Goldman Sachs және BlackRock АҚШ нарығындағы құлдырау қаупі туралы ескерту жасады
Әлемдегі ең ірі инвестициялық компаниялар нарықтағы тұрақсыздықты болжауда және қаржы дағдарысына дайындалуда

Трамптың бастаған сауда соғысы Уолл-стритте тағы да алаңдаушылық тудырып, көптеген сарапшылар мен экономистер теріс болжамдар жасауда. BlackRock компаниясының сарапшылары АҚШ акцияларының қысқа мерзімді рейтингін төмендетсе, Goldman Sachs экономистері қазіргі сату толқынының «аюлы» нарыққа айналуы мүмкін екенін ескертуде. Бұған дейін АҚШ-тың ең ірі банкі JPMorgan басшысы баж салықтары мәселесі тезірек шешілсе, экономика тәуір болатынын мәлімдеген еді.
Нақтырақ
BlackRock-тың стратегтері Жан Буавен мен Вэй Ли 7 сәуірде АҚШ акцияларының рейтингін «нарықтан жоғары» (Overweight) деңгейінен нейтралдыға дейін төмендетті. Олар жақын уақытта әлемдік сауда қақтығыстарының күшеюі салдарынан «қатерлі активтерге сұраныс артады» деп болжап отыр. АҚШ пен басқа елдер арасындағы сауда келіссөздеріне уақыт қажет болғандықтан жағдайдың қашан және қалай тұрақталатынын болжау қиын екендігін атап өтті сарапшылар.
Сол уақытта Goldman Sachs АҚШ-тың акциялар нарығындағы жағдайды Трамптың мәлімдемелері қоздырған сату толқынының ұзақ мерзімді «аюлы» нарыққа айналуы мүмкін екенін ескертті. Банк экономистері Питер Оппенгеймер мен Лилия Пейтвин қазіргі жоғалтуларды уақытша емес, экономикалық циклдегі терең өзгерістермен байланысты екенін және олар бірнеше жылға созылуы мүмкін деп болжауда.
BlackRock-тың кеңестері
Нарықтардағы құлдырауға қарамастан BlackRock әлі де кейбір секторларда мүмкіндіктерді көреді. Компанияның Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Таяу Шығыс бойынша бас инвестициялық стратегы Бен Пауэлл хабарлағандай BlackRock ұзақ мерзімді перспективада өз позицияларына сенімді. Ол инвесторларды тыныштық сақтауға шақырды: «Әлем әлі де қызықты мүмкіндіктер ұсынады, және біз мұны ескермейміз».
Сауда соғысының күшеюі мен инвесторлардың тәуекелді активтерден қашуы жағдайында BlackRock уақытша құбылмалы нарықта ұстап тұруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Компания көбірек назар аударатын сала — инфрақұрылым, әсіресе көлік және логистика. Пауэлл инфляцияның артуы жағдайында мұндай активтер тұрақты болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар BlackRock экономикалық болжамдары салыстырмалы түрде тұрақты елдерді де атап өтті, олардың арасында Сингапур мен Парсы шығанағы елдері бар.
Контекст
Бірқатар ірі қор индексі «аюлы» нарық кезеңіне кіргенін көрсететін жоғалтуларды бастан өткерді. Бұған 7 сәуірде S&P 500 индексінің 20%-ға төмендеуі кіреді. S&P 500 индексі 1929 жылдан бері 15 рет «аюлы» нарық фазасына өткен. Орташа ұзақтығы 18,9 айды құрайды.
Әдетте АҚШ қор нарығы құлдыраулардан кейін жылдам қалпына келеді. 2020 жылы коронавирус пандемиясы жаһандық локдаундармен бірге қысқа мерзімді «аюлы» нарыққа алып келді. Алайда АҚШ Федералды резервінің әрекеті жағдайды тұрақтандырып, қор нарығы алты айдың ішінде жоғалтуларын өтеді. 2021 жылдың соңында инвесторлар инфляцияның тез өсуінен және пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуінен алаңдап, 2022 жылы қайтадан S&P 500 индексі «аюлы» нарыққа кірді. Бұл кезең жыл бойы созылды.








