Ferrari-ге ұқсайтын жаңа Xiaomi электромобилі Tesla-ның Қытайдағы үлесін қысқартпақ

Қытайлық Xiaomi бренді ұсынған жаңа электромобиль Tesla Model Y кроссоверінің Қытайдағы нарық үлесін едәуір тартып алуы мүмкін, деп санайды Citi сарапшылары. Xiaomi өткен аптада YU7 көлігін таныстырды: техникалық сипаттамалары Model Y-ға жақын, бірақ аккумуляторы қуаттырақ. Morgan Stanley оны «Ferrari немесе Aston Martin стилін Volkswagen бағасымен біріктірген» деп атады. Банк пікірінше нарық Tesla-ның автокөлік бизнесінен тым жоғары нәтиже күтуде, ал Қытай «электромобильдер нарығындағы шайқаста, бәлкім, әлдеқашан жеңіске жетті».
Егжей-тегжейлі
«YU7 Tesla Model Y-дың Қытайдағы нарық үлесін айтарлықтай қысқартады деп күтеміз», — деп келтіреді Barron’s Citi сарапшысы Джефф Чангың жазбасын. Оның бағалауынша өндіріс толық қуатқа шыққанда YU7-ның жылдық сатылымы «оның озық технологиялық сипаттамалары мен баға/сапа арақатынасына сүйене отырып» 300–360 мың бірлікке жетуі ықтимал. Tesla Қытайда модельдер бойынша жеке сатылым деректерін жарияламайды. 2024 жылы Илон Маск компаниясы елде 660 мың электромобиль сатты — бұл оның жаһандық сатылымының үштен бірі шамасында.
Morgan Stanley-дің Адам Джонас пен Энди Мэнг бастаған сарапшылары Xiaomi көлігінің таныстырылымынан бұрын-ақ YU7 Tesla-ға жаңа сын болатынын ескерткен. «Нарық Tesla-ның жақын мерзімдегі автокөлік бизнесіне қатысты күтілімдерін тым жоғары қояды және Қытайдағы өндіріс қуатының өсімі мен бәсекенің әлемдік нарықтарға ықпалын толық есепке алмайды. Мұны түсіну Tesla-ның автономды жүргізуге неге көңіл бөлетінін көрсетеді», — деді олар.
Банк YU7 Xiaomi-дің алғашқы электромобилі SU7 сияқты табысты болады деп болжайды: былтыр ол 120 мың алдын ала тапсырысты бір жарым күнде жинады. «YU7 — қытайлық технологиялық компаниялардың электр көліктерінің сипаттамалары мен құнын жаңа деңгейге шығарып жатқанын көрсететін тағы бір белгі. Мүмкін, Қытай электромобиль нарығындағы шайқаста жеңіске жеткен де болар», — делінген Morgan Stanley жазбасында.
Xiaomi әзірге электромобильдерін Қытайдан тыс ресми сатпайды, бірақ наурызда компания 2027 жылға қарай сыртқы нарықтарға шығуды жоспарлап отырғанын айтты. Morgan Stanley аналитиктері қытайлық брендтер тарапынан бәсеке Tesla-ның шетелдегі сатылымына әсер ететінін ескертті.
YU7 мен Tesla Model Y салыстыруы
Electrek порталының жазуынша техникалық жағынан Xiaomi YU7 мен Tesla Model Y өте ұқсас. Негізгі айырмашылық — аккумуляторда. Xiaomi YU7-ны сыйымдылығы үлкен батареямен жабдықтап, жүріс қашықтығын арттырды: таныстырылым кезінде компания Model Y-мен салыстырғанда өз көлігінің бір зарядпен 835 км жүретінін, ал Tesla-ның 719 км-мен шектелетінін айтты (Reuters). Tesla қуат тиімділігі бойынша алда болғанымен, көпшілік үшін бастысы — бір зарядпен жүретін шақырымы, деп жазады Electrek.
Екінші айырмашылық — дизайн. Жаңартудан кейін Model Y-дың сыртқы келбеті басқа қытайлық электромобильдерге ұқсап, желідегі реакция оның экстерьері ескілеу, қызықсыз және Xiaomi YU7 сияқты «премиум» емес екенін көрсетті, дейді портал. YU7 дизайнында Ferrari Purosangue-ге айқын сілтемелер бар, бұл оны қымбат батыс үлгілеріне ұқсатады, деп атап өтті Inside EVs. Morgan Stanley саапшылары жаңа электромобильдің «әсерлі» дизайны Ferrari не Aston Martin көрінісін Volkswagen бағасымен ұштастырады деп бағалады.
YU7-ның бағасы әзір белгісіз. Xiaomi оны шілдедегі сатылым басталғанда жарияламақ. Citi «Tesla-ны өлтіруші көлік» 35–45 мың доллар тұрады деп болжайды (жабдықталуына қарай). Қытайда Tesla Model Y шамамен 37–44 мың доллар аралығында сатылады.
«Model Y-дың бастапқы бағасы Қытайда 263 500 юаньнан (36 574 $) басталады, ал бұл конфигурациялар (YU7) көлікті 60–70 мың юаньға қымбаттатады. Бірақ баға жайлы шілдеде айтамыз», — деді презентацияда Xiaomi бас директоры Лэй Цзюнь (Reuters).
Контекст
Model Y әлемдегі ең танымал электромобиль болып қала береді, алайда 2024 жылы BYD жаһандық сатылымда Tesla-ны қуып жетті (1,79 млн-ға қарсы 1,76 млн). 2025 жылғы сәуірде BYD Еуропада да сатылым бойынша Tesla-ны алғаш рет басып озды.
Tesla нарықтық капитализациясы бойынша басты бәсекелесінен жеті есе қымбат: инвесторлар компания автономды көлік, робототехника және жасанды интеллект салаларында көшбасшы болады деп сенеді. 23 мамырда Wedbush сарапшысы Дэн Айвз Tesla акциялары бағасының мақсатты деңгейін 350-ден 500 долларға көтерді — бұл бір жылда шамамен 47 % өсім әлеуетін білдіреді және Уолл-стриттегі ең жоғары таргет. Айвз Tesla-ны «автономды технологиялардың алтын ғасырының» табалдырығында деп атап, оның акцияларын алдағы онжылдықта ИИ-ге «ең таза ставкалардың» бірі деп сипаттады.
20 мамырда Илон Маск Tesla шілдеде Техас штатының Остин қаласында шамамен он роботаксиден тұратын шағын автопаркті іске қосуды жоспарлап отырғанын растады. Маск 2016 жылдан бері толық автономды көлік уәдесін беріп келеді, бірақ әзірге компанияда мұндай авто жоқ: қазіргі жүйе жүргізушінің тұрақты бақылауын талап етеді.
Уолл-стриттің кеңесі
FactSet деректері бойынша Tesla акцияларының консенсус-рейтингi — бейтарап (Hold). 56 асарапшының 29-ы Buy және Overweight рейтингтерін беріп, сатып алуға кеңес береді; 15-і ұстауды (Hold), 12-сі сатуды (Sell/Underweight) ұсынады. Xiaomi акцияларына консенсус-рейтинг — Buy.








