Лиза Судың үлкен ставкасы: AMD басшысы ЖИ нарығын қалай өзгертті

1970-жылдары Тайванда кішкентай қыз радиомен басқарылатын ойыншық машинаны қызығушылықпен бөлшектеп тастады. Сол сәттен бастап Лиза Судың жолы басталды. Кейін ол технология әлеміндегі ең ықпалды әйелдердің біріне — AMD компаниясының бас директоры, «чиптер патшайымы» атанды.
Жартылай инженер, жартылай менеджер: жартылай өткізгіштерге жол
Лиза Су 1969 жылы Тайваньның Тайнань қаласында дүниеге келген. Әкесі — статистик Су Чун-хвай, анасы — есепші Сэнди Ло. Ол үш жасында ата-анасымен бірге АҚШ-қа көшіп кетті. Әкесі Техас университетінің аспирантурасына түсіп, кейін отбасы Нью-Йоркке қоныс аударды. Лиза Куинс ауданында өсті, бала кезінен ғылым мен техникаға қызықты, үйдегі Commodore 64 компьютерінде алғашқы бағдарламаларды жазды. Радиомен басқарылатын ойыншықтарды бөлшектеп жинағанды жақсы көрді — инженерияға қызығушылығы осылай пайда болды. Кейін ол Бронкс ғылым мектебіне түсіп, оны 1986 жылы бітірді.
Онда ол, мысалы, қораптың ішінде мини-ураган моделін жасап шығарды — қайнаған су мен бақылауға болатын терезелері бар құрылғы. Мектептен кейін Лиза Массачусетс технология институтын (МТИ) және ең қиын мамандық саналатын электротехниканы таңдады. 1990-жылдары аталған оқу орнында бакалавр, магистр және PhD қорғады. Сол кезде ол алғаш рет жартылай өткізгіш зертханасында жұмыс істеді және кішкентай чиптің орасан көп деректі сақтап, өңдей алатынына таңданды. Оның MOSFET транзисторлары жөніндегі диссертациясы оның болашақ мансабын анықтады.
Лиза Су айналысатын жартылай өткізгіштер — электр тогын өткізе де, өткізбей де алатын материалдар. Сол арқылы чиптер қосылып-өшіп, логикалық операциялар орындайды. Бұл — қазіргі электрондық құрылғылардың негізі, барлық заманауи технологиялардың «миы»: телефондар, компьютерлер, көліктер, интернет пен жасанды интеллект жүйелері. Соңғы 70 жылда чиптер бүкіл өмірді де, экономиканы да өзгертті.
Ғалымнан менеджерге дейін
Оқуын тәмамдаған соң Лиза Су ғылыми зерттеуден басқаруға бет бұрды. 1994 жылы Texas Instruments компаниясына инженер болып кірді, ал келесі жылы IBM-ге өтті. IBM-нің жартылай өткізгіштер орталығында ол алюминийдің орнына мыс қосылыстарды енгізу жобасына қатысты. Ғылыми жетістіктерден кейін оны басқарушы қызметке тағайындап, орталықтың вице-президенті етті. IBM-де 12 жылдан астам жұмыс істеді, кремний технологияларын дамыту мен Sony, Samsung, AMD сияқты компаниялармен бірлескен жобаларды басқарды.
2007 жылы ол Freescale Semiconductor компаниясына өтті. Бұл — бұрын Motorola-ның бөлігі болған әйгілі жартылай өткізгіш өндіруші. Freescale-де Лиза Су алғаш рет жоғарғы басшылық деңгейіне көтеріліп, техникалық директор болды. Сол кездің өзінде сала мамандары оны жартылай өткізгіш индустриясындағы жетекшілердің бірі деп таныды.
Құтқарушы миссия
Дүйім жұрт Лиза Су туралы AMD-ге келгеннен кейін білді. Егер біреу ол жай ғана бір компаниядан екіншісіне ауысып отырды деп ойласа, қателеседі. Лиза Су AMD-ні даңқты етті. Ол банкрот болудың аз-ақ алдында тұрған компанияны қайта тірілтті.
AMD (Advanced Micro Devices) — үйдегі компьютерлерден бастап Google, Meta, Amazon және Microsoft деректер орталықтарына дейін қолданылатын жартылай өткізгіштерді жасайтын ірі өндіруші. Компания сонымен қатар графикалық процессорлар (GPU) шығарады. Яғни, егер сіз қазіргі технологияларды қолдансаңыз, күніне бір рет болса да AMD өнімдерімен жұмыс істейсіз.
Кризистен өрлеуге: Zen технологиясы AMD-ні қалай құтқарды
Лиза Су 2012 жылы AMD-ге аға вице-президент болып келді, ал үш жылдан кейін компанияның басшысы атанды. 2014 жылы бір акцияның бағасы 2,8 доллар болса, 2025 жылы 235 доллардан асты. 2014 соңында компанияның қарызы 2,21 млрд доллар, ал нарықтық құны 2,07 млрд қана болатын. Су қызметкерлердің төрттен бірін қысқартып, Остиндегі кеңсесін сатып, кейін жалға алып, қымбат зауыттарды бөлек құрылым етті.
