«Қапы қалмаңыз!» Bank of America GitLab акцияларын неге сатып алуды ұсынуда?

Bank of America (BofA) GitLab компаниясының акцияларына назар аударуға кеңес береді. Бұл — бағдарламалық жасақтама жасау платформасын әзірлеген mid-cap деңгейіндегі компания. Инвестбанк GitLab-тың алдағы тоқсандық нәтижелері мықты болады деп сеніп отыр және инвесторларға сол сәттегі мүмкіндікті жіберіп алмауға кеңес беруде.
Егжей-тегжейлі
BofA жазған инвестициялық жазбаны CNBC жариялады. Қаржылық есеп 3 қыркүйек күні кешке жарияланады деп жоспарлануда. Осыған дейін, яғни есеп шықпай тұрып, GitLab акцияларын сатып алу – тиімді мүмкіндік деп есептейді банк.
Инвестбанк GitLab-тың бизнес-моделі жасанды интеллект (AI) технологиялары тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген алаңдаушылықтарды асыра сілтеу деп санайды. BofA компанияны «тұрақты және мықты нәтижелер сериясы» күтуде дейді.
28 тамызда жарияланған инвестициялық жазбада BofA GitLab акцияларына қатысты «сатып алу» рейтингін (Buy) растады және мақсатты бағаны $72 деп белгіледі. Бұл жаңалыққа нарық оң әсер етті. бёБейсенбіде GitLab акциялары 3,7%-ға өсіп, бір акция $49,03 болды. Осылайша, BofA қойған мақсатты баға — ағымдағы деңгейден 47% өсімнің әлеуетін білдіреді.
BofA GitLab акцияларының тәуекел мен табыс қатынасы тиімді деп санайды. Олар ұқсас компаниялардың акцияларымен шамалас бағамен саудаланып жатыр, алайда, BofA болжамы бойынша GitLab одан әлдеқайда жылдам өсетін болады.
Контекст
Жалпы BofA-ның бұл жазбасы шілде айында Capital One тарапынан жарияланған кері пікірге жауабы секілді. Capital One аналитигі Коннор Мерфи 16 шілдеде GitLab және оның бәсекелесі Atlassian акцияларының рейтингін «нарықтан жоғары» (Overweight, яғни сатып алуға кеңес) деңгейінен бейтарап (Equalweight) деңгейге төмендетті. Оның айтуынша код генерациялайтын AI құралдарының танымал болуы және компаниялардың сыртқы сервистерсіз бағдарламалар жасағысы келуі бұл екі компанияның бизнес-модельдеріне қауіп төндіреді.
Алайда, BofA сарапшысы Кодзи Икеда мұнымен келіспей отыр. Оның пікірінше GitLab платформасы әлі де тұтынушылар тарапынан «оң бағалануда».
«Код генерациялау құралдары GitLab-тың құндылық ұсынысына нақты қауіп төндіре ме, жоқ па деген пікірталас әлі жалғасуда. Бірақ бір нәрсе анық: AI қазір бұрынғыдан да көп код жасайды, ал сол кодтың мәні мен мақсатын түсіну қиындай түседі. GitLab дәл осы жерде көмекке келеді», — деп жазды Икеда.
Уолл-стриттегі сарапшылардың басым бөлігі де GitLab-қа сенім артуда. MarketWatch порталының дерегінше 25 сарапшы бұл акцияны сатып алуға, тек бесеуі — ұстауға кеңес беріп отыр. Орташа мақсатты баға — $61,81. Бұл — акциялардың соңғы жабылу бағасынан 26% өсімді білдіреді.








