БастыЖаңалықтар
Бөлісу

CoreWeave компаниясы Nvidia-мен $6,3 млрд-тық келісім жасасты

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
CoreWeave компаниясы Nvidia-мен $6,3 млрд-тық келісім жасасты

Жасанды интеллект модельдерін әзірлеу және оқытуға арналған бұлтты қызметтерді ұсынатын CoreWeave компаниясы Nvidia-мен $6,3 млрд сомасына келісімге келді. Nvidia — жасанды интеллектке арналған процессорлар нарығындағы көшбасшы және CoreWeave-тің акционері. Келісімге сәйкес, Nvidia 2032 жылға дейін CoreWeave деректер орталықтарындағы пайдаланылмаған бұлтты ресурстарды сатып алуға міндеттеледі. Сарапшылар бұл келісім CoreWeave-тің Nvidia-мен серіктестігін нығайтып, компанияны есептеу қуатына сұраныс төмендеген жағдайда да қорғайтынын айтады.

Егжей-тегжейі

CoreWeave пен Nvidia арасындағы $6,3 млрд-тық келісім АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) тапсырылған құжатта көрсетілген. Келісім бойынша, 2032 жылдың сәуіріне дейін Nvidia CoreWeave-тің клиенттермен толық жүктелмеген бұлтты ресурстарын сатып алады. CoreWeave АҚШ пен Еуропада деректер орталықтарын басқарып, ауқымды ЖИ модельдерін оқыту үшін қажет Nvidia графикалық процессорларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 30 маусымдағы жағдай бойынша Nvidia компанияның шамамен 6,6% акциясына ие болған.

Бұл келісім 2023 жылдың сәуірінде басталған әріптестіктің жалғасы. Бұған дейін бұл жайлы хабарланбағанымен, CoreWeave басшылығы құжатта бұл келісімді «маңызды» деп атап, жариялауға лайық деп шешкен.

«Келісім CoreWeave-тің ЖИ енгізу үдерісіндегі ауқымын, маңызын және сенімділігін көрсетеді», — деді компания өкілі Barron’s-ке. CoreWeave келісімнің толық шарттарын 12 қарашада жарияланатын тоқсандық есеппен бірге ұсынуды жоспарлап отыр.

Бұл не білдіреді?

Barron’s басылымының жазуынша, бұл мәміле CoreWeave бизнес-моделіне қатысты Уолл-стритте туындаған күмәнді сейілтуі мүмкін. Компания 2025 жылы $20–23 млрд көлемінде капиталдық шығын жоспарлап отыр, бұл оның қарыз жүктемесін және қуаттарды толық жүктемеу қаупін арттырады. CoreWeave мұндай шығындардың қажеттілігін бірнеше рет атап көрсетіп, артық тәуекелге бармайтынын мәлімдеген. «Біз инфрақұрылымды адамдар келеді деген үмітпен салмаймыз», — деген болатын компанияның теңқұрушысы әрі даму жөніндегі директоры Браннин МакБи.

Barclays сарапшылары бұл келісім CoreWeave үшін кепілдік рөлін атқарады деп санайды. Себебі ол деректер орталықтарының жұмысын клиенттерге тәуелсіз қамтамасыз етеді және Nvidia-мен серіктестікті нығайтады. Мұндай жүйе ЖИ есептеу ресурстарына сұраныстың төмендеу қаупін азайтады, ал Nvidia-ның қосымша шығындары компанияны негізгі тұтынушылардан тыс нарықтарға да кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Бұл мәміле CoreWeave үшін оң нәтиже береді. Себебі инвесторлар компанияның Microsoft пен OpenAI-дан бөлек орталықтарды толтыра ала ма деген алаңдаушылық білдірген еді», — деді Barclays сарапшылары Reuters-ке.

Бұған дейін, наурызда, CoreWeave OpenAI-мен ChatGPT платформасына бұлтты ресурстар ұсыну бойынша $11,9 млрд көлеміндегі бес жылдық келісімге қол қойған. Сонымен қатар, OpenAI тағы $4 млрд-қа дейін төлеуге міндеттелген қосымша келісім де бар.

Акциялар жағдайы

15 қыркүйектегі сауда барысында CoreWeave акциялары бір сәтте 9%-ға дейін өсіп, $121,8 деңгейіне жетті. 2025 жылдың наурыз айының соңында болған IPO-дан бері компания нарықтық құнын 200%-дан астам арттырды.

MarketWatch деректеріне сәйкес, CoreWeave акцияларына рейтинг берген 25 сарапшының 15-і оларды портфельде ұстауға кеңес береді (Hold), сегізі сатып алуға шақырады (Buy және Overweight), ал қалған екеуі сатуға ұсынады (Underweight және Sell). Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы — $125,7, бұл акциялардың қазіргі бағасынан тағы 12% өсу әлеуеті бар екенін білдіреді.

Ал Nvidia акциялары сол күні 1,9%-ға дейін төмендеді, кейін құлдырау -0,5% деңгейінде тұрақтады. Инвесторлардың көңіл күйін Қытайдағы антимонополиялық тергеу нәтижелері нашарлатты. Алайда жылдың басымен салыстырғанда Nvidia акциялары 32%-ға өсті.

65 сарапшының 59-ысы Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $217,5, бұл компания құнының тағы 22%-ға өсуін білдіреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары