Нью-Йорктегі таң: назарда — Еңбек министрлігінің мәліметтері

Freedom Capital Markets Research компаниясының ғылыми зерттеулер бойынша вице-директоры Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына күнделікті шолу және болжам.
Біз күтеміз
Алдағы сауда сессиясының динамикасын маусым айындағы еңбек нарығына қатысты ресми статистика анықтайтын болады. Консенсус-болжамға сәйкес ауыл шаруашылығынан тыс секторда жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны 113 мыңға дейін азаюы мүмкін, бұл соңғы алты айдағы орташа көрсеткіш — 157 мыңнан төмен. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ға дейін өседі деп күтілуде. Нақты деректер осы көрсеткіштерге сәйкес келсе, бұл мамыр айындағы импорттық тарифтердің енгізілуі аясында еңбек нарығының баяулауын растайды. Өткен аптадағы әлсіз макроэкономикалық мәліметтер инвесторлар тарапынан мүлде еленбей қалды, ал акциялар құны тарихи максимумда тұр. Сондықтан еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауына қатысты кез келген белгі позицияларды жабуға және пайыздық мөлшерлемелер бойынша болжамдарды қайта қарауға негіз бола алады. Фьючерстік нарық қазір қыркүйектегі отырыстан бастап жылдың соңына дейін үш рет мөлшерлемені төмендетуді бағамдап отыр.
Сауда қатысушылары үшін қызығушылық тудыратын өзге де деректер — қызмет көрсету секторындағы ISM (консенсус: 50,9 балл, алдыңғы көрсеткіш: 49,9) және S&P Global (консенсус: 50,9 балл, алдыңғы көрсеткіш: 53,1) іскерлік белсенділік индекстерінің маусым айындағы мәндері. Екі жағдайда да болжамдар 50 баллдан жоғары көрсеткіштерді болжайды, ал бұл өз кезегінде бизнес белсенділігінің өсуі мен құлдырауының шекарасы болып есептеледі.
Сыртқы саудаға қатысты белгісіздік сақталып отыр. Дегенмен кеше президент Дональд Трамп Вьетнаммен келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Bloomberg агенттігінің мәліметінше Қытаймен жасалған уағдаластық аясында АҚШ микрочиптерді жобалауға арналған бағдарламалық жасақтаманы экспорттауда экспорттық лицензияларға қойылатын талаптарды алып тастаған. Жапония және ЕО елдерімен келіссөздердің ілгерілеуіне қатысты жағымды жаңалықтар жоқ. 9 шілдеге белгіленген мерзімнің ұзартылатынына дәлел жоқ, дегенмен осы күнге дейін 80-нен астам сауда келісіміне қол қойылуы тиіс.
Big Beautiful Bill деп аталатын салықтық жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдерді қысқарту туралы заң жобасы Конгрестің төменгі палатасында бірқатар қиындықтарға тап болды, осыған байланысты оның 4 шілдеге дейін қабылдануы екіталай.
АҚШ қор индекстерінің фьючерстері қалыпты өсім көрсетуде. Негізгі сессия ашылар алдындағы сәтте тәуекелдер теңгерімі бейтарап сипатта, бірақ құбылмалылық жоғары, ал түзетудің ықтималдығы артып келеді. S&P 500 индексінің қозғалысы 6150–6260 пункт аралығында болады деп күтілуде (2 шілдедегі жабылу деңгейінен -1,2%–дан +0,5%-ға дейін).
Назарда
— Datadog (DDOG) акциялары 11% өсіп, 9 шілдедегі сауда басталғанда Juniper Networks (JNPR) орнына S&P 500 индексіне енгізілетіні туралы жаңалықпен премаркетте қымбаттады.
— OpenAI Oracle (ORCL) деректер орталықтарынан есептеу қуатын жалға алуға қатысты $30 млрд тұратын келісімшартқа тарап ретінде қатысып жатқанын растады.
— Robinhood Markets (HOOD) акциялары шамамен 1,7%-ға арзандады. Бұған OpenAI тарапынан токендер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мәлімдемелерді жоққа шығарып, акцияларды беру мақұлданбағанын атап көрсетуі себеп болды.
— AT&T (T) DIRECTV компаниясындағы 70% акциясын TPG Capital-ге сату мәмілесін аяқтады. Бұл жаңалық нарық тарапынан оң қабылданды.
— National Beverage (FIZZ) қаржы жылының төртінші тоқсанына қатысты есеп беріп, бір акцияға таза пайдасын өткен жылғы $0,47-тен $0,48-ге арттырды.
Кешегі нарықтағы ахуал
2 шілдедегі сауда күні АҚШ қор биржалары негізінен «жасыл аймақта» аяқталды. S&P 500 және Nasdaq 100 жаңа тарихи максимумдарға жетіп, тиісінше 0,47% және 0,73% өсім көрсетті. Dow Jones индексі елеулі өзгеріссіз жабылды (-0,02%), ал шағын капиталды компаниялардың Russell 2000 индексі 1,31% өсті. Ең жоғары өсім көрсеткен секторлар — ақпараттық технологиялар (XLK: +1,06%), шикізат (XLB: +1,5%) және энергетика (XLE: +1,72%). «Ғажайып жетілік» деп аталатын ірі технологиялық компаниялардың акциялары әртүрлі бағытта қозғалды. Tesla (TSLA) бағамының өсуіне екінші тоқсандағы жеткізу көрсеткіштері себеп болды, олар нарықтағы пессимистік болжамдардан жоғары шықты. Алтын бағасы World Gold Council (WGC) жариялаған мамыр айында әлемдік орталық банктер тарапынан сатып алу белсенділігінің артқаны жөніндегі деректерге байланысты қымбаттады.
Күннің басты макроэкономикалық оқиғасы — ADP ұсынған еңбек нарығына қатысты әлсіз көрсеткіштер болды. Маусым айында жекеменшік секторда жұмыс орындарының саны 33 мыңға азайды, ал консенсус-болжам 115 мың орынға өсу күткен. Бұл көрсеткіштің теріс динамикасы 2023 жылдың наурызынан бері алғаш рет тіркелді. Аталған статистика бүгін жарияланатын Еңбек министрлігінің есебі қарсаңында еңбек нарығы жағдайының едәуір нашарлауына нұсқауы мүмкін. Алайда, соңғы уақытта ADP деректері мен ресми статистика арасындағы корреляция әлсіз болып отырғандықтан, нақты қорытынды жасау әлі ертерек деп есептейміз.
Компания жаңалықтары
— Constellation Brands (STZ: +4,5%) бірінші қаржылық тоқсан қорытындысы бойынша табыс пен пайданы болжамнан төмен көрсетіп, бұған тұтынушылық сұраныстың әлсіреуін себеп ретінде атады. Соған қарамастан, компания жылдық EPS бойынша болжамын растады.
— Rivian (RIVN: -4,5%) екінші тоқсанда 5 979 көлік шығарғанын хабарлады, бұл консенсустен төмен. Нарыққа 10 661 дана өнім жеткізілді, бұл болжам аясында. Компания жыл қорытындысы бойынша 40–46 мың дана көлік өндіреміз деген жоспарынан таймай отыр. Volkswagen компаниясы Rivian-ға тағы $1 млрд бөлуі тиіс, өйткені сатылымдағы қиындықтар жалғасуда.
— Microsoft (MSFT: -0,2%) өз ІЖ-микросхиптерін әзірлеуді ішінара тоқтату және 9 мың қызметкерді қысқарту жөніндегі жаңалықтарға байланысты шамалы құлдырауға ұшырады.








