БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Криптовалюталарға инвестициялық портфельде орын жоқ – британдық инвестициялық қор

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Криптовалюталарға инвестициялық портфельде орын жоқ – британдық инвестициялық қор

Инвесторларға цифрлық активтерге асығып ақша салудың қажеті жоқ және оларды жалпы инвестициялық портфельде ұстау да дұрыс емес, деп мәлімдеді Ұлыбританияның ең ірі инвестициялық платформасы Hargreaves Lansdown. Елде криптовалюталарға қатысты реттеу жеңілдегеніне қарамастан, компания олардың «тым тәуекелді әрі ішкі құндылығы жоқ» екенін айтады. Алайда нарықтағы барлық ойыншылар бұл пікірмен келіспейді — ірі банктер мен инвестициялық компаниялар биткоинді өз стратегияларына белсенді түрде енгізіп жатыр.

Егжей-тегжейлі

Ұлыбританиядағы ең ірі инвестициялық платформасы Hargreaves Lansdown криптонарықтағы ережелердің жұмсаруы арқылы табыс табуды көздеген инвесторларға ескерту жасауда: «криптовалюталарға инвестициялық портфельде орын жоқ», — деп жазады CNBC.

Бұл мәлімдеме Ұлыбритания билігі 8 қазанда жеке инвесторларға криптовалюталарға байланған биржалық ноталарды (ETN) сатып алуға мүмкіндік беретін көпжылдық тыйымды алып тастағаннан кейін жасалды. Осылайша инвесторлар енді реттелетін биржалар арқылы цифрлық токендерге қол жеткізе алады.

«Hargreaves Lansdown көзқарасы бойынша биткоин — активты класқа жатпайды. Біз криптовалюталарда портфельдің өсуі мен табыстылығын қамтамасыз ететін қасиеттер жоқ деп санаймыз. Олар клиенттердің қаржылық мақсаттарына жету құралы бола алмайды», — делінген компания хабарламасында.

Сондай-ақ, онда криптовалюталардың тиімділігін талдау мүмкін емес екені және «басқа баламалы активтерден айырмашылығы, олардың ішкі құндылығы жоқ» екені атап өтілген.

Компанияның айтуынша басты қауіптердің бірі — криптовалюталардың жоғары құбылмалылығы (волатильділігі). Сарапшылар биткоинді де қоса алғанда, барлық криптоактивтермен байланысты тәуекелдерді ескеруге шақырды.

«Биткоинның ұзақмерзімді көрсеткіштері оң болғанымен, ол бірнеше рет күрт құлдырау кезеңдерін бастан өткерді және әлі де өте құбылмалы құрал болып қалып отыр — акциялар мен облигацияларға қарағанда тәуекелі көп», — делінген Hargreaves мәлімдемесінде.

Сонымен бірге, компания крипто-ETN құралдарымен алыпсатарлық жасағысы келетін кейбір клиенттердің сұранысын түсінетінін айтып, 2026 жылдың басынан бастап мұндай операцияларды белгілі бір инвесторларға қолжетімді етуді жоспарлап отыр.

Криптовалюталарды қолдаушылар

Қыркүйекте Morgan Stanley өз E-Trade бөлімшесі арқылы бөлшек инвесторларға криптовалюталармен сауда жасауға мүмкіндік беруді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұған дейін ол ауқатты клиенттеріне биткоин-қорларға қол жеткізу ұсынған алғашқы ірі америкалық банк болды — кейін бұл қадамды басқа банктер де қайталады, деп жазады CNBC.

Сонымен қатар, JPMorgan басшысы Джейми Даймонның криптовалюталарды ашық сынағанына қарамастан, банк стейблкоиндар нарығына шығуға ниетті.

Invesco компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (EMEA) өңірі бойынша ETF бөлімінің басшысы Крис Меллор CNBC-ге берген сұхбатында: «Цифрлық активтер дәстүрлі нарықтардағы құбылмалылықтан қорғану құралы бола алады», — деді.

Оның айтуынша биткоин мен басқа криптовалюталарды жиі «сандық алтын» деп атайды және бүгінде «биткоин болашақта алтынның орнын баса ала ма?» деген сұрақ жиі көтеріледі.

«Біздің ойымызша, портфельде екеуіне де орын бар. Әрине, олардың корреляциясы уақыт өте өзгеруі мүмкін, бірақ соңғы айларда биткоиннің акциялармен, АҚШ қазынашылық облигацияларымен және алтынмен байланысы өте төмен екенін байқадық», — деді Меллор.

DeVere Group консалтингтік компаниясының бас директоры Найджел Грин болса, биткоин бағасының $125 000 деңгейінен асуын цифрлық активтердің қаржы мейнстриміне толық енуінің белгісі деп атады.

«Инвесторлар биткоинді енді нарықтың шеткері қызығушылығы ретінде емес, негізгі қаржы құралы ретінде көреді. Иә, құбылмалылық бар, бірақ бұл — жетілген нарықтағы баға қалыптасуының табиғи бөлігі. Қысқа мерзімді тербелістер капитал осындай көлемде қозғалғанда — қалыпты құбылыс», — деді ол CNBC-ге.

Грин мұны биткоин үшін «уақытша ралли емес, құрылымдық бетбұрыс» деп атап өтті және Дональд Трамп әкімшілігінің криптовалюталарға жақсы қарайтын саясаты активке қосымша тұрақтылық беріп отырғанын айтты. «Бүгінгі таңда биткоин институционалды және шыдамды инвесторлардың қолында. Ал нарыққа стратегиялық көзқараспен қарайтындар үшін биткоин әлі де сенімді әрі төзімді инвестиция болып қала береді», — деп түйіндеді ол.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары