БастыReview
Бөлісу

Гарри Поттер, CNN және Парсы шығанағының ақшасы: Warner Bros. үшін күресте кім жеңеді

Роман  Могучий

Роман Могучий

Гарри Поттер, CNN және Парсы шығанағының ақшасы: Warner Bros. үшін күресте кім жеңеді

Желтоқсан айында Голливудтағы ең көне киностудиялардың бірі — Warner Bros. Discovery үшін күрес басталды. 5 желтоқсанда Netflix компанияның бизнесінің бір бөлігін $83 млрд-қа сатып алуды ұсынды. Ал үш күннен кейін Oracle мұрагерінің компаниясы Paramount Skydance бүкіл Warner Bros. Discovery-ді $108 млрд-қа бағалап, өз ұсынысын жасады. Формалды түрде әңгіме баға туралы болып көрінгенімен, шын мәнінде мәселе — қай медиа-модель өміршең екенінде.

Неге Warner Bros. сатылымға шықты?

Warner Bros. бизнесінің тарихы 100 жылдан асады. 1923 жылы Ресей империясынан қоныс аударған (қазіргі Польша аумағынан) төрт эмигрант негізін қалаған студия бүгінде әлемдегі ең танымал стриминг сервистердің бірі — HBO Max-қа, әлемдегі ең ірі комикс баспаларының бірі — DC Comics-ке, ең ірі жаңалық арнасы — CNN-ге, сондай-ақ отбасылық және спорттық телеарналарды қоса алғанда кең тележеліге ие. Бұған қоса, компания «Тақтар ойыны», «Гарри Поттер», «Бэтмен» секілді әйгілі киноғаламдардың зияткерлік құқықтарын иеленеді — олардың толық тізімі жеке бір кітапқа татырлық.

2025 жылдың үшінші тоқсанына қарай Warner Bros. бар болғаны 11 фильм шығарып, әлемдік прокатта $4 млрд-тан астам табыс жинаған алғашқы студия болды. Салыстыру үшін, алты жыл бұрын осындай нәтижеге жету үшін компания 20 фильм прокатқа шығарған еді. Алайда бұл жетістік тұрақты әрі тиімді бизнес-модельге толық айнала алған жоқ.

Негізгі екі проблема бар — бизнес құрылымы мен қарыз. Warner Bros. Discovery 2022 жылы AT&T құрамынан WarnerMedia бөлініп шығып, Discovery-мен бірігуі нәтижесінде пайда болды. Бұл мәміле $43 млрд-қа бағаланған. Сол кезде Discovery басшысы Дэвид Заслав ұзақмерзімді мақсат ретінде бүкіл әлем бойынша стриминг сервистерінде 400 млн жазылушыға жетуді атаған. Алайда үш жылдан кейін компания бар болғаны 128 млн жазылушы туралы есеп беріп отыр. Жазда S&P рейтинг агенттігі Warner Bros. Discovery-дің кредиттік рейтингін «қоқыс» деңгейіне — BB+ дейін төмендетіп, сызықтық теледидардың құлдырауы мен құрылымдық мәселелерді атап өтті. Стриминг пен студиялық өндірістің өсуі бұл құлдыраудың орнын толтыра алмай отыр.

Жағдайды қарыз жүктемесінің ауырлығы ушықтырып отыр. Біріккен компания жұмысын $50 млрд-тан астам таза қарызбен бастап, кейінгі жылдары ақша ағынының едәуір бөлігін осы қарызды өтеуге жұмсауға мәжбүр болды.

«Цифр» мен үлкен ақша арасындағы тартыс

Маусым айында Warner Bros. Discovery компанияны екіге бөлуге дайындалып жатқанын жариялады. Студиялық активтер — Warner Bros. Television және Motion Picture Group, DC Studios, HBO және HBO Max, сондай-ақ ойын, туризм және бөлшек сауда бағыттары — телебизнестен бөлінуі тиіс еді. Телеблокқа CNN, АҚШ-тағы TNT Sports, Discovery, Еуропадағы ірі эфирлік арналар, Discovery+, Bleacher Report және болашақ CNN стримингі кірмек болды.

Қарыздың негізгі бөлігі ең табысты болып отырған телебизнеске қалдырылып, студиялық бағыт қарыздан «тазартылуы» керек еді.

Қазан айының соңында Warner Bros. Discovery директорлар кеңесі бизнесінің бір бөлігін немесе бүкіл компанияны сату мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Қарашаға қарай негізгі екі үміткер қалды: телебизнессіз студиялық бөлікті алғысы келетін Netflix және бүкіл компанияны толық сатып алуға ниетті Paramount Skydance.

Миссия орындала ма?

Егер Paramount-пен бірігу жүзеге асса, жаңа құрылым Netflix пен Disney-ге бәсекелес бола алатын ірі медиагигантқа айналуы мүмкін.

Paramount Skydance портфелінде «Оңтүстік парк», «Губка Боб», «Жұлдызды жол», «Айғай», «Тасбақа-ниндзялар», «Миссия мүмкін емес», сондай-ақ MTV мен CBS жобалары бар. Бірігу нәтижесінде NBA, NFL, NCAA, MLB және Олимпиада ойындары секілді ірі спорттық құқықтар бір компанияның қолына шоғырланады. Сонымен қатар екі алып студияның кең медиакітапханасы, өндірістік мүмкіндіктері мен кинотеатр желісі жетекші режиссерлерді тартуға жол ашар еді.

Алайда Bloomberg Intelligence-тің аға кредиттік аналитигі Стивен Флинннің бағалауынша бірігу нәтижесінде жалпы қарыз $100 млрд-тан асып кетуі мүмкін. Қарыз — үлкен мәселе екенін Freedom Finance Global аналитигі Сакен Исмаилов та растайды.

«Орасан зор қарыз жүктемесі бұл активтердің толық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермеуі мүмкін», — дейді ол.

Paramount иесі Дэвид Эллисон, «Миссия мүмкін емес: Бөгде тайпа» секілді ондаған фильмнің продюсері, бірігу компанияны жаңа деңгейге шығарады деп сенеді. Алайда ол қателік жіберді: Bloomberg-тің жазуынша мәміле жүзеге аспай қала ма деп қауіптенген ол Warner Bros.-қа қайта қаралған ұсыныс емес, сотқа жүгінеміз деген ескерту жолдаған. Осыдан кейін Warner Bros. Netflix-пен мәміле жасалатынын хабарлады. Кейін Эллисон ұсыныс бағасын көтергенімен, WBD қаржылық кепілдіктерді жеткіліксіз деп тапты. 22 желтоқсанда Дэвид Эллисонның әкесі, Oracle басшысы Ларри Эллисон мәміленің $40,4 млрд көлеміндегі бөлігін жеке өзі кепілдендіретінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ отбасылық трастты мәміле мерзімі ішінде өзгертпеуге келісті.

Netflix: контентке ставка

Netflix үшін Warner Bros. Discovery — ең алдымен сапалы зияткерлік меншік көзі. Netflix платформасын WBD студиялары және HBO/Max-пен біріктіру стриминг нарығындағы ең үлкен контент кітапханасын қалыптастырады.

Мәміле жасалса, Netflix «Гарри Поттер», DC комикстері, «Тақтар ойыны» сынды франшизаларға, HBO сериалдарына және Warner Bros.-тың классикалық фильмдер қорына ие болады. Сакен Исмаиловтың айтуынша бұл Netflix-ке премиум контентте үлкен серпіліс беріп, сыртқы студияларға тәуелділікті азайтады әрі франшизаларды ұзақ жылдар бойы дамытуға мүмкіндік береді. Бірақ тәуекел де бар — аудиториялардың қатты қабаттасуы салдарынан біріккен сервис кірісінің бір бөлігі жоғалуы мүмкін.

«Жазылушылар саны айтарлықтай өспеуі мүмкін, өйткені HBO Max көрермендерінің көбі қазірдің өзінде Netflix-ке жазылған. Disney, Amazon және басқа ойыншылар да өз франшизаларын сақтап қалады, ал пайдаланушылар бірнеше сервисті қатар қолдана береді», — дейді Исмаилов.

Bloomberg шолушысы Лукас Шоудың жазуынша Warner Bros. пен Netflix өздерін мәміле әлдеқашан жасалғандай ұстай бастады. 17 желтоқсанда WBD басшысы Заслав Netflix жетекшілері Сарандос пен Питерспен студия аумағында кездесіп, болашақ серіктестер ауқымды қысқартулар болмайтынын айтқан.

Трамп факторы

Екі нұсқа да саясат пен реттеушілерге тіреледі. Warner Bros. Discovery мен Netflix-тің бірігуі антимонополиялық органдар тарапынан тоқтатылуы мүмкін, себебі Netflix пен HBO Max-тың бірігуі нарықтағы шамадан тыс шоғырлану ретінде бағалануы ықтимал. Netflix келісім бұзылған жағдайда Warner Bros.-қа $5,8 млрд өтемақы төлеуге міндеттенген.

Ал Paramount Skydance ұсынысы саяси сұрақтар туғызуда. Мәмілені қаржыландырудың елеулі бөлігі Парсы шығанағы елдерінің суверенді қорларынан келмек — олар шамамен $24 млрд инвестиция салуға келіскен. Бұл деректер АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына тапсырылған құжаттарда көрсетілген.

Сенатор Элизабет Уоррен бұл мәмілені «аса күрделі антимонополиялық өрт» деп атады. Сонымен қатар Paramount Skydance оппозициялық CNN арнасын бақылауына алуы мүмкін, ал компания иесі Ларри Эллисон — Трамптың жақтастарының бірі.

Нарық бәрін өзі шешеді

Кинокритик Антон Долиннің пікірінше жағдайды ақыр соңында нарық анықтайды: «Қазір киноиндустрия да, Голливуд та менеджерлердің еркінен әлдеқайда кең, терең өзгерістер дәуірін бастан кешіп жатыр. Қате шешім қабылдаған басшыларды директорлар кеңесі тез ауыстырады. Мұнда бәрін бизнес пен нарық шешеді», — дейді ол.

Warner Bros.-тың ақыры кімге бұйыратыны әзірге белгісіз. Алайда Bloomberg жүргізген сауалнамаға қатысқан Голливуд индустриясының 700 өкілінің 52%-ы жеңіс Netflix жағында болады деп есептейді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары