Мұнай бағасы ОПЕК+ күтпеген шешімінен кейін 2% жуық өсті. Алдағы сценарийлер қандай

6 қазанда мұнай бағасы шамамен 2%-ға көтерілді — бұл ОПЕК+ ұйымының өндірісті көбейту туралы шешімі нарық күткендей емес, шектеулі көлемде болғаннан кейін болды. Reuters агенттігі хабарлағандай, нарық бұл жаңалықты тұрақтылық және артық ұсыныс қаупінің төмендеуі сигналы ретінде қабылдады. Дегенмен, аналитиктердің ескертуінше, сұраныс әлсіз болса, бағалардың одан әрі өсу әлеуеті шектеулі.
Егжей-тегжейлі
Reuters-тің мәліметі бойынша дүйсенбі күні мұнай бағасы ОПЕК+ ұйымының қарашадағы өндірісті жоспарланғандай емес, скромды түрде көбейтуі себепті өсті. Ұйым өндірісті қарашадан бастап тәулігіне 137 000 баррелге арттыруға келісті — бұл қазан айындағы өсіммен бірдей. Бұл артық ұсынысқа қатысты қорқынышты азайтты, бірақ сұраныстың әлсіз болжамы қысқа мерзімді өсу мүмкіндігін шектейді.
Brent мұнайының фьючерстері бір мезетте 1,9%-ға көтеріліп, баррелі $65,8 болды. Ал АҚШ мұнайы West Texas Intermediate 2%-ға өскен — $62,12/баррель деңгейінде саудаланды.
Баға неліктен өсті?
Rystad компаниясының аналитигі Яннив Шахтың айтуынша: «Нарық өткен аптадағы деректер құрылымына қарап, ОПЕК+ ұйымынан әлдеқайда көп өсім күтті. Алайда тәулігіне 137 000 баррель ғана қосу төртінші тоқсанда және 2026 жылы нарықтағы артық ұсынысты күшейтеді».
Агенттіктің деректеріне сүйенсек, кездесуге дейін Ресей өндірісті дәл осылай арттыруды ұсынған, себебі бағаларға қысым жасамау қажет деп есептеген. Сауд Арабиясы болса өндірісті екі, үш немесе тіпті төрт есе көбейтуді қалайтын, бұл нарықтағы үлесін тез қайтару үшін қажет еді.
Өндірістің шектеулі өсуі Венесуэладан экспорттың артуымен, Түркия арқылы күрд мұнайын жеткізудің қайта басталуымен және қарашаға арналған Таяу Шығыстың сатылмаған партияларының нарыққа шығуымен қатар келді, дейді PVM Oil Associates аналитигі Тамаш Варга.
Сауд Арабиясы азиялық сатып алушылар үшін Arab Light сұрыпты мұнайдың ресми сатылым бағасын өзгертпеді. Reuters деректеріне қарағанда, Азиядағы МӨЗ-дер бағаның аздап көтерілуін күткен, бірақ Таяу Шығыстан артық ұсыныс қаупі бұл күтілулерді төмендетіп, премия соңғы 22 айдағы ең төменгі деңгейге түсті.
Аналитиктердің болжамы
Кейбір сарапшылар жақында басталатын Таяу Шығыстағы мұнай өңдеу зауыттарының техникалық қызмет көрсету кезеңі бағалардың өсуін шектейтінін болжайды.
Rystad компаниясының Шах аналитигі атап өткендей, Қытайдың мұнай қорларын жинауы, геосаяси тәуекелдер, сауда маршруттарының тиімсіздігі және санкциялар да стандарттық бағаларды қолдайды. Ал төртінші тоқсандағы сұраныстың әлсіз болжамы нарықтағы өсімді шектейтін тағы бір фактор болып отыр.
Phillip Nova компаниясының аға аналитигі Приянка Сачдева: «Жаңа «бұқалық» драйверлер болмағанда және сұраныс болжамындағы белгісіздік артқанда, ОПЕК+ ұйымының өндірісті аз өсіргеніне қарамастан, мұнай бағасы қысым астында қалады».
ANZ аналитиктері қосқандай, Украина Ресей энергетикалық нысандарына шабуылдарды күшейтіп жатыр, оның ішінде жылдық өңдеу қуаты 20 млн тоннадан асатын Кириш мұнай өңдеу зауыты бар.








