Enron күйреуін болжаған инвестор бұлттық сервистердің дефолт қаупі туралы ескертті

Enron компаниясының күйреуін дөп болжаған инвестор Джим Чанос жасанды интеллект нарығында байқалып жатқан алаңдатарлық белгілер туралы ескертті. Оның айтуынша, ЖИ жұмысын қамтамасыз ету үшін серверді жалға беретін бұлттық сервистер Nvidia чиптерін кепілге қойып несие алып жатыр, бірақ олардың басым бөлігінде тұрақты бизнес-модель де, табыстылыққа шығудың түсінікті жолы да жоқ. Бұл қарызды қайтаруды өте қиын әрі күмәнді етеді.
Егжей-тегжейлі
«Нео-бұлттық провайдерлердің, сондай-ақ көптеген ЖИ-компаниялардың бизнес-модельдері әзірге жай ғана залалды, — деді Джим Чанос Yahoo Finance-ке берген сұхбатында. — бұл жағдай өзгереді деп тек үміттенуге болады. Әйтпесе бұл қарыздар бойынша дефолттар басталады».
Инвесторды алаңдататын негізгі мәселенің бірі — ЖИ-процессорлардың жұмыс мерзімі. Yahoo Finance жазғандай, CoreWeave секілді көптеген бұлттық компаниялар чиптері алты жыл табыс әкеледі деп есептейді, ал Amazon қаңтар айында бұл мерзімді өз ЖИ-чиптері үшін бес жылға дейін қысқартты. Чаностың пікірінше, бұл мерзім одан да қысқа болуы мүмкін, өйткені Nvidia ЖИ-чиптер желісін шамамен әр 18 ай сайын жаңартады. Бұл жабдықтың технологиялық және моральдық жағынан тез ескіруіне әкеледі. Соның салдарынан компаниялар ескі чиптерден қарыздарын өтеуге жететін табыс табудан қиналуы мүмкін, ал ЖИ-чиптердің құны олардың кепілге қойылған несие көлемінен де төмендеп кетуі ықтимал. Бұл дефолт қаупін күшейтеді.
«Тіпті жабдықтың қызмет ету мерзімі сегіз-он жыл болса да, бұл нео-бұлттық компаниялар әлі де залалды, — деді Чанос. — CoreWeave пен Nebius сияқты дата-орталықтардың бизнес-модельдерін қарап, онда рентабельдік жоқ екенін көреміз. Капитал құны әлі де ЖИ-инфрақұрылымындағы мәмілелердің кірістілігінен жоғары».
Инвестордың айтуынша, егер кепілге қойылған чиптердің нақты экономикалық қызмет мерзімі үш жылмен шектелетін болса, «бүкіл схеманың экономикасы бірден құлайды».
Қараша айында «The Big Short» фильмінің басты кейіпкерінің прототипі ретінде танымал Майкл Бьюрри де ЖИ-чиптердің жаңа модельдер шыққан сайын тез моральдық тұрғыда ескіріп, өзін ақтап үлгермейтінін айтқан еді. Ал Nvidia өз тарапынан чиптері алты жылдан да ұзақ пайдалануға жарайтынын мәлімдейді.
Қандай компаниялар туралы айтып отырмыз?
Чанос сөз еткен қаржыландыру моделі залалды компанияның әдетте қол жеткізе алмайтын несиені өз активтерін кепілге қойып алуын білдіреді, деп жазды Yahoo Finance. Мұндай схемаға алғашқылардың бірі болып Nvidia қолдайтын CoreWeave жүгінген, деп қосты басылым.
Neо-бұлттық провайдерлер Amazon, Microsoft, Google сияқты алпауыттардан бірнеше есе кіші болғандықтан, ЖИ-чиптерді кепілге қою арқылы қаржылану олар үшін тез масштабталудың бір жолына айналды, деп түсіндірді Yahoo Finance. Ал Nvidia ең ірі клиенттерге тым тәуелді болмау үшін клиенттік базасын диверсификациялауға тырысып, осындай ойыншыларға белсенді түрде инвестиция салып отыр.
The Information жазда жазғандай, төрт компания Nvidia графикалық процессорларын кепілге қойып, жалпы сомасы $20 млрд-тан асатын қарыз жинаған. Nvidia олардың үшеуіне инвестиция салған. CoreWeave және оның бәсекелесі Fluidstack ЖИ-чиптерді кепілге қойып, шамамен $10 млрд көлемінде несие алған. Ал Nvidia портфеліне кіретін Lambda мен Crusoe-дың қарыз міндеттемелері сәйкесінше $500 млн және $425 млн болған.
Yahoo Finance мәліметінше, CoreWeave 2024 жылы шамамен $65 млн залал тіркеді, 2025 жылдың үш тоқсанында бұл көрсеткіш $715 млн-ға дейін ұлғайған. Fluidstack-тың 2024 жылғы залал $0,7 млн болса, Lambda мен Crusoe қаржылық есептілігін жарияламайды.








