Morgan Stanley: Gucci иесінің акциялары еуропа брендтері арасындағы «фаворит»

Morgan Stanley талдау орталығы люкс индустриясындағы өз фаворитін атады. Банк Gucci брендіне иелік ететін француздық Kering холдингі акцияларының рейтингін «сатуға тұрмайды» (Equalweight) деңгейінен «сатып алуға» (Overweight) дейін көтерді және олардың бағасы тағы 20% өсуі мүмкін деп болжайды. Сарапшылардың пікірінше, Kering сән индустриясындағы «шығармашылық серпін мен жаңару толқынынан» ең көп пайда көретін компаниялардың бірі болмақ.
Егжей-тегжейлі
Morgan Stanley талдаушысы Эдуар Обен акциялардың мақсатты бағасын бұрынғы €250 деңгейінен €370-ке дейін арттырды. Бұл — 7 қазандағы жабылу бағасынан 20% жоғары, деп хабарлайды Investing.com. Ол Kering акцияларын еуропалық люкс компаниялары арасындағы басты ұсыныс деп атады, деп жазады Bloomberg.
Банк сарапшылары сән индустриясында жаңа серпін байқалатынын атап өтті — ол жетекші сән үйлеріндегі креативті директорлардың ауысуымен байланысты.
«Сән әлемінің маятнигі минимализмнен алыстап, жарқын, батыл әрі экспрессивті стильдерге бет алды», — делінген Обеннің жазбасында.
Оның айтуынша дәл осы тренд Kering компаниясын қайта өрлеудің негізгі бенефициары етуі мүмкін. Gucci және холдинг құрамындағы басқа брендтер соңғы айларда жақсы нәтижелер көрсетіп, жаңа бас директор Лука де Меоның (бұрын Renault компаниясын басқарған) келуімен тарихи табысты тоқсан тіркеді.
Сектордағы көңіл-күй
Bloomberg атап өткендей, соңғы екі қиын жылдан кейін люкс индустриясында оптимизм қайта оралды. Бұрынғы кезеңде нарық қытайлық тұтынушылар сұранысының әлсіреуінен және АҚШ-тың сауда тарифтерінің әсерінен зардап шеккен еді.
Сонымен қатар Morgan Stanley сарапшылары қымбат сән өнімдері нарығының әлі де осал екенін ескертеді. Әсіресе бұл орташа баға сегментіндегі сұраныстың төмендеуіне және еуроның нығаюы сияқты валюталық ауытқуларға тәуелді.
Акциялардың динамикасы
7 қазандағы Париж биржасындағы сауда қорытындысы бойынша Kering акциялары 6%-ға қымбаттап, €309,2 деңгейінде жабылды. Бұл — соңғы 15 айдағы ең жоғары көрсеткіш.
2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны 30%-ға артты.
Басқа талдаушылар не дейді
MarketScreener деректеріне сәйкес Kering акцияларын бақылайтын 23 сарапшының ішінде тек 6-уы «сатып алуға» (Buy немесе Overweight) кеңес береді; 12-сі — бейтарап (Hold); 5-еуі — «сатуға» (Underperform немесе Sell) ұсынады. Орташа мақсатты баға — €240, бұл ағымдағы нарықтық бағадан 22% төмен.








