Нью-Йорк таңы: өсімнің жалғасу ықтималдылығы сақталады

АҚШ қор нарығындағы оқиғаларға арналған күнделікті шолу мен болжамды Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынады.
Біз не күтеміз?
Алдағы сессия барысында биржа қатысушыларының назарында макроэкономикалық деректер болады. Ең алдымен шілде айына арналған қызмет көрсету секторы бойынша іскерлік белсенділік индекстері (PMI), оларды ISM және S&P Global ұсынады. Консенсус-болжамға сәйкес, ISM индексі маусымдағы 50,8 пунктен 51,5-ке дейін көтеріледі деп күтілуде, ал S&P Global көрсеткіші 55,2 пункт деңгейінде қалады. Бұл деректер екінші жартыжылдықтың басындағы экономиканың жағдайы туралы нақтырақ түсінік береді, дегенмен тек нақтылаушы сипатта болады және нарықта айтарлықтай реакция тудырмайды деп болжануда. Сондай-ақ сауда балансы статистикасы жарияланады, оның тапшылығы $71 млрд-тан $62 млрд-қа дейін қысқарады деп күтілуде.
Сауда қатысушылары АҚШ пен оның негізгі серіктестері арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың даму барысын бақылауды жалғастырады. Президент Трамп Үндістанды ресейлік мұнай импортынан бас тартқызу мақсатында бұл елге салынатын тарифтерді «айтарлықтай арттыруды» жоспарлап отырғанын тағы мәлімдеді. Үндістан билігі мұны «негізсіз және орынсыз қысым» деп атады. Жапонияның сауда министрі АҚШ-пен келіссөз бастауға ниетті — мақсаты автокөліктерге салынатын баж салығын азайту.
Ақ үйдің сауда өкілі Джеймисон Грирдің айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы сирек жер металдарынан жасалған магниттерді жеткізу бойынша келіссөздерде оң өзгерістер байқалуда. Тараптар «келісімге қол жеткізу жолының жартысында» тұр. Пекин экспортты жеделдетуге дайын, бірақ бұл үшін Вашингтон кедендік баж салығын уақытша тоқтатуы тиіс. Сауда «бітімін» 12 тамызға дейін ұзарту туралы түпкілікті шешімді Трамп қабылдайды.
Сауда ашылмай тұрып тоқсандық есепті Caterpillar (CAT) және Pfizer (PFE) компаниялары жариялайды. Ал постмаркетте келесі компаниялардың қаржылық нәтижелері ұсынылады: AMD (AMD), Super Micro Computer (SMCI), Arista Networks (ANET), Astera Labs (ALAB), Opendoor Tech (OPEN), Rivian Automotive (RIVN).
АҚШ қор индекстеріне арналған фьючерстер оң аймақта саудалануда. Алдағы сессия үшін тәуекел балансы бейтарап деңгейде, құбылмалылық орташа деп бағалануда. S&P 500 индексінің қозғалысы 6270–6390 пункт диапазонында (бұл — алдыңғы сессияның жабылу деңгейінен −0,9%-дан +1%-ға дейінгі аралық).
Назарда
— Palantir (PLTR) тоқсанды бір акцияға шаққандағы $0,16 пайдамен және $1 млрд табыспен (+48% жылдық өсім) аяқтады. Бұл көрсеткіштер АҚШ-тағы мықты сатылымдар есебінен болжамнан жоғары болып, компания тарихындағы рекордты нәтижеге айналды. Осы жаңалықтардан кейін Palantir акциялары постмаркетте 4% көтерілді. Бас директор Алекс Карп АҚШ нарығындағы бизнестің әрі қарай дамуына сенімді екенін білдіріп, жасанды интеллекттің перспективаларына жоғары үміт артатынын атап өтті.
— Vertex Pharmaceuticals (VRTX) есептік тоқсанда бір акцияға $4,52 пайда және $2,96 млрд табыс көрсетті. Компания котировкалары сауда жабылғаннан кейін 2,2% көтерілді. Фармацевтикалық компанияның жылдық кірісі 12% артты — АҚШ-тағы сатылымдар 14%, ал шетелде 8% өскен. Бұған жаңа дәрілердің нарыққа шығуы мен муковисцидоз және ауырсынуды емдеу бағытындағы кеңею себеп болды.
