Трейдерлер Krispy Kreme акцияларын аспандатты. Оларға шабыт берген не?

ФБР директоры пончик өндіруші Krispy Kreme компаниясының акцияларына ондаған мың доллар инвестиция салғанын айтып, бұл мәмілені жақсы деп бағалаған. Оның бұл сөзі бөлшек трейдерлерге шабыт беріп, Krispy Kreme акциялары 12%-ға күрт өсті.
Егжей-тегжейлі
ФБР директоры Каш Патель 17 қыркүйекте осы жылғы ең ерекше акция раллилерінің бірін туғызды. АҚШ Конгрессінде өлтірілген саясаткер Чарли Кирк ісі бойынша тыңдаулардың екінші күні басталғаннан бірнеше сағат өткен соң Патель инвестициялар туралы сұраққа жауап бере отырып, Krispy Kreme акцияларын сенімді инвестиция деп атады.
ФБР басшысы Өкілдер палатасының Құқықтық комитеті тарапынан мемлекеттік қызметте жүріп жеке компаниялардың акцияларын не себепті сатып алғаны туралы табанды сұрақтарға тап болды. Патель өзінің бұрыннан биржада сауда жасаумен айналысатынын және Krispy Kreme мен ON Semiconductor компанияларының акцияларынан «жақсы инвестициялық» мүмкіндік көргенін айтты. «Мен тек кейбір өнеркәсіп салаларын бақылап жүремін және олар жақсы инвестиция болады деп ойлаймын», – деді ол.
Биржа трейдерлері, сірә, бұған назар аударды. Bloomberg мәліметінше, ФБР директорының пікірінен кейін бірнеше минут ішінде Krispy Kreme акциялары 12%-ға, ал ON Semiconductor акциялары 4,1%-ға өсті. Күн соңында Krispy Kreme акциялары шамамен 1% өсіммен жабылып, 18 қыркүйектегі премаркетте тағы 6%-ға көтерілді. ON Semiconductor акциялары сәрсенбі күнгі сауда нәтижесінде бар болғаны 0,5%-ға, ал бейсенбі таңғы саудада тағы 1,4%-ға қымбаттады.
ФБР директорының инвестициялары неге назарда?
ФБР басшысының инвестициясы жұрт назарына іліккені – Өкілдер палатасы мүшелері Конгресс мүшелеріне акция саудасына тыйым салатын заң жобасын ұсынғаннан кейін болды. Сәрсенбі күнгі тыңдауда Патель бұл құжатпен бір конгрессменмен бірлесіп жұмыс істейтінін айтты, деп жазады CNN.
АҚШ-та федералды қызметкерлерге акция саудасына рұқсат етілген, бірақ олар ақпаратты ашу және этика талаптарын орындауы тиіс. Патель акция сатып алар алдында Әділет министрлігінің ұсынысына сәйкес өтінім жіберетінін мәлімдеді.
Осы жазда Мемлекеттік органдардың этика басқармасына ұсынылған қаржылық есеп бойынша, Патель 9 мамырда Krispy Kreme акцияларын 15 000 – 50 000 доллар көлемінде сатып алған. ON Semiconductor компаниясына ұзақ мерзімді инвестиция ретінде ол 50 000 – 100 000 доллар салған, деп хабарлайды CNN. Содан бері Krispy Kreme акциялары шамамен 15%, ал ON Semiconductor акциялары 12%-ға өскен.
Нарыққа әсер – жай ғана пікірдің күші
ФБР директорының қарапайым бір пікірінің өзі акция бағаларына әсер етуі қазіргі нарықта жеке трейдерлердің әсері қаншалықты күшейгенін көрсетеді, дейді Bloomberg. Бұрын олар «мем-акциялар», белгісіз криптовалюталар және SPAC-компанияларының бағаларын көтерген болатын, ал соңғы уақытта Дональд Трамп пен оның серіктестерімен байланысты компанияларға назар аударып жүр.
Патель — Трамптың көп жылдық жақтасы, және ФБР басшысы ретінде былтырғы сайлаудан кейін тағайындалған.
Krispy Kreme акцияларының өрлеу және құлдырау тарихы
Krispy Kreme акциялары мұндай күндізгі күрт өсуді бұрын да бастан өткерген. Шілде айында олар кезекті «мем-акция» толқынының ортасында қалды: бөлшек трейдерлер бағасы түсіп кеткен акцияларды жаппай сатып алып, компанияның негізгі көрсеткіштері өзгермесе де бағасын көтерген. Алайда жыл басынан бері пончик өндіруші компанияның акциялары шамамен 70% құнсызданды.
Krispy Kreme – жай мем емес, нақты бизнес. Дегенмен, оның акцияларының күрт өсуі бұл жылы нарықтағы трендтерді айқын көрсетіп отыр, дейді Interactive Brokers компаниясының бас стратегы Стив Сосник.
Оның айтуынша, «инвестиция мен жай ғана хикая қуалау арасында айырмашылық бар», ал ФБР директорының пікірінен кейінгі компания акцияларының шарықтауы – соңғысына жатады.
«Бұл реакция нарықтағы толқудың деңгейін көрсетеді... Бұл ралли басталғаны секілді тез аяқталды, себебі оның негізінде ештеңе жатқан жоқ», – деп түйіндеді Сосник.








