«Қауіпі аз акциялардың бірі»: Уолл-стрит Netflix есебінен не күтеді?

Netflix компаниясы 17 шілдеде Нью-Йорк биржасы жабылғаннан кейін екінші тоқсан бойынша қаржылық есебін жариялайды. Сарапшылар бұл жолы да мықты нәтижелер болады деп үміттеніп отыр. LSEG дайындаған ортақ консенсус-болжамға сәйкес америкалық стриминг алпауыты бір акцияға $7,08 пайда және $11,07 млрд табыс жариялайды. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда табыстың 45%-ға, ал түсімнің 15,8%-ға өсуі деген сөз, деп хабарлайды CNBC.
Мұндай қарқын бірінші тоқсандағы сәтті нәтижелерден кейін жалғасуы мүмкін. Ол кезде Netflix табысын 13%-ға арттырып, табыс жөніндегі Уолл-стриттің күткенінен асып түскен еді. Бұған қаңтар айының соңында тарифтік жоспарлардың қымбаттауы да себеп болды.
2025 жылдың басынан бері Netflix акциялары 40%-ға, ал соңғы үш айда 30%-ға өсті. Салыстыру үшін, S&P 500 индексі жыл басынан бері 6,5%-ға ғана көтерілді — оның өзі соңғы 90 күндегі раллидің арқасында (осы аралықта индекс 19%-ға өсті). Есеп жарияланар қарсаңда Уолл-стрит сарапшылары Netflix-ке деген оптимизмді сақтап отыр. Стриминг алыбын зерттеп жүрген 49 сарапшының 34-і акцияны сатып алуға кеңес береді (Buy және Strong Buy рейтингтері). Қалған 15 сарапшы бейтарап ұстанымда (Hold), деп жазады CNBC LSEG дерегіне сүйеніп.
Уолл-стрит Netflix туралы не дейді?
Bank of America
Рейтингі: Buy, мақсатты бағасы: $1490. Аналитик Джессика Райф Эрлих Netflix акцияларының жыл ішінде 19%-ға өсу әлеуеті бар дейді: «Netflix — біз зерттеп отырған компаниялар арасындағы ең жақсы динамика көрсетіп отырғандардың бірі. Бұған табыстың тұрақты өсуі, жазылушылар санының оң өзгерісі және бизнесінің кедендік төлемдерге төзімділігі себеп. Netflix стриминг саласындағы ауқымының, аудиториясын кеңейту әлеуетінің, жарнама мен спорт трансляцияларындағы мүмкіндіктерінің арқасында мықты позициясын сақтап отыр».
Jefferies
Рейтингі: Buy, мақсатты бағасы: $1400. Аналитик Джеймс Хини 12%-дық өсімді күтеді: «Жыл басынан бері акциялардың өсуі және олардың бес жыл ішіндегі ең жоғары деңгейде саудалануы инвесторларды екінші тоқсанның есебіне қатысты сақтыққа итермеледі. Дегенмен алдағы 12 айда жағдай жақсы болады: АҚШ-та тарифтердің өсуі, контент қатарын күшейту және жарнамадан түсетін табысты жақсарту компанияның түсімін 2025 жылдың екінші жартысы мен 2026 жылы екі таңбалы өсімге жеткізеді. Сонымен қатар, 2025 жылға арналған операциялық маржа болжамының 30%-дан жоғары көтерілуі де қосымша фактор болуы мүмкін».
Guggenheim Securities
Рейтингі: Buy, мақсатты бағасы: $1400. Аналитик Майкл Моррис басқаратын топ Netflix акциялары бойынша мақсатты бағаны $1150-ден $1400-ге көтерді: «Компания контент таңдауда және оны таратуда саладағы ең үздік жүйелерді қолдана отырып, акционерлік құндылықты қалыптастыруды жалғастырып отыр. Бұл — баға саясаты мен ықтимал серіктестіктер сияқты жаңа табыс көздерін ашуға және маржаны арттыруға әкеледі».
Алайда Guggenheim сарапшылары Netflix-тің пайдаланушылар белсенділігі туралы соңғы есебінде контентті қарау уақыты екі жыл бұрынғы деңгейде қалып қойғанын ескертті. Бұл жаңа жазылушылардың контентті аз қарайтынын немесе бұрынғы қолданушылардың сирек қосылатынын білдіруі мүмкін, деп жазады Barron's.
Evercore ISI
Рейтингі: Outperform, мақсатты бағасы: $1350. Аналитик Марк Махани Netflix акцияларына 8%-дық өсу мүмкіндігін болжайды: «Біз Netflix-ті осы тоқсандағы ең аз қауіпті акциялардың бірі деп есептейміз. Уолл-стриттің түсім, операциялық табыс және акцияға шаққандағы табыс бойынша консенсус-прогноздары шынайы көрінеді».
Сарапшының айтуынша, Netflix компаниясы үнемі өз болжамдарынан асып түсіп келеді — бұл инвесторларға қосымша сенім береді.
JPMorgan
Рейтингі: Neutral, мақсатты бағасы: $1220. Аналитик Даг Анмут мамыр айында Netflix рейтингін «нарықтан жоғары» (Overweight) деңгейінен бейтарапқа түсіріп, акция бағасының 2%-дан астам төмендеуін күтеді: «Netflix-тің стримингтегі көшбасшылық позициясы мен жаһандық телевизияға айналу әлеуеті — біздің ұзақмерзімді оң көзқарасымыз өзгерген жоқ. Алайда акциялар бағасының күрт өсуінен кейін қысқа мерзімде тәуекел мен табыс арақатынасы теңесіп кетті».
Loop Capital
Рейтингі: Hold, мақсатты бағасы: $1150. Аналитик Алан Гулд алдағы 12 айда Netflix акцияларының 8%-ға төмендеуін күтеді: «Біз Netflix компаниясының болашағына оң көзқарастамыз, бірақ акцияларға бейтарап қараймыз. Себебі олардың бағалануы тым жоғары: акциялар табысқа шаққанда 50 есе мультипликатормен саудаланып жатыр. Netflix премиумға лайық, бірақ біз оны Costco сынды ритейл алпауыттарымен бір деңгейде бағалау дұрыс емес деп санаймыз. Netflix стриминг соғысында жеңіске жетті, бірақ оның бизнесі әлі де қайта қалыптасу үстінде. Бұл — табыстың болашағын болжауды қиындатады, әсіресе өткендегі жоғары құбылмалылықты ескерсек».








