JPMorgan дамушы елдердің акцияларын көтерді: банк қайда инвестиция құюға кеңес береді

Соңғы төрт жылда дамушы елдердің акциялары аутсайдер қатарында болды, бірақ қазір JPMorgan оң көзқарасқа бет бұрды: банк олардың рейтингін көтеріп, сатып алуға кеңес беріп отыр. Бұған ең алдымен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің бәсеңдеуі себеп болған. Bank of America стратегтерінің пікірінше, алдағы кезеңдегі нарықтық раллидің негізгі қозғалтқышы дәл осы дамушы экономикалардың акциялары болуы мүмкін.
Егжей-тегжейлі
JPMorgan-ның Мислав Матейка жетекшілік ететін стратегтер тобы 19 мамырда дамушы елдердің акцияларына қатысты рейтингті Overweight («нарықтан жоғары») деңгейіне дейін көтерді, деп жазады MarketWatch. Бұл — инвестбанк тарапынан биылғы екінші мәрте рейтингті жақсарту: бірінші тоқсанда ол «бейтарап» деңгейге дейін көтерілген, деп еске салады басылым.
MarketWatch дерегінше, 2021 жылдан бері дамушы елдердің акциялары дамыған нарықтардан шамамен 40%-ға артта қалған. Алайда 2025 жылдың басынан жағдай өзгере бастады: iShares Emerging Markets ETF биржалық қоры 10% өскен. Салыстыру үшін: еуропалық Stoxx 600 индексі 8,3%, ал америкалық S&P 500 небәрі 1,4% көтерілген.
JPMorgan неліктен оң көзқараста
Негізгі фактор — сауда соғысына қатысты белгісіздіктің азаюы. АҚШ пен Қытай арасындағы келісім түпкілікті болмаса да, банк стратегтерінің пікірінше, ең қиын кезең артта қалды.
CNBC-ге берген түсіндірмесінде Мислав Матейка: «АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісіндегі деэскалация дамушы нарықтар акцияларына әсер ететін негізгі кедергілердің бірін жойып отыр», — деп жазды. Дегенмен, ол жыл басымен салыстырғанда баж салығы әлі де айтарлықтай жоғары екенін атап өтті. JPMorgan бағалауынша, АҚШ-тың сауда серіктестеріне қатысты тиімді баж мөлшерлемесі қазіргі таңда орта есеппен 12–14% құрайды — бұл Уолл-стритте алаңдаушылық тудырып отыр.
«Біз сауда шектеулерінің АҚШ пен өзге елдердің орта мерзімді өсіміне әсер ету ықтималдығына қатысты алаңдаушылығымыз әлі бар. Соған қарамастан, өткен аптадағы жаңалықтар — әсіресе Қытай үшін — сөзсіз жақсы белгі», — деп түйіндеді Матейка.
JPMorgan пікірінше, екінші маңызды фактор — доллардың салыстырмалы түрде әлсіреуі. Стратегтердің болжамынша, бұл үрдіс 2025 жылдың соңына дейін сақталуы мүмкін. Әдетте, дамушы нарықтар мен доллар арасында кері байланыс болады: себебі бұл елдер шикізат бағасына тәуелді және қарыздарының едәуір бөлігі доллармен номинацияланған. Сондықтан дамушы нарықтардағы акциялардың ұзақ жылдар бойы әлсіз көрсеткіштері көбіне доллардың күшті болуымен, деп түсіндіреді MarketWatch.
Сонымен қатар, егер АҚШ-тағы нақты экономикалық көрсеткіштер (hard data) нарықтағы болжамдарға (soft data — сауалнамалар мен іскерлік көңіл-күй индекстері) сәйкес әлсіз болып шықса, Федералдық резерв жүйесі ақша-несие саясатында жұмсақ ұстанымға көшуі мүмкін, деп есептейді JPMorgan. MarketWatch атап өткендей, тарихи тұрғыда мұндай жағдайда дамушы нарықтар ұтысқа ие болады — себебі олар төмен мөлшерлемелер мен жұмсақ саясаттан пайда көреді, деп толықтырды MarketWatch.
JPMorgan стратегтері дамушы елдерде іскерлік белсенділік қайта жанданса, бұл тез арада нарықтың өсуіне түрткі болуы мүмкін деп есептейді. Өйткені соңғы уақытта бұл елдерде экономикалық қарқын баяу болды. Сонымен қатар олар дамушы нарықтардың қазіргі бағасын өте арзан деп бағалайды: келесі 12 айға арналған орташа баға/табыс (P/E) көрсеткіші 12 болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 19-ға тең. Бұл — инвесторлардың бұл сегментке аз қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
JPMorgan қайда инвестиция құюға кеңес береді
JPMorgan стратегтері инвестиция үшін ең тартымды бағыт ретінде Қытайдың технологиялық компанияларын атап отыр. Олар Қытайдың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 2023 жылдың қаңтарынан бері шамамен 3%-дан 1,7%-ға дейін төмендегеніне назар аударады — бұл көрсеткіш соңғы алты апта бойы сақталып тұр. Егер кірістілік бұдан әрі төмендемесе, бұл Қытай экономикасының өсуіне қатысты болжамдардың тұрақтана бастағанын білдіреді. Бұл жағдай Қытай акцияларына деген сенімді күшейтеді. Жыл басынан бері Гонконгтың негізгі Hang Seng индексі 16% өскен.
Бұған дейін JPMorgan Қытайдың 2025 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 4,8%-ға дейін жоғарылатқан. Бұл — өткен аптада сәйкес қадам жасаған Goldman Sachs-тың болжамынан кейін қабылданған шешім, деп еске салады MarketWatch.
«Tencent пен Alibaba сияқты алпауыт компаниялардың қаржылық нәтижелері инвесторлар арасында сенім тудырмағанымен, біз бұл әлсіздікті жаңа мүмкіндік ретінде қарастырамыз — әсіресе АҚШ-тың артық жүктелген технологиялық секторындағы үлесін азайтқысы келетіндер үшін», — деп жазды стратегтер.
JPMorgan сарапшылары Инвесторлардың назарын ішкі нарыққа негізделген экономикаларға аударады. Атап айтқанда, Үндістан мен Бразилия. Сондай-ақ банк ерекше өсім драйверлері бар елдерге, мысалы, Чили мен Оңтүстік Кореяға қызығушылық білдіру орынды деп санайды. Үнді нарығындағы акцияларды бақылайтын iShares MSCI India ETF қоры жыл басынан бері шамамен 4% өсті. Ал Бразилияның EWZ баламасы 24% жылдам өсімді көрсетті.