— Hims and Hers Health (HIMS) акциялары дүйсенбі күнгі басты сессиядан кейін жарияланған қаржылық есеп аясында 13% төмендеді. Компания тоқсанда $0,17 EPS көрсетті (консенсус — $0,15), ал табысы $544,8 млн болды (күтілгені — $551,7 млн). Жылдық кірісі 73% өсті, ал жазылушылар саны 2,4 млн-ға жетті (+31%).
Нарық алдындағы жағдай
4 тамыздағы АҚШ қор нарығындағы сауда-саттық сенімді өсіммен аяқталды. Индекстер жұма күнгі шығындардың басым бөлігін қайтарып алды. S&P 500 — 1,47% қосты, Nasdaq 100 — 1,87% көтерілді, Dow Jones — 1,34% өсті, ал шағын компаниялар индексі Russell 2000 2,1% шарықтады. «Керемет жетілік» деп аталатын жетекші компаниялардың барлық акциялары оң аймақта жабылды, тек Amazon (AMZN: −1,44%) ғана төмендеді. Кең нарықтағы секторлардың көпшілігі жасыл аймақта болды, тек энергетика секторы (XLE: −0,22%) сәл төмендеу көрсетті.
Жаңалықтар фоны салыстырмалы түрде тыныш болды, ал алдағы уақытта ақша-несие саясатының жұмсаруына қатысты оптимизм инвесторлардың көңіл-күйін тұрақтандыруға көмектесті. Желтоқсандық фьючерстер ФРЖ-ның алдағы үш отырысында негізгі мөлшерлемені кем дегенде екі рет төмендетуді болжап отыр. 10 жылдық қазынашылық облигациялар табыстылығы үш айлық минимумға — 4,2%-ға дейін төмендеді.
Reuters мәліметінше, Еуроодақ АҚШ президентімен жасалған келісімдер аясында алты ай мерзімге америкалық тарифтерге қарсы екі жауап шара пакетін іске қосуды тоқтата тұрады. Қазіргі келісім нұсқасында әлі шешімін таппаған көптеген мәселе бар, соның ішінде алкоголь өнімдеріне қатысты тарифтер. Сонымен қатар, Трамп өткен аптада қол қойған, ЕО-дан келетін тауарлардың басым бөлігіне 15% баж салығын енгізетін жарлықта бұрын қарастырылған жеңілдіктер — автокөліктер мен олардың бөлшектеріне қатысты ерекшеліктер енбеген.
Маусым айында өнеркәсіп кәсіпорындарының тапсырыстар көлемі айлық есепте 4,8% қысқарды, бұл күтілген 5% төмендеуден сәл жақсы көрсеткіш. Ал ұзақ мерзімді пайдалануға арналған тауарларға жасалған тапсырыстардың соңғы маусымдық бағалауы орташа болжамдарға сай 9,4% төмендегенін көрсетті.
Компания жаңалықтары
— CommScope (COMM: +86,3%) акциялары Connectivity and Cable Solutions сегментін Amphenol (APH) компаниясына $10,5 млрд-қа сату туралы хабарланудан кейін шарықтады. Бұл мәмілені CommScope акционерлері мақұлдауы тиіс, ал оны аяқтау 2026 жылдың бірінші жартысына жоспарланып отыр.
— Tesla (TSLA: +2,2%) акциялары директорлар кеңесі Илон Маскқа арналған аралық өтемақы пакетін мақұлдағаннан кейін өсті. Бұл пакетке 96 млн акция кіреді, және ол Маск компанияда бас директор ретінде немесе топ-менеджменттегі басқа қызметте қалатын болса, екі жылдан кейін оның меншігіне өтеді.
— Joby Aviation (JOBY: +18,8%) Blade Air Mobility компаниясының жолаушылар бизнесін сатып алу туралы келісімге келді. Мәміле $125 млн-ға дейінгі бағамен жүзеге асырылады және Нью-Йорктегі бағыттар мен Blade инфрақұрылымына тікелей қолжетімділік береді, сонымен қатар медициналық логистика саласындағы позициясын нығайтады.
— Wayfair (W: +12,7%) тоқсандық есепте бір акцияға шаққандағы пайдасы $0,87 екенін көрсетті (консенсус — $0,33), ал табыс $3,27 млрд болды. Жылдық кіріс 5% өсті (Германия нарығынан шығуды есептемегенде — 6%). АҚШ-тағы сату көлемі 5%-дан астамға, ал халықаралық нарықтарда 3%-дан астамға артты.