Сол кезде компьютер нарығы құлдырап, адамдар смартфон мен планшетке көшті. Кейбіреулер оған телефондарға арналған чиптерге көңіл бөлуге кеңес берді, бірақ ол басқа жолды таңдады: командасына жаңа буындағы, алдыңғысынан 40% қуаттырақ чип пен секундына квинтиллион операция орындайтын суперкомпьютер чипін жасауды тапсырды. Ал бұл уақытта компанияны аман ұстау үшін Sony мен Xbox-қа арналған GPU келісімдерін жасады, сондай-ақ өз технологияларының бір бөлігін Қытай консорциумына 293 миллион долларға сатты.
2016 жылы инженерлер жаңа буын технологиясын жасап, оны Zen деп атады. 2017 жылы Ryzen және EPYC атты чиптер сатылымға шықты. Zen чиптері қуатты әрі энергияны үнемдейтін болып шықты, сондықтан олар тек компьютерлерде ғана емес, деректер орталықтарында және суперкомпьютерлерде де қолданыла бастады. AMD АҚШ-тың ғылыми орталықтарымен серіктестікті күшейтті. Олардың процессорлары Frontier және El Capitan сияқты ең қуатты суперкомпьютерлердің негізі болды. Frontier 2022 жылы іске қосылып, әлемде алғаш экзафлопс шегінен асқан компьютер атанды, яғни секундына квинтиллионнан астам операция орындайды. El Capitan (2024) одан да қуатты және ол да AMD чиптерін қолданады. Осылайша Лиза Су AMD-ні жаңа буын чиптерін зерттеуде көшбасшы етті.
Nvidia және Intel-мен бәсеке
2016 жылға қарай Intel CPU нарығын толық бақылап тұрды — бұл компьютердің «миы» саналатын орталық процессорлар. Intel-дің үлесі 85–90%, ал AMD-нің үлесі бар болғаны 10–15% еді. Zen шыққаннан кейін AMD процессорлары өнімділік пен баға жағынан Intel-ден асып түсті. Кейін олар деректер орталықтарына да кірді, бұл жерде бұрын Intel-дің бәсекелесі жоқ болатын. 2018 жылдан бері AMD-нің нарықтағы үлесі өсіп, 2024 жылы 43,3%-ға жетті (Intel — 56,7%). Ал сервер чиптері нарығында AMD 2016 жылы 1–2%-дан 2024 жылы 29,4%-ға дейін көтерілді. Тек ноутбук сегментінде Intel әлі де басым.
Бірақ AMD-нің басты қарсыласы — Nvidia. Бұл компанияны Лиза Судың туысы Дженсен Хуанг басқарады. Лиза айтқандай, олар бір-бірін іс жүзінде танымайды, алғаш рет конференцияда кездескен.
AMD мен Nvidia — геймерлер мен биткоин майнерлеріне жақсы таныс GPU нарығындағы бәсекелестер, қазір олар ЖИ саласында да күресіп жатыр.
Нейрожелілерге арналған арнайы ЖИ чиптері қажет. Олар көптеген операцияны бір уақытта орындайды, аз энергия жұмсайды және ЖИ компанияларының деректер орталықтарында шығынды азайтады.
Бірақ дербес компьютерлерге арналған GPU нарығында AMD-нің жағдайы қиын: 2025 жылдың екінші тоқсанында Nvidia үлесі 94%-ға жетті, ал AMD-ге тек 6% қалды.
ChatGPT-дің AMD үшін маңызды сәті: ақыл мен темір тоғы
ЖИ чиптері нарығы 2030 жылға қарай 3,4 есе өседі деп болжануда. Болжам 244 млрд-тан 827 млрд долларға дейін. Қазір бұл сегментте Nvidia-ның үлесі 85,2%, AMD-нің үлесі — 14,3%.
Бірақ бұл көрсеткіштер OpenAI келісіміне дейінгі сандар. 6 қазанда Лиза Су мен Сэм Альтман келісім жасады: OpenAI AMD-ден есептеу қуаты 6 гигаваттқа тең чиптер сатып алады. Ал AMD-ге OpenAI компания акцияларының 10%-на дейін (160 млн акция) бір центтен сатып алу құқығы беріледі. Бұл мәміле AMD-ге келесі бес жылда ондаған миллиард доллар табыс әкеледі деп түсіндірді Лиза Су WSJ-ге.
Nvidia басшысы Дженсен Хуанг CNBC-ге берген сұхбатында былай деді:
«Бұл тапқыр, ерекше әрі күтпеген шешім. Компания келесі өнімін әлі шығармағанына қарамастан, 10% үлесті беруге дайын болғандарына таңғалдым. Бірақ, белгілі бір тұрғыдан, бұл шынында да өте айлакер қадам».
14 қазанда Лиза Су тағы бір келісімге қол қойды: Oracle компаниясы 2026 жылдың екінші жартысында 50 000 AMD графикалық процессорын пайдаланатынын хабарлады. 2027 жылы серіктестікті кеңейту жоспарлануда. CNBC жазғандай, бұл бұлтты қызмет көрсетушілердің ЖИ саласында Nvidia-ның орнына AMD шешімдерін көбірек таңдай бастағанының дәлелі болды.








