Disney, Palantir және Novo Nordisk есептері: инвесторлар осы аптада нені ескерген жөн

Өткен апта соңында АҚШ акциялары рекордтық деңгейден кері шегінді. Бұған еңбек нарығына қатысты жаңа деректер себеп болды. АҚШ-тағы жұмыс орындары бұрын болжағандай тұрақты емес екені байқалды.Yahoo Finance жазуынша, алдағы аптада Уолл-стрит үшін макроэкономикалық күн тәртібі тыныш болады. Себебі маңызды статистикалық мәліметтер жоспарланбаған. Алайда The Wall Street Journal-дың пікірінше, инвесторлардың назары АҚШ-тағы қызмет көрсету саласы бойынша ISM іскерлік белсенділік индексіне ауады. Өндірістік секторға қатысты бұған дейін жарияланған деректер болжамнан төмен болды. Бұл, әлсіз жұмыс күші көрсеткіштерімен қатар, экономикалық өсімнің баяулауына қатысты алаңдаушылықты күшейтеді, деп жазады WSJ FP Markets сарапшысы Аарон Хиллге сілтеме жасап.Сонымен қатар, инвесторларды корпоративтік есептіліктің тағы бір қарқынды аптасы күтіп тұр. S&P 500 индексіне кіретін 122 компания қаржылық нәтижелерін жариялайды. Ең басты назарда – Disney, Palantir, сондай-ақ салмақ азайтуға арналған дәрі шығаратын екі ірі компания: даталық Novo Nordisk пен америкалық Eli Lilly есептері болмақ.Апта күндері бойынша негізгі оқиғалар:
Дүйсенбі, 4 тамыз: Әскери және азаматтық салаларға арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуші Palantir компаниясы тоқсандық есептерін ұсынады. Сонымен қатар, Hims & Hers, On Semiconductor, Tyson және Wayfair компаниялары да қаржылық нәтижелерін жариялайды.
Сейсенбі, 5 тамыз: АҚШ-тың Сатып алу менеджерлері институты (ISM) шілде айына арналған қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік индексін ұсынады.Еуроаймақта маусымдағы өндірушілер бағасы бойынша деректер жарияланады.Тоқсандық есеп беретіндер: AMD, BP, Caterpillar, Duke Energy, Lucid Group, Pfizer, Rivian Automotive, Super Micro Computer, Snap және Yum! Brands.
Сәрсенбі, 6 тамыз: Еуростат шілде айындағы бөлшек сауда статистикасын жариялайды.Тоқсандық есеп беретіндер: Airbnb, e.l.f. Beauty, Disney, McDonald’s, Novo Nordisk, Shopify, Six Flags және Uber.
Бейсенбі, 7 тамыз: АҚШ Федералдық резерві маусым айына арналған тұтынушылық несиелендіру көрсеткіштерін жариялайды. Еңбек министрлігі шілдедегі жұмыссыздық статистикасын ұсынады.Англия банкі пайыздық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. WSJ басылымының LSEG-ке сілтеме жасап хабарлауынша, сарапшылардың көбі мөлшерлемені 25 базистік пунктке төмендетіп, 4%-ға түседі деп болжайды.Қытайдың шілде айындағы сауда деректері экспорттың өсімін сақтап қалуға қатысты көрініс береді. Citi мәліметінше, өткен айда Қытай экспортының жылдық өсімі шамамен 8%-ды құрады.Сол күні келесі компаниялар да есептерін ұсынады: Block, ConocoPhillips, Eli Lilly, Occidental Petroleum, Sony, Pinterest, Take-Two Interactive, Toyota Motor және Vistra Energy.
Жұма, 8 тамыз: Тоқсандық есептерді Under Armour және Wendy’s компаниялары жариялайды.








