Kraft Heinz бизнес бөлінер алдында жаңа CEO таңдады. Акциялар не болды?

Kraft Heinz компаниясы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бас директор болып бұрын Kellanova тіскебасар өндірушісін басқарған Стив Кэхиллэйн тағайындалатынын хабарлады. Kraft Heinz құрамында Oscar Mayer және Kraft Heinz сияқты азық-түлік брендтері бар. CNBC жазуынша, ол бұл қызметке компанияны бөлу жоспары алдында келеді.
Егжей-тегжейі
Reuters мәліметінше, Kraft Heinz 2025 жылғы қыркүйекте бизнесін екі ашық компанияға бөлу туралы шешім қабылдады. Бұған бірнеше жыл қатарынан сатылымның төмендеуі, өнім бағасының өсуі және импорттық баж салығы салдарынан шығынның артуы әсер еткен. Компания бөліну 2026 жылдың екінші жартысында болады деп күтеді.
— Kraft Heinz болжамы бойынша, кейін Кэхиллэйн Global Taste Elevation деп аталатын бизнесті басқарады. Бұл құрылымға өсімі жоғары брендтер кіреді. Олардың қатарында Heinz (кетчуп пен соустар), Philadelphia (крем ірімшік) және Kraft Mac & Cheese (ірімшік қосылған макарон) бар. Бұл бизнестің 2024 жылғы түсімі шамамен 15,4 млрд доллар болды.
— Екінші компания әзірге North American Grocery деп аталады. Оған Oscar Mayer (шұжық және хот-дог), Kraft Singles (балқытылған ірімшік тілімдері) және Lunchables (дайын жеңіл ас жиынтықтары) брендтері біріктіріледі. Бұл бөлімшенің 2024 жылғы жылдық түсімі шамамен 10 млрд доллар болған.
Бұған дейін компания бұл бизнесті қазіргі Kraft Heinz бас директоры Карлос Абрамс-Ривера басқарады деп жоспарлаған. Бірақ қазір компания оның бөлінген Kraft Heinz құрылымында 2026 жылғы 6 наурызға дейін кеңесші болып жұмыс істейтінін айтты. CNBC мәліметінше, Абрамс-Ривера 2024 жылдан бері бас директор қызметін атқарып келеді. North American Grocery бөлімін кім басқаратыны әзірге белгісіз. Жақын уақытта бұл мәселені Kraft Heinz директорлар кеңесі қарайды.
Стив Кэхиллэйн несімен белгілі?
60 жастағы Кэхиллэйн бұрын Kellogg таңғы ас өнімдерін шығаратын компанияны басқарған. Ол басқарған кезең де бөліну уақытына сәйкес келді. 2023 жылы Kellogg Солтүстік Америкадағы баяу өсетін таңғы ас бизнесін бөлек WK Kellogg компаниясы етіп шығарды. Ал өзі тіскебасар сегментіне көңіл бөлді. Кейін бұл бағыт Kellanova деп аталды. Кэхиллэйн Kellanova-ны Mars компаниясы 35,9 млрд долларға сатып алғанға дейін басқарды. Бұл мәміле өткен аптада аяқталды. Ол сондай-ақ Coca-Cola-да және ірі сыра өндіруші AB InBev компаниясында жұмыс істеген.
Jefferies сарапшысы Скотт Маркс: «Бұл қадам Global Taste Elevation бөлімін мәміле үшін нысана болуы мүмкін деген инвесторлар арасындағы әңгімені күшейтеді», — деді.
Reuters жазуынша, сарапшылар Кэхиллэйнді Kraft Heinz-ке компанияның қалпына келуін тездету үшін әкелді дейді. Оның тұтыну тауарлары саласында шамамен 30 жыл тәжірибесі бар. Kraft Heinz соңғы жылдары сатылым көлемін қайта өсіре алмай, бәсекелестерден қалып қойған. «Мен бүкіл мансабымды бренд жасауға арнадым. Kraft Heinz сияқты танымал портфельмен де соны жасау мүмкіндігі — орындалған арман», — деді Кэхиллэйн.
Акциялар не болды?
16 желтоқсанда Kraft Heinz акциялары 0,9% өсті. Reuters мәліметінше, 2017 жылғы ең жоғары деңгеймен салыстырғанда компания қағаздары шамамен 75% құлдыраған. Ал Карлос Абрамс-Ривера 2024 жылғы қаңтарда компания басына келгеннен бері акциялар шамамен 30% төмендеген.
Reuters келтірген LSEG дерегіне сай, компанияның болжамды баға/пайда көрсеткіші (forward P/E) 9,73. Салыстыру үшін, PepsiCo-да бұл көрсеткіш 17,67, Coca-Cola-да 22,04, ал Mondelez-те 17,21.
Kraft Heinz акциясын бақылап отырған 20 сарапшының 18-і оны портфельде ұстауға кеңес береді. Біреуі сатып алуды, біреуі сатуды ұсынады.








