Гарвардқа қысым, доллар перспективасы және АҚШ экономикасының өсуі

Қаржы нарықтарында бірнеше аптаға созылған салыстырмалы тыныштық Дональд Трамптың 2 сәуірдегі «Бостандық күні» кезінде енгізген тарифтік хаостан кейін орнаған еді. Бірақ АҚШ президенті көзге көрінетін нәтижелерді күте алмай, сабырсыздық таныта бастады. Ресей мен Украина арасында жедел келісімге келу мүмкін еместігін түсінген соң, ол бұл бағыттағы күш-жігерден бас тартуға шақ қалды. Енді Трамп назарын анағұрлым «оңай нысандарға» аударды — Еуропалық одаққа 50%-дық баж салығымен қоқан-лоқы жасап, Гарвард университетіне де қысым көрсете бастады. Бұл әрекеттердің салдары қандай болуы мүмкін екенін Project Syndicate басылымындағы колонкасында Goldman Sachs Asset Management компаниясының бұрынғы басшысы Джим О’Нил талдайды.
«Трамп-put» деген бар ма?
Трамп өз әрекеттерінің салдары туралы, әсіресе доллар үшін, ойланды деу күмән тудырады. Наурызда мен баж салықтары доллар бағамын қолдайды деген қалыптасқан көзқарасты сынға алған едім (өйткені олар шетелде айналыстағы доллар көлемін азайтады деген ой бар). Бірақ мен бұл саясат АҚШ-қа деген сенімге нұқсан келтіріп, кез келген оң әсерден басым түседі деп болжадым — және дұрыс болжаппын. Соғанда да, Трамп бұл бағытты күшейтіп жатыр.
Сәуірдің ортасында ол тарифтік риторикасын өзгерткен кезде, нарықтар бір сәтке болсын «Трамп-put» бар шығар деп сенді — яғни қор нарығы мен борыш нарығына қолдау көрсетілетініне кепілдік тәрізді нәрсе. Алайда кейін Трамп өз қалауымен Еуропалық одаққа бастапқыда 2 сәуірде ұсынғаннан да жоғары баж салығын енгізу керек деп шешкенімен, 50%-дық тарифті енгізуді 9 шілдеге шегеретінін мәлімдеді.
Трамптың Еуропаға жаңа баж салығын енгізгісі келуінің жалғыз себебі — ЕО өкілдерінің келіссөздердегі баяулығына деген сабырсыздығы. Бірақ Brexit келіссөздерінің ұзақ әрі шаршататын сипатын бақылаған кез келген адам оған мына нәрсені айта алар еді: Еуропалық одақ егжей-тегжейге терең үңілуді ұнатады. Еуропалықтар — тәжірибелі сауда келіссөз жүргізушілері, сондықтан олар Трамп өз жеңісі ретінде көрсетуге тырысатын келісімге оңай келісе салуы екіталай еді. Бұл АҚШ-тың Ұлыбританиямен жасағанындай, жоғары базалық тарифтерге келісу дегенді білдіретін.
Еуропалық одақ экономикасының ауқымын және америкалық трансұлттық компаниялардың осы нарыққа тәуелділігін ескере отырып, Трамптың агрессивті ұстанымын ұзақ сақтап қалуы екіталай. Егер ол бұған қарамастан әрекет етсе, нарықтың реакциясы сәуір айының басындағы жағдайды қайталауы мүмкін: сол кезде америкалық акциялар күрт құлдырап, қазынашылық облигациялар табыстылығы бірден өскен еді (бұл — капиталдың сыртқа кету белгісі). Еуропалық тауарларға 50%-дық баж салығы америкалық компаниялар мен тұтынушыларға зор зиян тигізіп, АҚШ-тың басты артықшылықтарының бірі — қызмет экспортын да қатерге тігеді. ЕО-ның жауапты шараларының америкалық технологиялық компанияларға қарсы бағытталатыны анық.
Бұған қоса, ірі компаниялар өндірісті АҚШ-қа көшіруі керек деген Трамптың талабы оның көлік өндірісі секілді дәстүрлі салаларға байланып қалғанын көрсетеді. Алайда Германия үкіметінің қарап отыра қоймайтыны және өз автоконцерндерінің өндірістік қуатын АҚШ-қа жаппай көшіруіне жол бермейтіні анық.
Шағын Кремний алқабының құлдырауы
Трамптың Гарвард пен жалпы жоғары білім беру жүйесіне жасаған шабуылдары да бірдей күйреткіш сипатта. Financial Times басылымында Гарвард профессоры әрі бұрынғы президент Барак Обаманың жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің төрағасы болған Джейсон Фурман атап өткендей, әкімшіліктің Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу туралы жуырдағы шешімі (бұл студенттер әдетте оқу ақысын толық төлейді) — университеттің қаржылық тұрақтылығын әлсіретуге бағытталған.
Алайда бұл зиян тек әлемдегі жетекші ғылыми орталықтың біріне ғана емес, тұтас жүйеге тиеді. Бостон және оның айналасындағы аймақ көптеген жағынан шағын Кремний алқабы саналады. Бұл соққы бүкіл инновациялық экожүйеге және жалпы америкалық жаңашылдыққа әсер етуі мүмкін. Осы сәттен бастап әлемнің түкпір-түкпірінен келетін студенттер, ғалымдар мен зерттеушілер АҚШ-тан кәсіби мүмкіндіктер іздемес бұрын екі рет ойланатын болады, дейді Джейсон Фурман.
Ұлыбританиядағы аймақтық экономиканы қалпына келтіру жобаларымен жұмыс істей жүріп, мен АҚШ-тың солтүстік-шығыс аймағының үлгісінен ұзақ уақыт бойы шабыт алып келдім. 1960–1970 жылдардағы экономикалық оқулықтарда бұл өңір өнеркәсіптік құлдырауға ұшырайды деп саналған — бүгінгі Англияның солтүстігі немесе континенталды Еуропаның кейбір аймақтары секілді. Алайда дәл осы аймақта орналасқан Гарвард, MIT және Айви лигасының басқа да университеттері арқасында ол АҚШ-тағы ең серпінді әрі гүлденген аймақтардың біріне айналды. Трамп шынымен осы өсім қозғалтқышын тоқтатқысы келе ме?
Мұның барлығы долларға қалай әсер етеді?
Міне, біз қайтадан доллар мәселесіне келіп тірелеміз. Трамп әкімшілігінің құбылмалы әрі өзін-өзі күйрететін әрекеттері доллардың әрі циклдік, әрі құрылымдық перспективасына нұқсан келтіріп отыр. Америкалық валютаның ұзақ мерзімді «әділетті құнына» талдау жүргізу барысында (Джон Уильямсонның шынайы тепе-тең айырбас бағамы жөніндегі жаңашыл еңбегіне сүйене отырып) мен салыстырмалы бағалар мен өнімділік деңгейлерін есепке алатын әдістеме жасап шығардым.
Бұл тәсіл нені көрсетеді? өнімділік деңгейін анықтайтын жетекші ғылыми мекемелерді әлсірете отырып және бағаның өсуіне ықпал ететін саясатты жүргізу арқылы (бұған қоса қабылданған салық заңнамасының салдарынан пайда болған ауқымды бюджет тапшылығы да бар), Трамп доллардың ұзақ мерзімді әділетті құнын төмендетіп отыр. Одан да сорақысы — құқық үстемдігін қамтамасыз ететін институттарды елемей, оларды әлсіретуі арқылы ол АҚШ-тағы демократия мен экономикалық басқару сапасына деген сенімді шайқалтып жатыр. Бұл өз кезегінде доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі жарамдылығына күмән туғызады.
Ал қысқа мерзімді тұрғыдан алғанда, Трамптың тұрақсыздық пен инфляциялық қауіптер туындатуы АҚШ экономикасының алдағы кезеңдегі перспективасын әлсіретеді. Бір жағынан, доллардың соңғы кезде тым күрт құлдырағанын ескерсек, оның қайта қалпына келуі мүмкін деп санаймын. Алайда бұл қалыпқа келу процесі әлдеқашан басталып кеткен болуы да мүмкін. Соңғы апталардағы доллар бағамының тұрақтануын осы үрдістің көрінісі деуге болады ма — оны уақыт көрсетеді.
Copyright: Project Syndicate, 2025.
www.project-syndicate.org








