БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Көпіршік кезеңіндеміз»: Figma және басқа да акциялар OpenAI форумынан соң күрт өсті

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
«Көпіршік кезеңіндеміз»: Figma және басқа да акциялар OpenAI форумынан соң күрт өсті

ChatGPT жасаған OpenAI өз чат-ботына өзге компаниялардың қосымшаларын біріктіруді үйренді. Дүйсенбі күнгі саудада OpenAI серіктестері ретінде аталған компаниялардың акциясы қымбаттады. Сарапшылардың айтуынша, OpenAI атауымен бірге аталудың өзі басқа компаниялар үшін инвестор тартуға жеткілікті болды. 

Егжей-тегжейлі

6 қазанда өткен әзірлеушілер конференциясында OpenAI қолданушыларға ChatGPT ішінде өз қосымшаларын жасап, оны басқа қолданушыларға да қолжетімді етуге мүмкіндік беретін Apps SDK құралын таныстырды. Бұл әзірлеу жиынтығы қазірдің өзінде алдын ала нұсқада қолжетімді.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман мысал арқылы көрсетті: енді қолданушы ChatGPT арқылы Figma платформасын пайдаланып, чат ішінде салған эскизді жұмыс сызбасына айналдыра алады. Сондай-ақ, бот плейлист жасағысы келген адамның сұрауына Spotify сервисін ұсынатынын да демонстрациялады.

6 қазандағы саудада OpenAI серіктестері аталған және олардың қосымшалары ChatGPT ішінде қолжетімді болатын компаниялардың акциясы күрт өсті. Компанияның мәліметінше, ChatGPT-ке аптасына шамамен 800 млн адам жүгінеді.

Қай акция қымбаттады?

— Бірлескен дизайн жасауға арналған Figma қосымшасының котировкасы сауда қорытындысы бойынша 7,4% өсті (кей сәтте өсім 16,4%-ға дейін жетті).

— HubSpot компаниясының CRM жүйелері мен маркетингтік бағдарламалық қамтамасыз етуін әзірлеуші ретіндегі акциясы 2,6% қымбаттады.

— Маркетологтарға арналған бұлтты корпоративтік шешімдер әзірлеушісі Salesforce акциясы 2,3% өсті.

— Онлайн-сапар брондау сервисі Expedia Group қағазы сауда кезінде 7%-ға дейін көтеріліп, дүйсенбі күнгі сауданы 2,1% плюспен жапты.

— Туристік бағыт, қонақүй мен мейрамхана туралы пікір жинайтын TripAdvisor агрегаторының қағазы сауда кезінде 7%-ға дейін көтеріліп, күн соңында 1%-дан аз өсіммен жабылды. Кейін постмаркеттің кезінде тағы 6% өсті.

— Barbie ойыншығын өндіруші Mattel компаниясын OpenAI ықтимал интеграция үлгісі ретінде атап өтті: акция бір сәтте 6% күрт өсіп, күн соңында барлық өсімді жоғалтты.

— Музыкалық стриминг сервисі Spotify Technology — ChatGPT жаңа қолданбалар жүйесі аясында ұсына алатын мысалдардың бірі — акциясы 1,2% қымбаттады.

— Білім беру сервисі Coursera қағазы 0,4% өсті.

— OpenAI серіктестерінің тізімінде аталған Uber Technologies такси сервисінің акциясы 3,6% қымбаттады.

Сарапшылар пікірі

— «Қазір бұл таза импульстік нарық: OpenAI аты аталған кез келген нәрсе акцияны қозғалысқа келтіреді, ал инвесторлар іргелі көрсеткіштерге мүлде мән бермей отыр, — деді Bloomberg-ке Themis Trading компаниясының серіктесі Джо Салуззи. — OpenAI-дың әрбір аталуы қанша табыс әкелетінін ешкім нақты білмейді. Мұндай нарықтық қозғалыс алаңдататыны рас, бірақ қазір жасанды интеллект арқылы орасан қаржы айналып жатыр. Бұл бұрынғы Pets.com секілді жағдай емес. Барлығы нарықтың «көпіршік» кезеңінде тұрғанын түсінеді. Бірақ мәселе — біз оның басындамыз ба, әлде соңына таяп қалдық па, ешкім білмейді».

— «OpenAI жаңа қолдану сценарийлерін көрсетіп, бағдарламалық жасақтама әзірлеушілеріне жаңа қолданушылар тартуға көмектесіп жатыр», — деп жазды Bloomberg Intelligence сарапшысы Анураг Рана. Оның айтуынша, OpenAI мен басқа компаниялар арасындағы серіктестікті кеңейту бағдарламалық қамтамасыз ету индустриясындағы дүрбелеңге қатысты алаңдаушылықты азайтуы мүмкін.

— Конференция алдында Wedbush сарапшылары клиенттеріне жолдаған жазбасында: «Инвесторлар ең алдымен онлайн-туризм секторына елеулі әсер етуі мүмкін жаңалықтарды күтті — мейлі ол қолданушы сценарийі тұрғысынан болсын, мейлі коммерцияландыру тұрғысынан болсада», — деп жазған. Алайда олардың айтуынша, OpenAI мұндай бизнеске қауіп емес, керісінше серіктес бола алатынын көрсетті, деп жазады MarketWatch Wedbush жазбасына сілтеме жасап.

— Mizuho сарапшылары ChatGPT-мен жаңа интеграциялардың жариялануын «ашық интернет үшін жалпы алғанда жағымсыз сигнал, ал Google үшін ерекше жағымсыз белгі» деп атады, деп жазады MarketWatch. Олардың пікірінше, чат-бот іздеу жүйесіне де, қосымша дүкеніне де қауіп төндіріп отыр. «Егер қолданушылардың белсенділігі барған сайын ChatGPT ішінде шоғырланып, ол тікелей ендірілген қолданбаларға жүгінетін болса, көптеген қазіргі қосымшалар жаппай тұтыну тауарлары статусына айналуы мүмкін», — дейді сарапшылар.

Сонымен қатар, Mizuho тобының пікірінше, ChatGPT-мен интеграция Booking.com мен Expedia сияқты туристік компанияға «ең болмағанда бастапқы кезеңде клиенттерді тартуға көп шығындалмай, кеңірек аудиторияға шығуға» мүмкіндік береді. Алайда, кейін әзірлеушілер өз қолданбаларын ChatGPT ішінде жаппай сала бастағанда, пайдаланушылардың әдеттері өзгеріп кету қаупі туындауы мүмкін. Өйткені, OpenAI адамдардың қызметтер мен қосымшаларды пайдалану тәсілін өзгерткісі келеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары