Нью-Йорк таңы: ФРЖ нарықты құбылмалыққа итермелеп отыр

Freedom Capital Markets Research зерттеу бөлімінің директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы және болжамы.
Не күтеміз?
Алдағы сауда сессиясы оқиғаларға, макроэкономикалық жарияланымдарға және корпоративтік жаңалықтарға толы болмақ. Нарық қатысушыларының басты назарында — АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) отырысының қорытындылары мен төраға Джером Пауэллдің баспасөз мәслихаты. Мөлшерлеменің өзгеріссіз қалатынына күмән жоқ. Негізгі қызығушылық тудыратын мәселе — реттеуші басшылығының риторикасы. Ақшалай саясатты жұмсартуға дайын екендіктерін білдіретін сигналдар Кристофер Уоллер мен Мишель Боуман тарапынан түсуі мүмкін. Егер бұл екеуі ставка шешіміне қарсы дауыс берсе, бұл 1993 жылдан бергі алғашқы оқиға болмақ. Кез келген «көгершін» сипатындағы сигналдар сессияның жабылуына қарай акциялардың өсуін қолдауы мүмкін. Ал егер ФРЖ жақын арада саясатты жұмсартуға дайын екендігін білдіретін нақты белгілер болмаса, тәуекелге деген қызығушылық біршама бәсеңдеуі ықтимал. Осылайша, FOMC отырысы төңірегіндегі интрига күн ішіндегі құбылмалықтың артуына себеп болуы мүмкін.
Саудаға қатысушылар екінші тоқсан бойынша АҚШ ЖІӨ-нің алдын ала көрсеткіштерін бағамдайды. Алайда бұл деректің әсері шектеулі болуы мүмкін. Импорт пен қор деңгейлеріндегі ауытқулар іргелі трендтердің өзгерісі ретінде қабылданбайды. Экономиканың 2,5%-ға өсуін болжайтын консенсустен елеулі ауытқулар болған күннің өзінде нарықтың реакциясы бәсең болуы мүмкін.
Сәрсенбі күні ADP компаниясының шілде айына арналған жаңа жұмыс орындары жөніндегі есебі жарияланады (болжау: +110 мың). Сонымен қатар, тұрғын үй нарығындағы аяқталмаған мәмілелер статистикасы белгілі болады (консенсус: -1,6% айлық). Бұл көрсеткіштердің күтілетін мәндерге сай келуі ЖІӨ-нің орнықтылығын айғақтай алады. Ал әлсіз нәтижелер ФРЖ-ның ақшалай саясатты жұмсартуға көшетіні жайлы алып-қашпа әңгімелерді күшейтеді. Жалпы алғанда, бұл макродеректердің сессия басындағы нарық индекстеріне әсері орташа және қысқа мерзімді болмақ.
Нарық қатысушылары маңызды корпоративтік есептер легін күтуде, оның ішінде Microsoft (MSFT) пен Meta Platforms (META) есептері басты назарда болады. Нарық ЖИ технологияларына салынған инвестициялардың табысқа, маржаға және ақша ағынына қалай әсер еткенін бағалауға тырысады. Ерекше көңіл капиталдық шығындардың құрылымы мен ауқымына аударылады. Күшті болжамдар акция бағасының қазіргі деңгейін негіздеп, тәуекел активтеріне сұранысты арттырады. Ал әлсіз нәтижелер немесе төмендетілген болжам керісінше, қорғаныш құралдарына қызығушылықты күшейтуі мүмкін.
Негізгі сессия басталғанға дейін Vertiv (VRT), ADP (ADP) және Kraft Heinz (KHC) компаниялары тоқсандық есептерін ұсынады. Ал сессиядан кейін Microsoft (MSFT), Meta (META), Robinhood (HOOD), Qualcomm (QCOM), Ford (F) және ARM Holdings (ARM) өз нәтижелерін жариялайды.
АҚШ индексіне арналған фьючерстер қазір «боковикте» саудалануда. Макроэкономикалық күн тәртібінің тығыздығы мен маңызды есептердің жариялануын ескере отырып, алдағы сессияға қатысты тәуекелдер тепе-тең деп бағаланады, ал құбылмалылық жоғары болуы мүмкін. S&P 500 индексінің қозғалысын 6300–6460 пункт диапазонында (алдыңғы сессия жабылуынан -1,1% – +1,4%) күтеміз.
Назарда
Toyota (TM) бірінші жартыжылдықта 5,1 млн көлік сатқан (жылдық өсім +5,5%), ал өндіріс көлемі 5,8%-ға артты. Жеткізілген автокөліктердің жартысына жуығы — гибридтер. Негізгі өсім АҚШ, Жапония және Қытай нарықтарына тиесілі.
UBS (UBS) екінші тоқсанда $2,4 млрд таза пайда жариялады. Бұл көрсеткіш клиенттік белсенділіктің артуы мен Wealth Management бөлімшесіне $23 млрд жаңа қаражаттың келуінің арқасында мүмкін болды. Банк $3 млрд көлемінде акцияларды қайтару бағдарламасын жүзеге асыруда және Швейцариядағы жаңа реттеушілік талаптарға бейімделу жолдарын қарастыруда.
HSBC (HSBC) сәуір–маусым аралығында таза табысы 29%-ға азайып, $6,3 млрд-ты құрады. Бұған Қытай банкіне байланысты шығындар мен активтерді сату салдарынан табыстың азаюы себеп болды. Осыған қарамастан, банк $3 млрд көлемінде акцияларды кері сатып алу бағдарламасын жариялады. Дегенмен, басшылық АҚШ-тың сауда саясаты мен макроэкономикалық тұрақсыздықтың әсерінен табысқа қысым болатыны жөнінде ескертті.
Tesla (TSLA) LG Energy Solution компаниясымен $4,3 млрд сомасына келісімшартқа қол қойды. Ол бойынша 2027 жылғы тамыздан 2030 жылғы шілдеге дейін Мичигандағы зауытқа арналған LFP батареялары жеткізіледі. Бұл келісім АҚШ-тың Қытай импортына қатысты тариф қысымына жауап ретінде шикізат жеткізу тізбегін әртараптандыруды көздейді.
Starbucks (SBUX) Қытайдағы сатылым өсімі мен брендті жаңарту бағдарламасы есебінен табыстың орташа болжамнан жоғары болғанын хабарлады. Бұл бағдарлама мәзірді жаңартуды, дүкендерді қайта жобалауды және персоналға инвестиция салуды қамтиды. Алайда бизнесті трансформациялау шығындарына байланысты таза пайда консенсус деңгейінен төмен болды.
Кешегі нарық
29 шілде күнгі сауда сессиясы АҚШ нарығы үшін теріс аймақта аяқталды. S&P 500 –0,3%, Nasdaq 100 –0,21%, Dow Jones –0,46%, Russell 2000 –0,61% төмендеді. Бұл түзету алты күндік өсу мен тарихи максимумдардың жиі жаңартылуынан кейін болды. «Ғажайып жетілік» акцияларының көпшілігі минуста жабылды. Ең жақсы нәтижені Alphabet (GOOGL: +1,56%) көрсетті. Кең нарық индексіне кіретін салалардың көпшілігі қызыл аймақта болды. Өсім бойынша көш бастаған — жылжымайтын мүлік секторы (XLRE: +1,66%), ал ең көп жоғалтқандар — өнеркәсіп компаниялары (XLI: –1,72%).
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері Стокгольмде өтті. Нәтижесінде тараптар нақты шешімдерге келмегенімен, диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Тарифтерге қатысты мораторий мерзімін 12 тамыздан кейін тағы 90 күнге ұзарту мүмкіндігі талқыланды. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент түпкілікті шешім президенттің құзырында екенін айтты. Сонымен қатар, сирек кездесетін металдармен жабдықтау мәселесі бойынша ілгерілеушілік болғаны және Дональд Трамптың Си Цзиньпинмен жылдың соңына дейін кездесуі мүмкін екені хабарланды. Дегенмен, Ақ үй басшысы Үндістаннан келетін импортқа 20–25% көлемінде баж салығын енгізуі мүмкін екенін де айтты.
Макроэкономикалық деректер екіұшты сипатта болды. Conference Board-тың шілде айындағы тұтынушылық сенім индексі 97,2 пунктке жетіп, 95,5 пункттік консенсустен асып түсті. Бұл халықтың болашаққа деген сенімінің жақсарғанын көрсетеді. Алайда ағымдағы жағдай бағасы сәл нашарлады. JOLTS мәліметі бойынша, маусымдағы бос жұмыс орындарының саны 7,44 млн болды — бұл болжамға жуық, бірақ мамырмен салыстырғанда төмен. «Жұмыс табу қиын» деп есептейтін респонденттер үлесі 17,2%-дан 18,9%-ға дейін өсті. Еңбек нарығындағы «айырма индексі» 2021 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығының салқындап жатқанын білдіреді және ФРЖ-ның келесі әрекеттеріне әсер етуі мүмкін.
Компания жаңалықтары
PayPal (PYPL: -8,7%) EPS бойынша үшінші тоқсанға арналған әлсіз болжам мен онлайн төлем сервисінің баяу өсуі компания акцияларына қысым жасады. Бұл қаржы нәтижелері күткеннен жоғары болғанына қарамастан орын алды.
SoFi Technologies (SOFI: +6,6%) барлық негізгі бағыттар бойынша нарық күткеннен жақсы нәтиже көрсетті. Компания басшылығы жылдық болжамын жақсартып, ипотекалық сегменттегі оң серпінді атап өтті.
Novo Nordisk (NVO: -21,8%) Wegovy және Ozempic препараттарына қатысты АҚШ-тағы сату болжамдарының төмендеуі және компания басшысының ауысатыны туралы жаңалықтар акциялардың құлдырауына себеп болды. Бұл — 2025 жылға арналған болжамды екінші мәрте қайта қарау.
Spotify (SPOT: -11,6%) екінші тоқсандағы әлсіз нәтижелер мен үшінші тоқсанға арналған көңіл көншітпейтін болжамдар инвесторлар тарапынан теріс реакция туғызды. Компания шығындардың артуы мен операциялық маржаның төмендеуін мойындады.








