Krispy Kreme акциялары нарықтағы сатылымға қарамастан өсті

Пончик өндіруші Krispy Kreme компаниясының акциялары үшінші тоқсанның есебі жарияланғаннан кейін 3,7%-ға өсті. Компания биыл алғаш рет оң ақша ағынын тіркеп, бір акцияға шаққандағы шығынның аналитиктер күткеннен аз болғанын мәлімдеді.
Егжей-тегжейлі
Krispy Kreme акциялары 6 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша 3,7%-ға қымбаттады, бұл АҚШ қор нарығындағы жалпы құлдырауға қарамастан орын алды: сол күні S&P 500 индексі 1%-дан астам төмендеді.
Инвесторлардың компанияға назар аударуына 2025 жылы алғаш рет оң операциялық ақша ағынының тіркелуі себеп болды. Пончик өндіруші бұл жетістік арқылы маусым айында АҚШ-та McDonald's-пен серіктестікті тоқтатқаннан кейін бизнесін қалпына келтіру жоспарының ілгерілеп жатқанын көрсетті. 6 қараша таңертең есеп жарияланғаннан кейін акциялар құны бір сәтте 30%-ға дейін өсіп, $4,5-ке жетті.
Есептегі маңызды жайттар
Қаржылық есепке сәйкес үшінші тоқсанда Krispy Kreme-нің операциялық ақша ағыны $42,3 млн, ал еркін ақша ағыны $15,5 млн болды. Салыстыру үшін, алдыңғы екі тоқсанда компания тек шығынға ұшыраған: операциялық ақша ағыны -$53,3 млн, ал еркін ақша ағыны -$107 млн болған. Бұл Krispy Kreme-нің бұрын капиталдық және операциялық шығындарға көбірек ақша жұмсағанын, бірақ үшінші тоқсанда жағдайдың өзгергенін білдіреді.
Бір акцияға шаққандағы түзетілген шығын $0,01 болды — бұл аналитиктердің $0,05 деген болжамынан әлдеқайда жақсы нәтиже, деп жазады Stockstory. Ал түзетілген EBITDA көрсеткіші $40,6 млн-ға дейін өсті, бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Бұған қарамастан, компания McDonald's-пен аяқталған мәміле бойынша шығындарды әлі де көтеріп отыр.
Bloomberg-ке берген сұхбатында бас директор Джош Чарльзуорт Krispy Kreme төртінші тоқсанда да EBITDA көрсеткішінің өсуін және еркін ақша ағынының оң болуын күтетінін айтты. Алайда GAAP стандарттары бойынша компания әлі де залалды болып отыр.
Сарапшылардың пікірі
АҚШ-тағы түзетілген EBITDA шамамен 50%-ға өсіп, $21 млн-ға жетті, бірақ бұл көрсеткіш $9,3 млн көлеміндегі сақтандыру өтемақысымен байланысты болды. Бұл Krispy Kreme-нің АҚШ-тағы рентабельділікті арттыру үшін біраз уақыт қажет болатынын көрсетеді, деп атап өтті Citi талдаушысы Джон Тауэр. Ол компания акцияларына бейтарап рейтинг сақтап отыр.
Жыл басынан бері Krispy Kreme капитализациясының 60%-дан астамын жоғалтқанымен, соңғы айда акциялар 6,3%-ға өсті. Дегенмен Zacks Investment Research сарапшылары қағаздарды «белсенді түрде сату» ұсынысын сақтап, жақын болашақта акция бағасы нарықтан төмен болады деп күтеді.
MarketWatch деректері бойынша, компания акцияларын бақылайтын сегіз аналитиктің төртеуі — «ұстап тұруды», екеуі — «сатуды», тағы екеуі — «сатып алуды» ұсынады. Krispy Kreme акцияларының орташа мақсатты бағасы $4,3, бұл 6 қарашадағы жабылу бағасынан шамамен 10%-ға жоғары.








