Доллар шілдеден бергі ең нашар аптаны өткеруде. Қысым қайдан туып отыр?

АҚШ доллары кейінгі төрт айдағы ең әлсіз аптаны өткізіп жатыр. Бұған себеп — АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені жақын арада төмендетуі мүмкін деген үміттің артуы. Желтоқсанда бұл саясат жұмсарады деген ықтималдық қазір 87%-ға жеткен. Өткен аптада бұл көрсеткіш 50%-дан аспаған. Сонымен қатар доллардың табыс жағынан артықшылығы азайып келеді. Және дедолларизация тақырыбы да күшейіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл факторлар доллардың әлсіреуіне жол ашып жатыр.
Егжей-тегжейі
Доллар 21 шілдеден бергі ең нашар апталық көрсеткішке жақындады. Рейтерстің жазуынша, ФРЖ саясатын жұмсарту туралы болжамдар көбейіп, ал нарықта өтімділік азайып тұр. Бұған АҚШ-тағы Алғыс айту күні мерекесі әсер еткен.
28 қараша күнгі саудада доллар индексі 0,1%-ға өсті. Бірақ бұл соңғы бес күндегі төмендеуден кейінгі өте әлсіз қалпына келу.
CME FedWatch дерегіне сүйенсек, трейдерлер желтоқсандағы мөлшерлеменің төмендеуі 87% болады деп болжап отыр. Бұрын бұл ықтималдық 50%-дан аспаған. Себебі, АҚШ үкіметінің уақытша жұмысын тоқтатуы статистиканың аз шығуына себеп болған. Ал соңғы жарияланған мәліметтер ФРЖ-нің жұмсаруы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
CNBC арнасына пікір білдірген Global X инвестициялық стратегия жетекшісі Скотт Хельфстайн былай деді: «АҚШ-тағы өндірушілер бағасы тұрақты қалды. Бөлшек сауда баяулап жатыр. Бұл жағдай желтоқсанда мөлшерлеменің төмендеу мүмкіндігін сақтап отыр».
Тағы не әсер етіп жатыр?
Standard Chartered сарапшылары доллардың әлсіреуіне бірнеше фактор қатар әсер етіп жатқанын айтты. ФРЖ бастаған жұмсарту саясаты доллардың табыстылығын азайтуда. Бұрын басқа елдер ставканы тезірек азайтса, қазір АҚШ та осы бағытқа қарай бет алды. Доллар әлі де біршама артықшылығы бар валюта саналады, бірақ бұл айырмашылық азайып келеді. Сондай-ақ бұл процесс жалғаса береді деген болжам бар.
Сонымен бірге, дедолларизация туралы пікірталастар да күшейіп отыр. Бұл — доллардан бірден бас тарту емес, бірақ мемлекеттік және ірі ұйымдардың инвестициялық қоржынын қайта қарау процесі. Доллардың басым рөлі сақталып отыр, бірақ капитал ағынының бір бөлігі АҚШ-тан тыс активтерге ауыса бастаса, ол да қысым тудырады. Әсіресе, қазіргі кезде кейбір нарықтар дәстүрлі бағалау көрсеткіштері бойынша тартымды көрінеді.
Barron’s сілтеме жасаған OMFIF орталығының есебінде доллар жаһандық резервтердің негізі болып қала береді делінген. Бірақ АҚШ саясатына сенім әлсіреген. Бұл — басқа активтерге біртіндеп және жоспарлы түрде қайта бағыттау жүріп жатқанын көрсетеді. Бұл үдерістің негізгі пайда алушылары — алтын, еуро және юань.
Standard Chartered-тің айтуынша, доллар қазіргі кезде сатып алу қабілетінің паритеті мен нақты тиімді айырбас бағамы сияқты көрсеткіштерге қарағанда, тым жоғары бағаланып отыр. Бұл жоғары баға баяу түзелуде, бірақ қазіргі жағдайда доллар нарығы кез келген жұмсақ мәліметке немесе мөлшерлеме болжамының өзгеруіне өте сезімтал болып тұр.
Жалпы алғанда, бұл факторлар доллардың бұдан әрі де әлсіреуіне негіз қалайды. Қысқа мерзімді қалпына келулер болуы мүмкін, бірақ жалпы бағыт — әлсіреу.








