БастыЖаңалықтар
Бөлісу

GameStop-қа соққы: Бейнеойын дүкендері желісінің акциялары құлдырап жатыр

Евгения Маляренко

Евгения Маляренко

Редактор Oninvest
Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

GameStop-қа соққы: Бейнеойын дүкендері желісінің акциялары құлдырап жатыр

GameStop видеойын дүкендері желісі 2025 жылдың үшінші тоқсанына арналған есепті жариялады. Компания табысы сарапшылар күткен деңгейге жетпеді. Соның салдарынан 10 желтоқсан күнгі сауда басында акциялар 6 пайыздан аса арзандады.

Егжей-тегжейі

GameStop — бұрын физикалық ойындар нарығында көшбасшы болған және 2021 жылы “мем-акцияларға” байланысты шуға түскен компания. Қазір өз бағытын қайта қарауға тырысып жатыр. Себебі геймерлер барған сайын ойындарды онлайн сатып алуды және жазылым сервистерін таңдауда. Олар дүкендерге баруды сиретті, деп жазады Reuters.

Соңғы айларда GameStop электрондық коммерция платформасын кеңейтті. Ол цифрлық өнімдер мен жүктеулерді ұсынды, сондай-ақ ойындардың эксклюзивті нұсқаларын және коллекциялық тауарларды сату үшін баспагерлермен серіктестік орнатты. Бірақ бұл әрекеттер әзірге нәтиже бермеді.

— Компанияның үшінші тоқсандағы табысы 821 миллион доллар болды. Бұл сарапшылар болжаған 987,3 миллион доллардан аз.

— Тоқсандық таза пайда 77,1 миллион долларға дейін өсті. Бұл акцияға шаққанда 0,13 доллар. Былтыр бұл көрсеткіш 17 миллион доллардан сәл асқан еді (0,04 доллар акцияға). Бір реттік факторларды алып тастасақ, таза пайда акцияға шаққанда 0,24 доллар.

— Құрылғылар мен аксессуарлар секторы бойынша сатылым 12 пайызға азайып, 367,4 миллион доллар болды. Бағдарламалық жасақтама секторы бойынша табыс 27 пайызға түсіп, 197,5 миллион долларға жетті.

— Коллекциялық тауарлар секторы бойынша сату 50 пайызға өсіп, 256,1 миллион доллар болды. Бұл компания табысының үштен біріне жуығын береді. Былтыр бұл үлес 20 пайыз ғана еді, деп жазады The Wall Street Journal.

Нарықтағы пікірлер

Stocktwits дерегінше, биыл GameStop «мем-раллиге» белсене қатысқан жоқ. Инвесторлар Opendoor Technologies, GoPro, Kohl’s секілді басқа компанияларға көбірек назар аударды. Кейбір инвесторлар GameStop-тан жаңа өсу стратегиясын не бизнес бағытын өзгертуді күткен. Әсіресе компания балансында қомақты ақша болғанын ескерсек. Бірақ бұл жүзеге аспады, дейді StockTwits.

StockStory сарапшыларының айтуынша, соңғы үш жылда GameStop өнімдеріне сұраныс әлсіз болды. Орташа есеппен жыл сайын сатылым 13,8 пайызға төмендеді. Алайда олар келесі 12 айда сатылым 14 пайызға өседі деп болжайды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу. Үміт жаңа өнімдерге артылған.

Контекст

Reuters атап өткендей, GameStop-тың қиындықтары бүкіл саладағы үлкен өзгерістерді көрсетеді. Microsoft пен Sony сияқты ірі баспагерлер жазылым мен бұлтты ойын сервистерін дамытып жатыр. Бұл пайдаланушылардың физикалық дисктерге тәуелділігін азайтады. Сонымен қатар Amazon секілді ірі онлайн дүкендер геймерлер үшін басты таңдау бола бастады. Бұл GameStop-тың нарықтағы орнын әлсіретуде.

GameStop бизнесін қолдау үшін 2025 жылдың мамырынан бастап криптовалютаға инвестиция сала бастады. Компания екінші тоқсан соңында 528,6 миллион долларлық биткоин иеленсе, үшінші тоқсан соңында бұл көрсеткіш 519,4 миллион долларға дейін түскен. Биткоин бағасының қарашадағы құлдырауы GameStop нәтижесіне де әсер етті, деп жазады Barrons. Бірақ олар биткоин — бұл оқиғаның тек бір бөлігі дейді.

Аптаның басында биткоин бағасы 90 000 доллардан төмен түсіп, қазан айындағы шегінен 30 пайызға құлдырады. 9 желтоқсанда Standard Chartered банкі сарапшысы Джефф Кендрик биткоин бойынша болжамын өзгертті. Ол әлі де биткоин 500 000 долларға жетеді деп есептейді, бірақ бұл 2030 жылы болады дейді. Бұрын ол 2028 жыл деп болжаған. Сонымен қатар Кендрик 2025 жылдың соңына дейін биткоин 200 000 долларға жетпейтінін мойындады. Бұл болжамды ол бір жылдан аса ұстанған.

Қазір Кендрик биткоин осы жылдың соңына дейін 100 000 долларға жетеді деп күтеді. Оның пікірінше, криптовалюта нарығындағы белсенді сатып алу кезеңі аяқталған. Енді биткоин бағасының өсуі тек биржалық қорлар (ETF) арқылы болуы мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары