Gucci иесі италиялық Valentino сән үйін толық сатып алуды кейінге қалдырды

Gucci, Saint Laurent және Balenciaga брендтерінің иесі, француздық Kering тобы, катарлық Mayhoola қорының акционерлік келісімінің шарттарын өзгертіп, Valentino сән үйін толық сатып алуды кемі 2028 жылға дейін кейінге қалдырды. Бұл шешім Kering-тің қарыз жүктемесінің жоғарылау аясында қабылданып, компанияның жаңа бас директоры Лука де Меоның алғашқы үлкен қадамы болды.
Егжей-тегжейлі
Kering 10 қыркүйекте италиялық Valentino сән үйін катарлық Mayhoola қорынан кемі 2028 жылға дейін толық сатып алмайтынын мәлімдеді. Компаниялар арасындағы бастапқы акционерлік келісім 2023 жылы жасалған, сол кезде Kering Valentino-ның 30% акциясын иеленген еді. Мәміле бойынша Gucci иесі Valentino-ны толықтай 2026–2028 жылдары сатып ала алуы керек болатын. Енді мерзімдер өзгерді: Mayhoola қалған 70% акциясын тек 2028–2029 жылдары сата алады, ал Kering толық жұтылуды жүзеге асыру құқығын тек 2029 жылы пайдаланады.
Бұл — Kering-тің жаңа бас директоры Лука де Меоның жетекшілігімен жасаған алғашқы үлкен қадамы, деп атап өтті Reuters. Катарлық инвестқордан бизнесті толық сатып алу міндеттемесі қарызға белшесінен батқан француз люкс тобына қатты қысым түсірді. Bloomberg HSBC сарапшысы Эрван Рамбураның есебіне сілтеме жасап хабарлағандай, жылдың соңындағы Kering-тің таза қарызы жалдау міндеттемелерін есептемегенде 8,9 млрд еуроны ($10,5 млрд) құрайды. 2025 жылға болжанған компания пайдасының (пайыздар, салықтар және амортизацияға дейінгі) көлемінен 3,3 есе артық.
Акицяның жай-күйі
10 қыркүйектегі сауда қорытындысы бойынша Парижде Kering қағаздарының құны айтарлықтай өзгерген жоқ. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 2% төмендеді.
MarketScreener деректеріне сәйкес, қазір Kering-ті қадағалайтын 23 сарапшының тек төртеуі ғана инвесторларға акцияны сатып алуды ұсынады (рейтинг Buy және Outperform). Бесеуі сатуды ұсынып отыр, ал қалғандары портфельде ұстауға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — 205 еуро, бұл 10 қыркүйектегі жабылу бағасынан 12%-дан астам төмендеуді білдіреді.








