Morningstar төрт компанияның акциясын ұзақ мерзімге сатып алуға кеңес берді

Инвестициялық және рейтингтік агенттік Morningstar инвесторларға ұзақмерзімді өсу әлеуеті жоғары төрт америкалық компанияның акциясын сатып алуға кеңес берді. Бұл компаниялардың бағалы қағаздары қысқа мерзімді қиындықтар мен макроэкономикалық алаңдаушылықтар салдарынан арзандаған, сондықтан ұзақ ойлайтын инвесторлар үшін тиімді мүмкіндік туындады.
LPL Financial
АҚШ-тағы ең ірі тәуелсіз брокер-дилерлік компания LPL Financial акцияларын сатып алу — бұл бір мезетте нарықтың тұрақтылығына және өсуіне бәс тігу, деп жазады Morningstar. Компанияның кірісі басқарудағы активтер құнының өсуіне тәуелді: нарық көтерілген сайын, комиссиялық табыс та артады.
Morningstar сарапшыларының пікірінше жоғары ауысу шығындары мен ауқымды қызмет көлемі арқасында компания бизнесін бәсекелестерден сенімді қорғайды. Сарапшылар жақында LPL Financial-дың нарықтық артықшылықтарын жоғары бағалап, акцияларының ағымдағы 38%-дық дисконтпен саудаланып жатқанын инвесторлар үшін тартымды кіру нүктесі деп атады. Бұл, әсіресе, нарықтың «бұқалық» тренді жалғасады деп есептейтін және қаржы алыбының органикалық өсіміне сенетіндер үшін тиімді мүмкіндік.
IDEX
Индустриялық конгломерат IDEX акциялары өз құнынан шамамен 21%-ға арзан сапалы бизнеске инвестиция салу мүмкіндігі, дейді Morningstar сарапшылары. Компанияны олар «ақша генераторы» деп сипаттайды, себебі ол түсетін қаражатты тиімді пайдаланып, нарықтағы тар сегменттердегі көшбасшыларды сатып алады және капиталдың жоғары қайтарымын қамтамасыз етеді.
Компанияның акциялары соңғы тоқсанда баж салығына қатысты алаңдаушылықтар мен маржаға қысым әсерінен арзандаған. Morningstar бұл жағдайды сирек кездесетін мүмкіндік деп санайды, өйткені IDEX жиі мұндай үлкен жеңілдікпен сатылмайды. Агенттіктің болжамы бойынша, алдағы бес жылда компания маржасын қалыпқа келтіріп, табысын тұрақты түрде арттырады — органикалық өсу мен жаңа сатып алулар есебінен.
Freshpet
Freshpet
Бұл компания тәуекелге дайын инвесторлар үшін классикалық өсу тарихы, деп жазады агенттік. Иттер мен мысықтарға арналған премиум тағам өндіретін компанияның акциялары 2024 жылы күрт өсіп, ал 2025 жылы 60%-ға арзандады. Қазір олар өздерінің «әділ» бағасынан екі есе төмен саудалануда.
Нарық компанияны өсу қарқынының баяулағаны үшін жазалағанымен, бұл көрсеткіштер әлі де жоғары. Morningstar болжамынша, келесі бес жылда Freshpet-тің кірісі жылына орта есеппен 14%-ға, ал пайдасы 40%-ға өседі. Қазір акциялар табысқа шаққандағы мультипликатор бойынша қымбат көрінгенімен, үй жануарларының иелері сапалы тағамға көше бастаса және компанияның пайдасы күткендей артса, бұл көрсеткіш 1–2 жыл ішінде өте тартымды болуы мүмкін.
GE Healthcare
Technologies
GE Healthcare — денсаулық сақтау технологиялары секторында сенімді және тұрақты өсім әлеуеті бар консервативті инвестициялық идея. Компания медициналық визуализация және ультрадыбыстық жабдық нарығындағы көшбасшылардың бірі саналады, бұл оған тұрақты ақшалай ағынды қамтамасыз етеді.
Morningstar мәліметінше компания акциялары қазіргі таңда өздерінің «әділ» бағасынан 14%-ға төмен саудаланып жатыр. Бұл Қытайдағы сұраныс пен әлеуетті баж салығына қатысты алаңдаушылықтармен байланысты. Алайда агенттік бұл тәуекелдердің бағаға толықтай енгенін, сондықтан қазіргі деңгейдің инвесторлар үшін тиімді кіру нүктесі екенін атап өтті.








