Starbucks-тың сатылымы мен табысы күткендей болмады. Неліктен акциясы 5%-ға өсті?

Starbucks кофеханалар желісі қатарынан алтыншы тоқсанда сатылымның төмендегенін хабарлады. Компанияның бір акцияға шаққандағы табысы бір жыл бұрынғыдан екі есе аз болды. Соған қарамастан, АҚШ-тағы кеңейтілген саудада компания акциялары бір сәтте 5%-ға дейін қымбаттады.
Инвесторларға бас директор Брайан Никколдың бизнесті трансформациялау жоспары кестеден бұрын жүріп жатқанын айтқаны ұнады. Бұдан бөлек, Қытай нарығынан оң көрсеткіштер тіркелді. Ол жақта сатылым бір жарым жылдан бері алғаш рет өсті.
Егжей-тегжейі
2025 жылдың 29 маусымында аяқталған үшінші қаржы тоқсанында Starbucks-тың әлемдік салыстырмалы сатылымы 2%-ға төмендеді. Бұл туралы компания 29 шілдеде, АҚШ биржалары жабылғаннан кейін, жария еткен есепте айтылған. Салыстырмалы сатылым тек бір жылдан ұзақ жұмыс істеп тұрған нүктелер бойынша есептеледі. Бұл көрсеткіш желінің кеңею әсерін болдырмау үшін қолданылады.
Бұл төмендеу сарапшылар болжағаннан да әлдеқайда күшті болды. StreetAccount дерегін келтірген CNBC олардың -1,3% деп болжағанын хабарлайды. Алайда бұл төмендеуді орташа чек көлемінің 1%-ға өсуі біршама теңестірді. Сонымен қатар, салыстырмалы сатылым қатарынан алтыншы тоқсанда төмендеп отыр.
Сол сияқты, Солтүстік Америкадағы салыстырмалы сатылым да 2%-ға азайды. Бірақ бұл күткеннен жақсы нәтиже болды. StreetAccount -2,5% деп болжаған еді. Орташа чек бұл аймақта 2%-ға өсті.
Компанияның жалпы табысы жылдық есептеуде 4%-ға артып, 9,5 млрд долларға жетті. Уолл-стрит сарапшылары 9,31 млрд $деп күткен. Ал бір акцияға шаққандағы түзетілген табыс 0,5 $ болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға төмен. Bloomberg мәліметінше, сарапшылар 0,65 $ деп болжаған еді.
Акциялар жағдайы
29 шілдеде кеңейтілген саудада Starbucks акциялары 97,77 $ деңгейіне дейін көтерілді. Бұл — негізгі сессия жабылуындағы бағаның 5,1%-ға өскенін білдіреді. Бірақ кейін өсім баяулап, шамамен 3,5–4% деңгейінде тұрақтады.
Сейсенбі күні, есеп жарияланардың алдында, негізгі сауда -0,76%-ға төмендеп, 92,96 $ деңгейінде жабылған еді. 2025 жылдың басынан бері Starbucks акциялары 1,87%-ға өсті. Бұл көрсеткіш S&P 500 индексінен әлдеқайда төмен. Индекс осы кезеңде 8,3%-ға өсті.
Инвесторлар неліктен оң реакция білдірді?
Bloomberg хабарлауынша, Starbucks акцияларының қымбаттауына компания бас директоры Брайан Никколдың бизнесті қалпына келтіру жоспары бойынша ілгерілеу туралы мәлімдемесі түрткі болды.
Никкол: «Біз көптеген мәселені шештік. Қиын тапсырмаларды орындап, тұрақты жұмыс үшін негіз қалап жатырмыз. Өз тәжірибеме сүйенсем, біз жоспардан алда келе жатырмыз», — деді.
Ол 2026 жылы Starbucks жаңа инновациялар толқынын іске қосатынын айтып өтті. Бұл өсімді қамтамасыз етіп, тұтынушыларға қызмет сапасын жақсартып, әрбір адамға Starbucks-тан барынша пайда алуға мүмкіндік береді деп уәде берді.
Bloomberg-ке берген түсініктемесінде компанияның қаржы директоры Кэти Смит: «Біз Back to Starbucks стратегиясы аясында нақты ілгерілеуге қол жеткізіп жатырмыз», — деді.
Агенттік инвесторлардың есептегі оң тұстарға көбірек назар аударғанын атап өтті. Мысалы, Қытайдағы 2023 жылдың соңынан бергі алғашқы өсім — бұл елде салыстырмалы сатылым 2%-ға өсті. Бұл транзакциялар санының 6%-ға артуымен байланысты болды, бірақ орташа чек көлемі 4%-ға азайды.
Starbucks Қытай нарығында жергілікті бәсекелестер, әсіресе Luckin Coffee сияқты компаниялармен тиімді бәсекелесу үшін бағаны төмендетті.
Алдағы жоспар
CNBC дерегінше, Starbucks төртінші тоқсанға арналған болжамына «сақтықпен» қарайды. Қаржы директоры Кэти Смит тұтынушылық көңіл-күйдегі белгісіздікті атап өтті. Дегенмен ол алдағы инновацияларды асыға күтіп отырғандарын және күзгі маусымда әйгілі асқабақты латтенің оралуын болжайтынын айтты.
Morningstar сарапшысы Дэн Су Barron’s-қа берген пікірінде Starbucks басшылығының кофеханалар санын көбейту мен қызмет сапасын жақсартуға басымдық беруі еңбек шығынын арттырғанын атап өтті. Бұл кірістің өсуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Оның ойынша, компания инвестициялары маржиналдылықты төмендетіп, келесі тоқсандарда пайда тұрақсыз болуы ықтимал. Су биылғы қаржы жылында сатылым 3,5%-ға өседі деп болжап отыр. Бірақ бұл көбіне жаңа нүктелердің арқасында болады. Ал салыстырмалы сатылымдар айтарлықтай өзгермейді. Barron’s хабарлауынша, Су Starbucks акцияларына үш жұлдыз берді. Бұл — тәуекелге қатысты әділ табыс көрсеткіші. Оның мақсатты бағасы — 87 $, бұл қазіргі бағаның 6,4%-ға төмен нұсқасы.
Melius Research сарапшысы Якоб Айкен-Филипс Barron’s басылымына берген пікірінде Starbucks мәзірін жаңартудың жетіспеушілігіне назар аударды. Ол компания акцияларын сатуға кеңес беріп, (Sell рейтингі) мақсатты бағасын 80 $ деп көрсетті.
MarketWatch дерегінше, Starbucks акциялары бойынша барлығы 38 сараптамалық ұсыныс бар. Ең жиі кездесетіні — ұстау: 18 сарапшы Hold рейтингін берген. 14 сарапшы Buy, ал тағы екеуі Overweight («нарықтан жоғары») деп баға берген. Төрт сарапшы сату ұсынысын білдірген: біреуі Underweight («нарықтан төмен»), үшеуі — Sell.
Контекст
Starbucks шағын желілермен бәсекелесіп жатыр. Сонымен қатар, инфляция әсерінен тұтынушылар қызығушылығы да төмендеген. Кейбір тұтынушылар дәстүрлі кофеханадан жедел қызмет көрсету форматына ауысуды құп көрмей отыр, деп жазды MarketWatch.
Bloomberg-тің хабарлауынша, сарапшылар мен инвесторлар Никколдың Starbucks-ты өзгерту қадамдарын негізінен оң бағалаған. Бірақ олар нақты мерзімдер мен жоспардың құны бойынша көбірек мәлімет талап етуде.
Никкол 2024 жылдың қыркүйегінде Starbucks-тың бас директоры болып тағайындалған. Бұған дейін ол мексикалық Chipotle желісінде жұмыс істеп, онда да дағдарыс кезеңіндегі бизнесті қалпына келтірумен айналысқан. Ол кезде компания тағам қауіпсіздігіне байланысты бірқатар дауға тап болған еді.
Кей сарапшылар Никколдың өзгеріс жоспарының құнына алаңдайды. Сонымен бірге, сауда тарифтері мен кофе бағасы да белгісіздік тудырып отыр, деп қосты MarketWatch.








