«Міндетті ЖИ-акциялардың бірі»: Broadcom-ға есеп алдында инвестиция салуға бола ма?

Уолл-стрит сарапшылары Broadcom компаниясының өткен тоқсандағы қаржылық көрсеткіштері болжамнан жоғары болады деген үмітте. Компания есебін 5 маусымда нарық жабылғаннан кейін жариялайды. FactSet деректеріне сүйенген Barron’s басылымының жазуынша, Уолл-стриттің ортақ болжамы – акцияға шаққандағы табыс 1,57 $ болады, ал табыс көлемі 14,96 млрд долларға жетеді. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр осы тоқсанда Broadcom акциясы үшін 1,1 $ табыс тапқан, ал жалпы табысы 12,49 млрд $ болған. Инвесторлар бұл есептен ЖИ-чиптерге деген сұраныстың қаншалықты артқанын білгісі келеді. Егер сұраныс жоғары болса Nvidia-ның акцияларына оң әсер етуі мүмкін.
Уолл-стрит не дейді?
Citi сарапшысы Кристофер Дэнели Broadcom компаниясы ЖИ-ге деген тұрақты сұраныс арқасында нарық күткен нәтижеден асып түседі деп есептейді. Ол есеп қарсаңында компания акцияларының нысаналы бағасын 210 доллардан 275-ке көтерді. Бұл 4 маусымдағы жабылу бағасынан 5%-ға жоғары. Дэнели Broadcom-ды сатып алуға кеңес береді. Оның айтуынша, биылғы қаржы жылында компания табысының 30%-ын ЖИ бағыты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Broadcom-ның жартылай өткізгіштер саласындағы негізгі бизнесін де ескермейге кетуге болмас. Бұл бағыт та табыстың шамамен үштен бірін береді. Қазір бұл сегмент өз шегінен 40%-ға төмендегенімен, Дэнели оны қалпына келеді деп күтеді.
Cantor Fitzgerald сарапшысы Си Джей Мьюз де Broadcom есебі күткеннен жақсы болады және болжам жақсарады деп есептейді. Ол компания акцияларын сатып алуға кеңес беріп, есеп қарсаңында олардың нысаналы бағасын бірден 50 долларға көтерді. Бұл 15%-дық өсімді білдіреді. Мьюздің айтуынша, инвесторлардың басты назары есепте кастомды чиптерге деген сұраныс пен Alphabet тапсырысымен жасалып жатқан TPU v6 және v7p чиптеріне түседі.
ЖИ-чиптер нарығында Nvidia графикалық процессорларымен үстемдік етсе де, Broadcom ірі технологиялық компанияларға арнайы чиптер (ASIC) жасайды және бұл сегмент белсенді дамып келеді, дейді MarketWatch. Мьюздің айтуынша, Broadcom акцияларына негізгі қозғаушы күш — ЖИ бағытының өсімі. Ол жылдың екінші жартысында бұл акциялардың серпінді болатынын болжайды. Сондай-ақ тапсырыстың орташа құны өседі деп күтеді. Google компаниясы Broadcom чиптерін шығаруды жеделдетуі мүмкін, ал Meta үшін де жаңа өнім шығарылмақ. Қазір Broadcom-ның кастомды чиптеріне үш ірі тапсырыс берушісі бар, бірақ компания тағы төрт компаниямен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Barron’s басылымының жазуынша, Broadcom есебінде ЖИ-чиптер нарығының кеңейгені көрінсе, бұл тек Broadcom-ға ғана емес, Nvidia-ға да оң әсер етеді. Бұл екі компания әртүрлі салаларда әрекет етсе де, ЖИ-ге арналған дата-орталық инфрақұрылымындағы үлес үшін бәсекелес. UBS Global Wealth Management инвестициялық директоры Марк Хефеленің айтуынша, қазіргі деректер үміт ұялатады: «ЖИ нарығына жаңадан кіргендер шығындарын ұлғайтып жатыр. Сондықтан капиталдық шығындар биыл 80%-дан астам, ал 2026 жылы тағы 50%-ға өседі деп болжануда».
JPMorgan сарапшысы Харлан Сур сейсенбі күні Broadcom акцияларына қатысты «нарықтан жоғары» (Overweight) рейтингін растады және олардың нысаналы бағасын 250 $ деңгейінде қалдырды. «ЖИ инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып жатқан Broadcom жартылай өткізгіштер секторындағы фаворитіміз болып қала береді», — дейді Сур. Ол ЖИ сегментіндегі тұрақты өсім мен компанияның бағдарламалық қамту бағытындағы дамуынан оң әсер күтеді.
Melius Research сарапшылары Broadcom-ды «жасанды интеллектке арналған портфельдегі міндетті акциялардың» бірі деп атап, өз өндірістік қуаты жоқ желілік инфрақұрылым чиптерін жеткізушілер арасында көшбасшы деп бағалады. Melius болжамы бойынша, компанияның ЖИ бағытындағы табысының шамамен үштен бірі желілік коммутаторлар өндірісіне тиесілі және бұл бағыт алдағы уақытта өседі. Сонымен қатар, Vmware бұлтты платформасынан түсетін табыс та ұзақмерзімді артықшылық ретінде қарастырылады.
Акциялардағы жағдай
5 маусымдағы сауда-саттықта Broadcom акцияларының құны шамамен 1,5%-ға өсті. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 14%-дан астам артқан.
Тоқсандық есеп жарияланардан бір күн бұрын Broadcom акцияларының бағасы тарихи максимумға — 265,4 долларға жетті. Бұл компанияның дата-орталықтарға арналған «серпінді» жаңа желілік чиптерді жеткізе бастағаны туралы хабарынан кейін болды. Broadcom-ның айтуынша, жаңа чип алдыңғы алты модельдің қуатына тең және бір данасы 20 мың $ тұрады. Бұл алдыңғы нұсқадан екі есе қымбат.
Қазір Broadcom акцияларын MarketWatch бақылауындағы 44 сарапшының 39-ы сатып алуға кеңес береді. Соңғы үш айда мұндай ұсыныстар саны артты. Дегенмен, Уолл-стриттің ортақ болжамы бойынша бір акцияның құны 252 $ болуы тиіс. Бұл қазіргі жабылу бағасынан 3,5%-ға төмен.








