Gucci брендіне ие компанияның акциялары соңғы бір жылдағы максимумға жетті

Gucci люкс брендіне иелік ететін Kering компаниясы әсемдік индустриясына қатысты бизнеcі – Kering Beauté бөлімін француздың косметикалық алыбы L’Oreal компаниясына 4 млрд еуроға сатуға келісті. Осы жаңалықтан кейін Kering акциялары 5,5% өсіп, соңғы бір жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл – компанияның таза қарызын қысқартуға бағытталған маңызды қадам және жаңа бас директордың алғашқы стратегиялық шешімі. Сарапшылардың пікірінше Kering Beauté бөлімінен бас тарту – компания қайта құрыдымдаудың қажетті бөлігі.
Егжей-тегжейлі
Kering өзінің Kering Beauté бизнесін L’Oreal компаниясына 4 млрд еуроға (4,66 млрд доллар) сатуды жоспарлап отыр. Бұл келісім 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқталуы тиіс.
Әлемдегі ең ірі косметика өндірушісі L’Oreal келісім аясында Creed парфюмерия брендін сатып алады және Gucci, Bottega Veneta, Balenciaga сән үйлерінің парфюм және косметикалық өнімдерін шығару құқығын алады. Бұл құқық 50 жылға эксклюзивті лицензия арқылы беріледі. Reuters агенттігінің хабарлауынша бұл келісім L’Oreal тарихындағы ең ірі сатып алу болмақ — бұған дейінгі рекорд 2023 жылы Aesop брендін 2,5 млрд долларға сатып алу еді.
20 қазанда Париж биржасындағы саудада Kering акциялары 5,5% өсіп, 326,5 еуроға жетті — бұл 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш. L’Oreal акциялары да 1,4% қымбаттап, кейін өсім 0,6%-ға дейін баяулады.
Kering бұл бизнесін неге сатуда?
Kering Beauté бөлімі 2023 жылы Creed парфюмерия брендін 3,5 млрд еуроға сатып алғаннан кейін құрылған еді. Компания сол кезде бизнесін әртараптандыруға және Gucci брендіне тәуелділікті азайтуға тырысқан болатын. Алайда қазір компания бұл бизнесті сату арқылы таза қарызын азайтуды көздеп отыр. Reuters-тің дерегінше Kering қарызы маусым айының соңында 9,5 млрд еуроға жеткен, оған қоса 6 млрд еуро аренда міндеттемелері бар. Бұл инвесторлардың алаңдаушылығын күшейткен.
Бұл шешім – қыркүйекте компанияға жаңадан тағайындалған бас директор Лука де Меоның алғашқы стратегиялық қадамы. Оның алдында тұрған негізгі міндет — Қытайда Gucci өнімдеріне сұраныс төмендеуі және АҚШ-та баж салығының өсу қаупіне байланысты компанияны қайта дамыту.
Bloomberg-тің мәліметінше Лука де Мео 2026 жылдың көктемінде Kering компаниясын дамыту стратегиясын таныстырады. Ол инвесторларға компанияның қарыз жүктемесін азайту үшін қиын, бірақ қажетті шешімдер қабылдайтынын айтқан. Компания сондай-ақ италиялық Valentino брендін толық сатып алу жоспарын уақытша тоқтатты және қосымша қаражат тарту үшін жылжымайтын мүлкінің бір бөлігін сатуды жоспарлап отыр.
Сарапшылар не дейді?
Bernstein сарапшыларының айтуынша «Kering Beauté-ні сату – компания үшін ауыр, бірақ қажетті қадам».
RBC талдаушылары бұл мәміле Kering үшін тиімді болуы мүмкін екенін айтады, себебі лицензия арқылы жұмыс істеу: капиталды аз қажет етеді, тәуекелді төмендетеді, маржаны арттыруы мүмкін.
Акциялардың жағдайы
Kering акциялары 2024 жылдың шілде–қыркүйек аралығында 50% өсім көрсетіп, компания тарихындағы ең сәтті тоқсан болды. Ал жаңа бас директор тағайындалған маусым айынан бері өсім 60%-дан асты.
Алайда сарапшылар пікірі әлі де екіге бөлінген. Оптимистер: егер Лука де Мео Gucci брендін қайта өрлетсе, акциялар айтарлықтай өсуі мүмкін. Скептиктер: компаниядағы жағымды өзгерістер бағаларға қазірдің өзінде қосылып кеткен дейді.
16 қазанда Berenberg аналитигі Ник Андерсон Kering акцияларының рейтингін «ұстап тұрудан» → «сатуға» дейін төмендетіп, мақсатты бағаны 160 еуро деп белгіледі. Ол сұраныстың әсіресе Қытайда әлсіреуі туралы алаңдайды.
Ал Morgan Stanley керісінше Kering акцияларын «сатып алуға» кеңес берді және тағы 20% өсім болады деп болжайды. Олар Kering-ті Еуропадағы ең перспективалы люкс бренд иесі деп атады.








