Disney есебін жариялайды: сарапшылар неге акция сатып алуға кеңес береді?

Әлемдегі ең ірі ойын-сауық және медиа компания – Walt Disney 6 тамызда тоқсандық қаржылық есебін жариялайды. Бұл есепке деген нарықтағы үміт артып келеді. Оның қарсаңында Morgan Stanley Disney акциялары бойынша мақсатты бағаны көтеріп, олардың 20%-ға өсетінін болжады. UBS пен Jefferies сарапшылары да оң көзқараста: соңғы бір жылда Disney акциялары 30%-ға қымбаттаса да, оларды сатып алуға кеңес беріп отыр. Стриминг табысының артуы, тақырыптық парктерге сұраныстың тұрақты болуы және алдағы премьералар компанияны алдағы тоқсандарда жаңа өсім кезеңіне шығара алады.
Егжей-тегжейі
4 тамызда Morgan Stanley Disney акцияларына қатысты болжамын жаңартып, мақсатты бағаны 120 доллардан 140 долларға көтерді және акцияны «сатып ал» деген ұсынысқа тең Overweight рейтингін растады, деп жазды CNBC. Сарапшы Бенджамин Свинберннің пікірінше, егер экономикалық жағдай тұрақты болса, Disney пандемияға дейінгі табыс деңгейін қалпына келтіріп, 2027 жылға қарай жаңа биіктерге жете алады.
«Цифрлық платформаларға бет бұру, пандемия салдары және кабельді теледидардан жаппай бас тарту кезеңінен кейін Disney өзінің кірісті бизнес негізіне қайта орала бастады. Бұған стримингтен түскен табыс пен тақырыптық парктерге келушілер санының артуы ықпал етті», — деді сарапшы.
4 тамыздағы премаркет кезінде Disney акциялары 1,2%-ға қымбаттады. Алайда 1 тамыздағы сессия қорытындысында олар 2,1%-ға төмендеген болатын.
Басқа сарапшылар не дейді?
Zack's сарапшыларының айтуынша, Disney акцияларының қазіргі динамикасы әлі де күшті. Соңғы бір жылда компанияның құнды қағаздары 30%-ға өскен. Бұл медиа-конгломераттар секторының орташа өсімі — 27%-дан жоғары. TradingView деректері бойынша, табыстың негізгі көзі — тақырыптық парктер, круиздік бағдарлама және Disney Vacation Club клубтық бағдарламасы. Соңғысы жеңілдікті шарттармен демалыс орындарын брондауға мүмкіндік береді.
Visible Alpha компаниясының есебіне сәйкес, сарапшылардың жетеуінің алтауы Disney акцияларын сатып алуға кеңес береді, біреуі — ұстап тұруды ұсынады. Investopedia хабарлауынша, орташа мақсатты баға шамамен 136 доллар. Visible Alpha-ның консенсус-болжамына сәйкес, Disney тоқсандық есепте 23,75 миллиард доллар көлемінде табыс және бір акцияға шаққанда 1,48 доллар түзетілген пайда туралы хабарлайды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
UBS сарапшылары шілде айында мақсатты бағаны 120 доллардан 138 долларға дейін көтерді. Олар ойын-сауық парктеріндегі сұраныстың тұрақтылығын және ESPN стримингтік сервисінің іске қосылуына дайындық аясында стриминг маржасының жақсарғанын атап өтті.
«2026 қаржы жылына деген көзқарасымыз әлі де оң. Бұған парктердегі тұрақты тренд, круиздік флоттың кеңеюі, мықты контент және direct-to-consumer сегментіндегі маржаның өсуі себеп. Сонымен қатар, Hulu сервисіне толық бақылау орнату да қосымша мүмкіндік береді», — делінген UBS шолуында. Банк сарапшылары Disney акцияларына «сатып алу» (Buy) рейтингін берген.
Jefferies сарапшылары қазіргі тоқсанды Disney-дің алдағы екі жылға арналған инвестициялық тартымдылығын қалыптастырудағы «басты кезең» деп бағалады. Олар «сатып алу» рейтингін және 144 доллар көлеміндегі мақсатты бағаны растады. Бұған алдағы кино және стриминг премьераларының мықты топтамасы, сондай-ақ жыл соңына дейін екі жаңа круиздік лайнердің іске қосылуы себеп болған.
Контекст
Алдыңғы тоқсанда Disney сарапшылардың болжамынан асып түсіп, Disney+ стримингтік сервисіне жазылушылар санының артқанын хабарлады. Сонымен бірге, компания БАӘ-нің Абу-Даби қаласында жаңа тақырыптық парк салу жоспарын жариялаған. Сол кезде Disney бір жылға арналған түзетілген пайда болжамын 5,75 долларға дейін көтерді. Бұл — 2024 жылғы көрсеткіштен 16%-ға жоғары, деп еске салады Investopedia.
Қазір компания 2025 қаржы жылының қорытындысы бойынша ойын-сауық сегментінде операциялық табыстың екі таңбалы өсімін күтеді. Жылдық табыс бойынша болжам — 3,7%-ға өсу. Алайда контент шығындарының өсуі Disney+ стримингтік қызметінің рентабельділігіне қысым түсіріп, ойын-сауық сегментіндегі жалпы шығындарды арттырып отыр, деп атап көрсетеді Zack's сарапшылары.








