БастыReview
Бөлісу

Қор нарығында Лабубу өндірушісіне кім бәсекелес бола алады?

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

Қор нарығында Лабубу өндірушісіне кім бәсекелес бола алады?

Сыйлық қораптарында сатылатын Лабубу ойыншықтары ғана сатып алушылар арасында дүрлікпе туғызып отырған жоқ. Былтыр Қытайда дизайнерлік Вакуку ойыншығы пайда болды. Ал 2025 жылдың наурыз айынан бастап бұл ойыншықтар Miniso дүкендер желісінде сатылып жатыр. Сатып алушылар бұл қуыршақтар үшін де кезекте тұрады. Вакуку брендіне құқық иесі саналатын QuantaSing компаниясының акциялары жыл басынан бері 340 пайыздан астам өсті. Олар Лабубуды шығаратын Pop Mart компаниясының бизнесіне қауіп төндіре ала ма?

Сыйлық қораптарының сиқыры

Вакуку — коллекциялық дизайнерлік ойыншық. Қуыршақтың жүзінде дөңгелек бетті бала бейнесі, үлкен көзі және таралмаған шашы бар.

2025 жылдың наурызында пішіні пандаға ұқсас Вакуку алғаш рет Бейжіңдегі Miniso дүкенінде сатыла бастады. Сол күні дүкеннің кірісі 90 пайыздан астамға артты. 17 мамырда Шанхай мен Нанкиндегі флагмандық дүкендерде «Түлкі мен Қоян» сериясы сатылымға шыққан күні де рекорд жаңарды. Ал 18 маусымда Нанкиндегі Miniso Space ашылуында Вакуку екі сағатта түгел сатылып кетті.

Бұл ойыншықтар да Pop Mart компаниясының аса танымал Лабубу қуыршақтары сияқты сыйлық қораптарында сатылады.

Вакукудың авторы — Letsvan атты коллекциялық ойыншықтар шығаратын студия. Ол 2020 жылы құрылған. Қазір бұл студияда 10 түрлі кейіпкер бар. Олардың ішінде қытай ханшайымы You Li, жануар бейнесіндегі жұмсақ ойыншықтар сериясы Animal Party және пижамадағы Ramy Pajamas Party қуыршақтары бар.

Алғашқы жылдары Letsvan жетекші бөлшек сауда компанияларымен және интернет сауда алаңдарымен серіктес болуға басымдық берді. Бұл шешім студияға Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде сату желісін тез кеңейтуге мүмкіндік берді.

2025 жылдың 24 наурызында QuantaSing атты қытайлық компания (бос уақыт пен білім беру саласында қызмет көрсетеді) Shenzhen Yiqi Culture (Letsvan бренді) компаниясына инвестиция құйғанын хабарлады. Ол компанияның 61 пайыз үлесін 235 млн юаньға (шамамен 33 млн доллар) сатып алды. Бұл қадамның негізгі мақсаты — Қытайда қарқынды өсіп келе жатқан коллекциялық ойыншықтар нарығына шығу. Frost & Sullivan мәліметінше, бұл нарықтың көлемі 2028 жылға қарай 91 млрд юаньнан (12,7 млрд доллардан) асады.

Miniso үшін бұл әріптестік өте тиімді болды. Вакуку қуыршақтары Қытайдағы флагмандық дүкендерде кезек тудырып жатыр деп жазады Bloomberg. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Miniso-ның ойыншықтармен, оның ішінде сыйлық қораптарымен айналысатын еншілес компаниясы Top Toy-дың табысы 59 пайызға өсіп, 340 млн юаньға (46,8 млн доллар) жетті.

Ал QuantaSing компаниясының 2025 жылдың үшінші қаржылық тоқсанындағы (бірінші күнтізбелік тоқсанмен сәйкес) таза пайдасы жылдық есеппен 181 пайызға артып, 41,1 млн юаньға (5,7 млн доллар) жетті. Бірақ осы кезеңдегі жалпы табыс 570,7 млн юаньды (78,6 млн доллар) құрады. Бұл — бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 39,6 пайызға аз. Компанияның білім беру курстары сегментіндегі табысы 44 пайызға төмендеді. Бұған біліктілікті арттыру, қаржылық сауаттылық және бос уақыт курстарына сұраныстың азаюы әсер еткен.

Соған қарамастан, компанияның жалпы пайда маржасы — 83,1 пайыз. Бұл — оның басты бәсекелестік артықшылығы. Салыстыру үшін: Pop Mart-тың бұл көрсеткіші 63,9 пайыз деңгейінде. QuantaSing ойыншықтар нарығына кірсе, табыстылық деңгейі төмендеуі мүмкін. Инвесторлар алдағы тоқсандарда қаржылық көрсеткіштердің қалай өзгеретінін мұқият қадағалайды деп жазады Қытай нарығына маманданған Bamboo Works порталы.

Сарапшылар не дейді?

6 маусымда Zacks Investment Research QuantaSing акцияларының мақсатты бағасын 5,5 доллардан 7 долларға көтерді. Бұл сол кездегі бағаға қарағанда 25 пайыздық өсімді білдірді. Ал 25 маусымдағы сауда жабылуында акция бағасы бұл мақсатты көрсеткіштен 37 пайызға асып кетті.

Zacks сарапшылары Letsvan-ды сатып алу — компанияның ұзақ мерзімді өсіміне түрткі болады деп есептейді. Өйткені бұл ойыншықтар балалар ғана емес, ересектер арасында да танымал. Сондай-ақ, олар компанияның үшінші тоқсандағы операциялық шығындарының 45 пайызға қысқарғанына назар аударады. Ғылыми-зерттеу мен әкімшілік шығындар азайған. Zacks пікірінше, бұл компанияның орта мерзімді перспективада операциялық табыстылығын сақтауға көмектеседі.

Сарапшылар Letsvan-ның сату географиясы да кеңейіп жатқанын атап өтті. Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шыққаннан кейін, компания Солтүстік Америка нарығына да шығуға ниетті. Бұл өңірде де коллекциялық ойыншықтарға сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді.

Miniso туралы айтсақ, UBS банкі 26 маусымда бұл компанияның акцияларын «сатып алу» туралы ұсынысты және 25,5 доллар деңгейіндегі мақсатты бағаны растады. Бұл — 25 шілдедегі бағаға қарағанда 33 пайызға жоғары. UBS Қытайдағы Miniso дүкендерінде салыстырмалы сатылымның төмендеуі баяулағанын атап өтті. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 5–9 пайызға кеміген болса, екінші тоқсанда тек 1–4 пайызға төмендейді деп болжанып отыр. Бұл — компанияның жаңа нүктелерді ашудан бас тартып, жұмыс істеп тұрған дүкендердің сапасын жақсартуға назар аударуының нәтижесі. Сондай-ақ, компанияда енді ірі флагмандық дүкендер мен мультфильм кейіпкерлеріне арналған арнайы коллекциялар бар. Мысалы, «Лило мен Стич» және «Зоотопия». Танымал жерлерде франшиза өнімдерінің үлесі 50–60 пайызға жеткен, ал өзге дүкендерде бұл көрсеткіш 20 пайыздан аспайды.

Miniso сатылымының 36 пайызы шетелдік нарыққа тиесілі. АҚШ-та компания дүкендер желісін дамытудың жаңа тәсілін қолдана бастады. Бұрын дүкендер ел бойынша шашыраңқы орналасса, енді олар бір-біріне жақын жерге топтастырылған. Бұл логистиканы оңтайландырып, шығынды азайтты және тиімді жалға алу шарттарына қол жеткізуге мүмкіндік берді.

UBS сарапшылары компанияға төнуі мүмкін тәуекелдер қатарында Қытай экономикасының баяулауы, интернет-дүкендермен бәсекелестік күшеюі және Қытайда кәмелетке толмағандарға «сыйлық қораптарын» сатуға шектеу енгізілуі мүмкін екенін атап өтеді. Сондай-ақ АҚШ-тың жаңа сауда саясаты да Miniso-ның жаһандық кеңею жоспарына кедергі келтіруі ықтимал.

Jefferies банкі 10 маусымда Miniso акцияларына «ұстау» деген ұсынысты және 18,5 доллар деңгейіндегі мақсатты бағаны растады. Бұл 25 шілдедегі жабылу бағасынан 3,6 пайызға төмен. 2025 жылдың маусым айының басында Miniso компаниясы Top Toy еншілес бренді үшін IPO алдындағы бағалау жүргізетінін мәлімдеді. Jefferies пікірінше, Top Toy-дың биржаға шығуы инвесторлар үшін ашықтықты арттырады. Сонымен қатар, IPO жаңа өнімдер әзірлеуге және сату аясын кеңейтуге қосымша қаржы тартуға көмектеседі. Бұл Miniso-ға биржаға шығуды жоспарлап отырған басқа бәсекелестер қысымын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, жақында биржаға шыққан Bloks және IPO-ға дайындалып жатқан 52 Toys.

Лабубу үшін қауіп бар ма?

Bloomberg пікірінше, Лабубу брендіне еліктеушілер оның жоғары табысты имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін. Агенттік олардың қатарына тек Вакуку емес, Лафуфу деген ойыншықтарды да жатқызады. Коллекционерлер бұл атауды Лабубу-дың жасанды көшірмелеріне береді. Олар онлайн маркетплейстерде көптеп сатылып жатыр. Бұл қуыршақтардың бет пішіні қисық, аяқ-қолдары симметриялы емес. Алайда олардың да өз тұтынушылары бар. Тіпті олар «шынайы түрінен» көріксіздеу болған сайын, қызығушылық артады.

Bloomberg жазуынша, бұл ойыншықтар Лабубу нарығындағы үлесті аздап алуы мүмкін. Бірақ ешқайсысы оның нарықтағы орнын шайқалта алмайды. Вакуку әлі де дизайнерлік, қымбат ойыншықтар сегментінде жұмыс істейді және Pop Mart-пен баға бойынша бәсекеге түспейді. Ал Лафуфу иелері көп жағдайда кейін түпнұсқа Лабубу сатып алады.

Pop Mart компаниясына шын қауіп төндіретіні — бұл алыпсатарлық нарығы. Биыл 18 маусымда компания Лабубу-дың жаңа сериясын алғаш рет онлайн алдын ала сата бастады. Бұл науқаннан түсетін табыс 500 млн юаньнан асады деп күтілуде. Бұл — зор жетістік. Алайда дәл осы оқиғадан кейін екінші нарықтағы баға 40 пайызға дейін төмендеді. Себебі енді компания қордағы өнімдерді бұрынғыдан жиі және жылдам сатуы мүмкін деген алаңдаушылық пайда болды. Бұрын 99 юань тұратын ойыншықты қайта сатқанда 200–500 юань аралығында пайда көруге болатын. Яғни алыпсатарлар Лабубу өндірушінің өзінен де көп табыс табатын. Бұл ойыншықтардың екінші нарықтағы нақты көлемін бағалау қиын. Бірақ енді бұл нарық тұрақтанып, баға біртіндеп төмендеуі мүмкін деп жазады Bloomberg.

Acadian Asset Management портфелі менеджері Оуэн Ламонт өз блогында Лабубу нарығында «көпіршік» бар ма деген сұрақ қояды. Оның ойынша, жоқ. Себебі жағдай 90-жылдардағы Beanie Babies ойыншық нарығындағы көпіршікпен ұқсас болғанымен, негізі бөлек.

Спекулятивті көпіршік — бұл бағасы шектен тыс өсіп, актив тым қымбаттап кеткенде болатын құбылыс. Ал Лабубу ойыншықтарын сатып алушылардың көбі әлеуметтік мәртебесін көрсетуге немесе эстетикалық ләззат алуға тырысады. Олар табыс табу үшін қайта сатуды мақсат етпейді.

«Егер TikTok-та біреу 60/40 инвестициялық портфель жасап, оның 60 пайызы криптовалюта, 40 пайызы Лабубу болсын десе, сол кезде Beanie Babies дәуіріне аяқ бастық деуге болады», — деп әзілдейді ол.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары