ. Алайда бұдан кейін де CommScope-та айтарлықтай артық қаражат қалады, оны компания акционерлерге дивиденд түрінде таратуды жоспарлап отыр. Бұл төлем мәміле жабылғаннан кейін 60–90 күн ішінде жүзеге асады. Жоспар бойынша, егер барлық реттеуші органдар мен акционерлер келісім берсе 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.

Мәміле неге маңызды?

Amphenol сатып алғалы отырған CommScope бөлімшесі деректерді өңдеу орталықтарына, кабельдік теледидар мен кең жолақты желілерге арналған талшықты-оптикалық және мыс кабельдерін жеткізумен айналысады. Компания жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында осы сегмент CommScope-тың таза сатылымының 63,3%-ын құраған. Сол кезеңде таза сатылым шамамен 32% өсіп, $1,39 млрд-қа жеткен.

Amphenol бұл мәміле өзіне IT саласындағы деректерді тарату бойынша қарқынды өсіп келе жатқан нарықта мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады деп отыр. Атап айтқанда, бұл мәміле оның портфеліне жасанды интеллект технологияларына және деректерді өңдеу орталықтарының басқа да қосымшаларына арналған өнімдерді қосады, деп жазады компания. Егер ағымдағы экономикалық жағдай сақталса, сатып алынатын бизнестің сатылымдағы рентабельділігі 2025 жылы шамамен 26%, ал EBITDA көрсеткіші $3,6 млрд болады деп күтілуде.

Жасанды интеллектке деген қызығушылықтың артуы кезеңінде ұзақ уақыт бойы басты бенефициарлар жартылай өткізгіш өндірушілер болды.  Алайда бұл тренд біртіндеп деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын және олардың жұмысын қамтамасыз ететін басқа салаларға да тарап жатыр, дейді Barron’s. Басылым еске салады: 2024 жылы Hewlett Packard желілік құрылғылар жасаушы Juniper Networks компаниясын $14 млрд-қа сатып алатынын хабарласа, Nokia — Infinera атты оптикалық желіге арналған жабдық өндірушіні $2,3 млрд-қа сатып алу туралы мәлімдеген.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары