Morningstar: Уолл-стрит күткеннен жақсы нәтиже көрсеткен және бағаланбаған 5 акция

Инвестициялық-рейтингтік агенттік Morningstar сарапшылары үшінші тоқсандағы қаржылық нәтижелері Уолл-стрит болжамдарынан айтарлықтай жоғары болғанына қарамастан, бағасы әлі де төмен тұрған бес компанияны атап өтті. Тізімге пайда бойынша болжамды кемінде 15% арттырған және түсімі күтілгеннен 5% және одан да жоғары болған эмитенттердің акциялары енгізілді.
Morningstar таңдаған бес компанияның ортақ белгілері — мықты тоқсандық нәтижелер, тұрақты бәсекелестік артықшылықтар («экономикалық ор»), инвестициялық тартымдылығы жоғары рейтинг (4 немесе 5 жұлдыз) және әділ құнына дейінгі өсім әлеуетінің айқындығы.
Кімдер тізімге енді?
Nike
Әлемдегі ең ірі спорттық киім және аяқ киім өндірушісі Nike Morningstar тізіміндегі ең бағаланбаған компания болып саналады: агенттік оның акциялары әділ бағадан (әр акцияға $104) 40% төмен деп есептейді. Компания Қытайдағы сатылым құлдырауын еңсеріп, бас директор Эллиотт Хиллдің «Win Now» («Қазір жең») жоспарын жүзеге асырып келеді. Ол инновацияға, көтерме серіктестермен қарым-қатынасты қалпына келтіруге және қорларды азайтуға бағытталған. «Инвесторлар жаңа өнімдер, маркетинг және бағаны көтеру есебінен операциялық маржаның орта деңгейге дейін (14–16%) өсу мүмкіндігін байқамай отыр деп ойлаймыз», — дейді Morningstar-дың тұтынушылық тауарлар жөніндегі аға сарапшысы Дэвид Шварц.
Biogen
Неврологиялық ауруларға қарсы дәрілер әзірлеуші Biogen, акцияға шаққандағы пайдасының 18% өскеніне және АҚШ-та Альцгеймерге қарсы негізгі препараты Leqembi сатылымының артуына қарамастан, Morningstar бағалауы бойынша, әділ құнынан 25% төмен саудаланып жатыр. Компания жылдық пайда болжамын «номиналды түрде төмендеткенімен», шын мәнінде ол бір реттік ҒЗТКЖ шығындарын алып тастағанда 1,5% жақсарды, деп атап өтті агенттік. Morningstar-дың денсаулық сақтау секторы бойынша аға сарапшысы Джей Ли қазіргі нарықтағы Biogen бағасы «елеулі түрде төмен» екенін айтады.
Blackstone
Әлемдегі ең ірі баламалы активтерді басқарушы Blackstone нарықта әділ құнынан 21% төмен бағаланып отыр (әр акцияға $220). Компания жылжымайтын мүлік, несиелендіру және сақтандыру бағыттарында қаржы ағынын тіркеп жатыр. Бұл баламалы инвестициялық өнімдерге тұрақты сұранысты көрсетеді. «Қаражат тарту, оларды тиімді орналастыру және активтерді сату фирмаға құбылмалы нарық жағдайында да органикалық өсуді жалғастыруға мүмкіндік берді», — деп жазады Morningstar-дың қаржылық қызметтер секторы бойынша аға сарапшысы Греггори Уоррен.
Corteva
Агрохимия саласының ірі ойыншыларының бірі Corteva, Morningstar бағалауынша, әділ құны $80 болса да 18% төмен саудаланып жатыр. Компания дәстүрлі түрде шығынды болып келетін үшінші тоқсанда күтпеген жерден пайда көрсетті. Бұған сатылым көлемінің өсуі және шығындардың қысқаруы әсер етті. Күшті нәтижелерден кейін компания менеджменті 2025 және 2026 жылдарға арналған болжамдарын көтерді. «Біздің бағалауымыздың өсуіне тұқым бизнесі мен өсімдіктерді қорғау құралдары бағытындағы қысқа мерзімді болжамның жақсаруы, сондай-ақ тұқым сегментінің ұзақ мерзімді маржасының өсуі себеп болды», — дейді Morningstar-дың негізгі материалдар бойынша аға сарапшысы Сет Голдштейн.
Royalty Pharma
Болашақ биофармацевтикалық препараттардың сатылымына арналған роялти сатып алумен айналысатын Royalty Pharma портфельдік түсімінің 11% өсуі және 2025 жылға арналған болжамның жақсаруы аясында 24% дисконтпен саудаланып жатыр. Тұрақты ақша ағымы компанияға жаңа мәмілелерге белсенді инвестициялауға ($1 млрд тоқсанына) және өзінің акцияларын кері сатып алуға мүмкіндік береді. «Уақыт құнын, қысқа мерзімді болжамдардың жақсарғанын және патент мерзімінің аяқталуынан болатын шығындарды өтеу қабілетін ескере отырып, әділ құнды акцияға $51 деңгейіне көтердік», — деп қорытындылайды Morningstar-дың денсаулық сақтау секторы сарапшысы Рэйчел Эльфман.








