Еуропа цифрлық еуроны неге жеделдетіп жатыр? АҚШ стейблкоиндарынан неге қауіптенуде

ЕО шенеуніктері АҚШ-та GENIUS Act атты жаңа стейблкоиндар туралы заң қабылданған соң, цифрлық еуро жобасын жылдамдатуға кірісті, деп жазады FT. Бұған дейін жабық жүйе қарастырылса, қазір Ethereum немесе Solana сияқты жариялы блокчейндерге көшу мәселесі талқыланып жатыр.
Бір дереккөздің айтуынша Вашингтондағы заңның тез мақұлдануы «көпшілікті алаңдатқан» және жобаны жеделдетуге итермелеген: «Олар: «Бұны тезірек ілгерілетейік» дейді».
Еуропа неге алаңдаулы?
Еуропалық орталық банк бірнеше жылдан бері цифрлық еуро жасау мәселесін зерттеп келеді. Оның артықшылықтары: бүкіл еуроаймақта тегін қолжетімді төлем құралы болу, қолма-қол ақшаның азаюы жағдайында халыққа сенімді альтернатива ұсыну, еуроның жаһандық аренадағы орнын күшейту.
Алайда ЕО шенеуніктері АҚШ заңы долларлық токендердің қолданысын жеделдетеді деп қауіптенеді. Бұл еуроның позициясына қауіп төндіруі мүмкін.
Біррыңғай орталық банкінің атқарушы кеңесі мүшесі Пьеро Чиполлоне сәуір айында: доллармен қамтылған стейблкоиндарды АҚШ-тың қолдауы Еуропаның қаржылық тұрақтылығы мен стратегиялық тәуелсіздігіне қауіп төндіреді, – деді. Оның айтуынша бұл капиталдың АҚШ-қа ағылуына және трансшекаралық төлемдерде доллардың одан әрі күшеюіне әкелуі ықтимал.
Әлемдік тәжірибе
Цифрлық орталық банк валютасы – бұл мемлекеттік ақшаның электронды нұсқасы.
• Қытай бұл бағытта ең алдыңғы қатарда: 2020 жылдан бастап пилоттық жобаларын іске қосып, қазір ондаған қалада кеңейткен. Бүгінде цифрлық юаньмен дүкенде, мейрамханада, таксиде, қоғамдық көлікте және онлайн қызметтерде төлеуге болады. Қытай енді юаньмен қамтылған стейблкоиндарға рұқсат беруді де қарастыруда. Бұл – криптовалюталарға қатысты қатаң тыйымнан айтарлықтай өзгеріс.
• Ұлыбритания цифрлық фунт мәселесін зерттеп жатыр.
Еуропада қазірдің өзінде еуроға байланған бірнеше стейблкоиндар бар. Ірісі – Circle компаниясының токені, оның нарықтық капиталы $225 млн. Бірақ ЕЦБ-нің өз токен шығару қадамы аймақтың цифрлық активтерді дамытуға байыпты қарайтынын білдіреді.
Чиполлоне сәуірде: «Еуропа шетелдік төлем шешімдеріне шамадан тыс тәуелді бола алмайды», – деді.
Бұл қандай форматта болады?
Егер цифрлық еуро жариялы блокчейнде жұмыс істесе, оны бүкіл әлемде еркін айырбастауға болады, бұл валютаның өтімділігі мен қолданысын арттырады. Бірақ мұнда қауіп те жоқ емес. Ашық блокчейндер барлық транзакцияларды жария етеді, бұл құпиялылықты төмендетуі мүмкін.
Басқа дереккөздің айтуынша күтілетін жеке форматтағы цифрлық еуро Қытай Халық банкінің шешіміне көбірек ұқсайды, ал АҚШ-тағы жеке компаниялардың токендерінен өзгеше болады.
ЕЦБ FT-ге берген пікірінде цифрлық еуроға қатысты әртүрлі технологиялар – орталықтандырылған да, әртараптандырылған да, соның ішінде блокчейн негізіндегі жүйелер қарастырылып жатқанын, ал түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді.








