Ми мен эмоциялар инвестицияға қалай кедергі жасайды?

АҚШ-та ересектердің 62%-ы акцияларға тікелей немесе қорлар арқылы ақша салады. Ал ЕО елдерінде бұл көрсеткіш ең жақсы жағдайда 20%-ға жетеді. Экономист Денис Елаховский бірнеше зерттеулерді талдап, адамдарға инвестициялауға не кедергі болатынын, тіпті алғашқы брокерлік есепшот ашудан неге қашатынын түсінуге тырысты.
Ертеңгі күнге сенім
Көп адамдар неге инвестор болуға асықпайды? Мұның қисынды себептері бар: жаңадан кіргендер үшін қаржы нарығының күрделілігі, табыстың аздығы, банктегі депозиттердің жоғары пайызы, салық есептеу мен төлеудегі қиындықтар және тағы басқа. Бірақ Мюнстер университетінің неміс ғалымдарының жаңа зерттеуі, бір қарағанда байқала бермейтін, тағы бір себепті көрсетті. Ол — психология.
Қысқасы, зерттеудің негізгі қорытындысы: тұрақты жақсы көңіл-күй адамға инвестор болу мүмкіндігін арттырады. Ал уайым мен күйзеліс көбейгенде, адамдар биржадан алыстайды.
Зерттеу деректері — German Socio-Economic Panel (SOEP), Германиядағы ең ірі жыл сайынғы әлеуметтік-экономикалық сауалнама. Жыл сайын ондаған мың адам табысы, денсаулығы, білімі және жинақтары жайлы сұрақтарға жауап береді. Зерттеу психологияның инвестицияға шешім қабылдауға үш жолмен әсер ететінін көрсетті. Олар: болашақ табысты күту, ішкі сенім және тәуекелге бейімділік. Уайымы жоғары адамдар бұл үш параметр бойынша өзін төмен бағалап, қаржы нарығына қадам басуға қаймығады.
Бұл казино емес пе?
Инвестицияға шешім қабылдауда сенім деңгейінің де рөлі зор. 2005 жылы АҚШ-тағы Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы қарапайым тәжірибе жасады: адамдарға «басқаларға жалпы сенуге бола ма, әлде әрдайым сақ болған дұрыс па?» деген сұрақ қойылды. «Сенуге болады» дегендер акция иесі болуға 6,5 пайыздық пунктке жиірек бейім екені анықталды. Бұл шамамен 50%-ға жоғары ықтималдық деген сөз. Яғни сенсең — инвестиция жасайсың, сенбесең — ақшаңды қолда ұстайсың.
Байлардың ойыны
Кейде кедергі ішкі сенімнен шығады. Фин ғалымдарының 2022 жылғы еңбегі (19 еуропалық елдің деректері негізінде) мынаны көрсетті: егер адам «қаржы нарығы тек байларға арналған» немесе «тәуекелі тым жоғары» деп ойласа, ешқандай дәлел оны брокерлік шот ашуға көндірмейді. Мысалы, «нарық әділетсіз» деген сенімі бар қатысушылар акция иесі болуға 10–12%-ға сирек барған. Бұл табысы мен білім деңгейі ұқсас адамдардың өзінде байқалған.
Көршімен тең болу
Әлеуметтік орта да әсер етеді. Егер достарыңыз бен көршілеріңіз үшін акция ұстау қалыпты нәрсе болса, сіз де соларға еліктейсіз. Бұл сән үшін емес, кеңес сұрайтын адам бар болғандықтан уайым азаяды. Бұл әсерді 2024 жылы Хонг, Кубик пен Стайн америкалық деректер негізінде құжаттап шықты.
Неге көп адам қатыспайды?
Фонд нарығына қатыспауға бір ғана ортақ теория жоқ. «Қатысу парадоксы» — яғни көпшіліктің акция сатып алуға бармауы. Соның ішінде жеке, психологиялық, демографиялық, мәдени, институционалдық және экономикалық факторлардың күрделі қосындысы әсер етеді. 2000–2023 жылдары жарық көрген 199 ғылыми еңбектің талдауы осыны дәлелдейді.
Қорқыныштың пайдасы
Эмоциялар әрқашан инвестиция шешіміне әсер етеді. Vanguard компаниясы (индекстік қорлар мен ETF арқылы пассивті инвестицияны танымал еткен) өз материалдарында адамдардың көбіне дұрыс емес қадам жасайтынын жазады: «бәрі қуанып тұрғанда сатып алу», «қорыққанда сату». Ал дұрыс әрекет — керісінше: тәртіпті сақтау, дүрлігуге берілмеу.
Қорқыныштың мүлде болмауы да қауіпті. 1999 жылы америкалық нейробиологтар зерттеу жүргізіп, миында қорқынышты сезінуге жауапты миндалевид бөлігі зақымданған адамдар тәуекелі жоғары ойындарды жиірек таңдайтынын анықтады. Олар жеңіске жетуге тырысып, ірі шығын ықтималдығын елемеген.
2014 жылғы Калифорния және Вирджиния технологиялық институттарының зерттеуі мидың алдыңғы бөлігі белсенді жұмыс істеген адамдар нарықтағы «көпіршік» сатысын ертерек байқағанын көрсетті. Олар акция құны шектен тыс көтерілгенде дер кезінде сатып жіберген.
Тағы бір зерттеу кәсіби трейдерлер өз эмоциясы мен денсаулығын жақсы бағалай білсе, уақыт өте орташа табысы жоғары болатынын көрсетті.
Ми зерттеулері
Ғалымдар инвесторларды МРТ аппаратына да салды. Нидерландыдағы тәжірибеде нағыз мамандардың кейде сәтті инвестицияны бейсаналы түрде жасай алатыны анықталды. Зерттеушілер мидың «ләззат орталығы» саналатын бөлігі белсендірек жұмыс істесе, таңдалған акцияның кейін жақсы нәтиже көрсететінін байқады.
Инвестицияны қалай бастауға болады?
Зерттеулердің жалпы қорытындысы: адамға шешім қабылдау жайлы болғанда ғана инвестицияны бастау оңай. Әйтпесе тіпті ең тиімді жоспардың өзін психика саботаж жасайды. Ал бір рет шешім қабылдасаңыз, тек ақылға емес, эмоцияға да құлақ асқан жөн. Дұрыс түсіндірілген эмоциялар пайдалы болуы мүмкін.
Не істеуге болады?
- Әлеуметтік қолдау табыңыз. Досыңызбен немесе әріптесіңізбен айына не тоқсанына бір рет қаржыңызды талқылаңыз. Бұл сенімділік пен тәртіп береді.
- Кіші қадамнан бастаңыз. Бірден үлкен портфель құрудың қажеті жоқ. Алдымен комиссиясы аз индекс қорынан бастаңыз. Ай сайын белгілі бір соманы автоматты түрде сатып алу жүйесін орнатыңыз. Сонда «қазір дұрыс уақыт па?» деп өзіңізбен дауласпайсыз.
- Ақпарат ағынын азайтыңыз. Телефондағы жаңалықтарды шектеңіз. Себебі көп ақпарат — көп уайым. Нарықтағы құлдырау бәрібір болады. Бұған алдын ала дайындалыңыз: жоспарлы күнге дейін портфельге қол тимейді. Бұл әрі ақшаны, әрі психиканы қорғайды.
- Өз денеңізді тыңдаңыз. Зерттеулердің бәрін қысқаша айтсақ: әрқашан өз жағдайыңызды бақылаңыз. Қатты қобалжыдыңыз ба? Әлде қорқыныштан қозғала алмай тұрсыз ба? Сауда платформасын жабыңыз. Шешімді қалыпты күйге түскен соң қабылдаңыз. Ал ол сізді алдын ала ойластырылған жоспар мен қатаң тәртіпке қайта әкеледі.








