Disney акциялары құлдырады: кино мен ТВ сәтсіздіктері инвесторларды алаңдатуда

Disney акциялары тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін 3%-ға төмендеді. Кино бөліміндегі шығындар мен дәстүрлі теледидардан түсетін табыстың азаюы тақырыптық саябақтар мен стриминг бағытындағы оң көрсеткіштерді көлеңкеде қалдырды. Табыстың артуы мен табыстың болжамнан жоғары шығуына, сондай-ақ цифрлық контент саласындағы амбициялық жоспарларға қарамастан, инвесторлар табысты тіркеп алуды жөн көрді. Сәуір айынан бері компания акциялары 44%-ға қымбаттаған болатын.
Егжей-тегжейлі
Disney акциялары 28 маусымда аяқталған қаржы жылының үшінші тоқсанына арналған есеп жарияланғаннан кейін 3%-ға арзандады. Bloomberg-тің жазуынша дәстүрлі тележелілер мен спорттық бағдарламалардан түскен кірістер Уолл-стриттің күткенін ақтамады — бұл тақырыптық саябақтар мен стримингтегі мықты нәтижелерді елеусіз қалдырды.
Дәстүрлі теледидардан түсетін пайда 28%-ға төмендеді, ал Disney киностудиясы $21 млн көлемінде шығын көрсетті. Агенттіктің жазуынша киносегменттегі табыстың кемуі көбінесе Pixar мен Marvel студияларының Elio және Thunderbolts фильмдерінің кассалық табыстарының төмен болуымен байланысты. Barron’s-тың дерегінше Disney-дің ойын-сауық сегментіндегі операциялық пайдасы 15%-ға төмендеп, $1,02 млрд-ты құрады — бұл шамамен Уолл-стриттің күткен деңгейіне сәйкес келген.
Сонымен қатар, тақырыптық саябақтар сегментінің пайдасы 13%-ға өсіп, $2,52 млрд-ты құрады, ал олардан түскен жалпы түсім 8%-ға артты. Стриминг бағыты тоқсанда $346 млн таза пайда әкелді.
Компанияның үшінші тоқсандағы жалпы кірісі 2,1%-ға өсіп, $23,7 млрд болды — бұл болжаммен сәйкес келеді. Bloomberg хабарлауынша, түзетілген табыс бір акцияға шаққанда $1,61 болды — бұл аналитиктердің орташа бағасы $1,46-дан жоғары.
Disney+ негізгі стриминг қызметінің жазылушыларының саны үшінші тоқсанда 128 млн-ды құрады — бұл да сарапшылардың күткеніне сай болды, деп жазады агенттік.
Компания жылдық табыс болжамын $5,75-тен $5,85-ке дейін көтерді. Тақырыптық саябақтардың операциялық табысы 8%-ға өседі деп күтілуде — бұл алдыңғы болжамның жоғарғы шегі. Стримингтен түсетін пайда болжамы да өсірілді — $1 млрд-тан $1,3 млрд-қа дейін.
Акциялардың жағдайы
Barron’s басылымы жазғандай, инвесторлар әлсіз тұстарды байқаған соң, акция өсімін пайдаланып, пайдасын тіркеуге кіріскен болуы мүмкін. Басылым атап өткендей, Disney акциялары он жылдық тоқыраудан кейін қайта оаңала бастадыю 8 сәуірден кейін нарықтар Дональд Трамп енгізген баж салығының салдарынан туындаған шоктан қалпына келе бастағаннан бері акциялар 44%-ға өсті. Салыстырмалы түрде алғанда осы кезеңде Netflix акциялары 32%-ға, ал S&P 500 индексі 26%-ға артты.
Апта басында Evercore ISI талдаушылары Disney акцияларына «сатып алу» ұсынысын (рейтингі — «нарықтан жоғары») беріп, мақсатты бағасын $134-тен $140-қа дейін көтерді. Бұл 18,6%-дық өсу әлеуетін білдіреді.
Компания акцияларын бақылайтын 32 сарапшының ішінде басым көпшілігі — 25-і оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). Қалғандары бейтарап позицияны ұстанып, Hold рейтингін беріп отыр.
Disney-ге не көмектесіп жатыр?
Bloomberg-тің мәліметінше Disney стриминг нарығында белсенді алға жылжуда. ESPN спорт франшизалары мен Hulu қызметі төңірегінде жаңа жобалар іске қосылуда. 21 тамызда ESPN жаңа стримингтік қызметті іске қосады — айына $30 тұратын бұл сервис спорт жанкүйерлеріне компанияның дәстүрлі телеарналарына және бірқатар интерактивтік функцияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Disney жаңа ESPN қызметіне Hulu мен Disney+ бірге ұсынылатын біріккен жазылым пакетін $36 айлық бағамен ұсынбақ.
Bloomberg-тің жазуынша Disney NFL (Ұлттық футбол лигасы) ұйымымен жаңа мәмілелер жасасып жатыр — оған сәйкес, лига өз медиа-активтерінің көп бөлігін ESPN-ге айырбас ретінде береді, ал Disney ESPN-нің 72%-ын иеленеді. Оның серіктесі — Hearst Communications Inc. — 18% үлесті сақтап қалады. Бұл мәміле реттеуші органдардың мақұлдауына тәуелді және 2026 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Disney алдағы айларда Disney+ пен Hulu стримингтік сервистерін біріккен қосымшаға біріктіруді жоспарлап отыр. Жаңа қосымша ортақ ұсыныс жүйесін қолданады және кеңейтілген контент каталогын ұсынады, мысалы, ABC жаңалықтарын қосқанда.
Disney-дің бас директоры Боб Айгер компанияның «стримингте елеулі алға жылжып жатқанын» және «шынымен де бірегей стриминг ұсынысын» қалыптастырып жатқанын айтты.
«Бизнесіміздің барлық бағыттарында амбициялық жоспарлармен біз Disney болашағын толық құрып болған жоқпыз — және болашақта бізді не күтіп тұрғанын асыға күтеміз», — деді ол.








