Нью-Йорктағы таң: АҚШ-тың сыртқы сауда саясаты назарда

Freedom Capital Markets Research зерттеу бөлімінің директор орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолу және болжамы.
Біз не күтеміз
Инвесторлар қауымдастығының назарында АҚШ-тың сыртқы сауда саясаты қалып отыр. Осы аптада Ақ үй жаңа тарифтер туралы ескерту хаттарын алған елдер тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл тарифтерді енгізу мерзімі 1 тамызға шегерілген. Вашингтон жүргізіліп жатқан келіссөздер АҚШ үшін барынша тиімді шарттарға қол жеткізуге бағытталғанын атап көрсетіп отыр. Бұған қоса, бірнеше келісімге қол қою жақын арада болуы мүмкін. БАҚ хабарлауынша, Еуропалық Одақ АҚШ-пен тиісті келісімдерді қайта жасап, баж салығын 10% деңгейінде бекітуге мүдделі.
Дональд Трамптың БРИКС елдері секілді «Америкаға қарсы бағытты» ұстанған мемлекеттерге қосымша 10% тариф енгізу туралы ескертуінен кейін, инвесторлар шиеленістің ушығуын жоққа шығармай отыр. Алайда нарық бағаларында әзірге Ақ үйдің 2 сәуірде жариялаған шекті баж салығына қайта оралу ықтималдығы көрініс таппай отыр. Бұл алдағы айларда жаңа сауда келісімдерінің жасалуына қатысты сақтықпен оптимистік көзқарасты білдіреді. Қазіргі жағдайға байланысты нарықта құбылмалылықтың күшеюі мүмкін. АҚШ-тың сыртқы сауда саясаты жаздың соңына дейін америкалық акциялар үшін негізгі факторлардың бірі болып қала береді.
Бүгінгі макроэкономикалық күнтізбедегі басты оқиға – маусым айындағы шағын бизнеске қатысты NFIB оптимизм индексінің жариялануы. Көрсеткіштің алдыңғы 98,8 ұпайдан сәл жоғарылауы күтіліп отыр. Бұл шағын және орта бизнес өкілдерінің сектор тұрақтылығына деген сенімінің сақталғанын білдіреді. Мұндай күтулерге 2 шілдеде жарияланған NFIB жұмыспен қамту туралы есебі да қолдау көрсетеді: онда алдағы үш айда қызметкерлер санын арттырғысы келетін шағын бизнес иелерінің үлесі өскені байқалды. Сондай-ақ маусым айына арналған Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің тұтынушылардың инфляциялық күтулері туралы деректері де инвесторлар үшін қызықты болады. Бұл көрсеткіштер халықтың көңіл күйін және жылдың екінші жартысындағы баға қысымына байланысты тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді.
S&P 500 индексі бойынша фьючерстер консолидацияны көрсетіп отыр. Алдағы сессияда біз орташа құбылмалылық пен тәуекелдердің бейтарап балансы аясында сауда өтеді деп болжаймыз. Индекстің қозғалысы 6170–6290 ұпай аралығында (алдыңғы сессия жабылу деңгейінен -1%–ден +1%-ке дейін) болады деп күтіледі.
Назарда
— Merit Medical Systems (MMSI) компаниясының акциялары постмаркетті саудада 4,8% өсті. Бұл бас директорды ауыстыру туралы мәлімдеме мен екінші тоқсанға арналған алдын ала табыс деректерінің жариялануына байланысты болды.
— Biogen (BIIB) сәуір–маусым аралығындағы есеп беруінде сатып алынған ҒЗТКЖ-лар мен кезеңдік төлемдерге байланысты 46 млн доллар салыққа дейінгі шығын көрсететін болады. Соған байланысты бір акцияға шаққандағы таза табыс $0,26-ға төмендейді.
— Biosig Technologies (BSGM) Streamex Exchange компаниясымен бірігуінен кейін 1,1 млрд долларға дейін қаржы тарту туралы келісім жасады. Бұл қаражат алтынға инвестиция салуға және шикізат секілді нақты активтерді блокчейнге шығаруға бағытталмақ. Осы жаңалықтардан кейін компания акциялары 30%-дан астам өсті.
Алдыңғы күнгі нарық
7 шілде күні АҚШ-тың қор нарығындағы сауда сессиясы қызыл аймақта аяқталды. S&P 500 және Nasdaq 100 индекстері әрқайсысы 0,79%-ға төмендеді. Dow Jones – 0,94%, ал Russell 2000 – 1,55%-ға құлдырады. «Ғажайып жетілік» компанияларының акциялары, Amazon (AMZN) компаниясынан басқа, теріс динамика көрсетті. Кең нарық индексіне кіретін салалардың басым бөлігі минуспен жабылды. Тек коммуналдық қызметтер саласы (XLU: +0,21%) аздаған өсім көрсетті. Ал негізгі аутсайдерлер қатарында ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын өндірушілер болды (XLY: -1,27%).
Акция бағасына Ақ үйдің Жапония мен Оңтүстік Кореядан әкелінетін импортқа 25% баж салығын 1 тамыздан бастап енгізу жоспары мен ОАР, Индонезия және Малайзия үшін де салықты арттыру туралы мәлімдемесі әсер етті. Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба бұл қадамды «шынымен өкінішті» деп атады, бірақ диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді. Сеул де келіссөздерді жандандыруға уәде берді. Дональд Трамп болса, тариф енгізудің соңғы мерзімі (1 тамыз) «100% нақты емес» екенін айтып, келісімге келуге ашық екенін көрсетті.
Қазіргі таңда АҚШ тек Ұлыбритания және Вьетнаммен ғана толыққанды келісімдерге қол қойған. Қалған әріптестермен байланысты белгісіздік құбылмалылықты арттырып, жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық тудырып отыр.
Компания жаңалықтары
— Oracle (ORCL: -2,1%) акцияларының құны төмендеді. Бұған федералды үкіметке бағдарламалық қамтамасыз етідің 75% жеңілдікпен ұсынылуы мен бұлтты сервистерге елеулі жеңілдіктер себеп болды.
— CoreWave (CRWV: -3,3%) компаниясы Core Scientific-ті (CORZ: -17,6%) $9 млрд-қа ($20,4 за акция) сатып алмақ. Жаңа акционерлер төлем ретінде CRWV акцияларын алады. Яғни, мәміледен алынатын табыс осы акциялардың бағамына тікелей байланысты болады. Келісімді аяқтау 4-тоқсанға жоспарланған.
— Rocket Lab (RKLB: +9%) акциялары Дональд Трамп пен Илон Маск арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты өсуде. Бұл компания SpaceX-тің негізгі бәсекелестерінің бірі.
— Tesla (TSLA: -6,8%) акциялары қысымға ұшырады. Бұған президенттің Илон Масктың «Америка» атты саяси партия құру бастамасына қатысты қатты сыны және Қытай нарығындағы үлесінің қысқаруы туралы хабарлар себеп болды.








