«Сұраныс қайнап тұр»: ЖИ айналасындағы ажиотаж CoreWeave-тың залалын еселеді

Жасанды интеллект инфрақұрылымы үшін жоғары бәсекелі нарықта америкалық CoreWeave қарқынды өсіп келеді, бірақ бұл жарыстың бағасы қаржылық есепте көріне бастады. OpenAI мен Microsoft үшін бұлттық есептеулер жеткізушісі компания тоқсандық табысының тез өскенін хабарлады. Алайда ондаған есеге күрт өскен залал мен ағымдағы тоқсанға берілген сақ болжам CoreWeave котировкаларын құлатты.
Егжей-тегжейлі
Сәуір-маусым айларында CoreWeave табысы $1,2 млрд-қа жетіп, жылдық мәнде үш еселеніп, LSEG консенсус-болжамы болған $1,08 млрд-тан асты. Бұл секіріс ЖИ саласындағы есептеу көлемдерінің жедел өсуін көрсетеді: әзірлеуші компаниялар барған сайын күрделі нейрожелілерді оқытып, енгізуге асығып жатыр. CoreWeave-тың орындалмаған келісімшарттар көлемі $25,9 млрд-тан $30,1 млрд-қа өсіп, 2025 жылдың басымен салыстырғанда екі есе артты.
«Сұраныс қайнап тұр», — деп AInvest Running Point Capital Advisors-тың бас инвестициялық директоры Майкл Эшли Шульманның бұлттық есептеулер жеткізушісін алға жетелеп отырған ажиотаж туралы сөзін келтіреді.
Дегенмен, табыс бойынша әсерлі нәтижелерді CoreWeave-тың шығындары тежеп тұр. Компания сұраныстан қалмау үшін деректер орталықтары мен инфрақұрылымға миллиардтаған доллар құюға мәжбүр, соның салдарынан шығындар ұшты. Түзетілген таза залалы 26 есе күрт өсіп, бір жыл бұрынғы $5 млн-ның орнына $130,8 млн-ға жетті және бұл нарық күткен $96,3 млн-нан 36% жоғары болды. Операциялық шығындар агрессивті капиталдық инвестициялардың салдарынан $317,7 млн-нан $1,2 млрд-қа дейін ұшты.
CoreWeave жылдық табыс болжамын бұрынғы $4,9–5,1 млрд-тан $5,15–5,35 млрд-қа көтерді, бұл оның тұрақты өсуге сенімділігін көрсетеді. Алайда ағымдағы тоқсандағы операциялық пайда бойынша мақсаты $160–190 млн болып, консенсустен ($192 млн) төмен қалып қойды. Пайданың мұндай ұстамды болжамы ЖИ инфрақұрылымын дамытудың қазіргі кезеңінің мәнін көрсетеді: қазір басымдық маржада емес, ал оны капиталдық шығындар жеп қойып отырған кеңеюде, деп жазады AInvest.
Акциялардың жай-күйі
Уолл-стрит CoreWeave-тың тоқсандық есебіне құлдыраумен жауап берді — есеп жарияланар алдындағы 6,4% акция өсуі оның шыққаннан кейін 10,35% төмендеумен ауысты. Сонымен қатар, инвесторлар жаңа толқуларға дайын болуы керек: 14 тамызда «құлыптау кезеңі» аяқталады, және CoreWeave-тың ерте инвесторлары маусым айының басындағы IPO-дан бері бағасы төрт есеге қымбаттаған акцияларын сатуға құқық алады, деп жазады MarketWatch.
FactSet дерегінше, бастапқыда Уолл-стриттің CoreWeave-қа деген жоғары ықыласы сақтықпен алмасты: қазір биржа сарапшылары орта есеппен оның акцияларын ұстауды ұсынады (консенсус-рейтинг Hold), ал үш ай бұрын оларды сатып алуға кеңес берген еді — консенсус-рейтинг «нарықтан жоғары» (Overweight) болған.








