Нью-Йорктегі таң: инфляция статистикасы сатып алуға қысым жасайды

Freedom Capital Markets Research зерттеу директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына күнделікті шолуы мен болжамы.
Бүгін не күтеміз
16 шілдеде макроэкономикалық күнтізбедегі басты оқиға – маусым айындағы өндіруші бағалар индексінің (PPI) жариялануы болмақ. Консенсус бағалау бойынша жалпы және базалық көрсеткіштер айлық есепте 0,2%-ға өседі деп күтілуде. Бұл көрсеткіштердің күткеннен жоғары болуы инфляцияның жоғары деңгейде сақталуы мүмкін деген қауіптерді күшейтіп, инвесторларды АҚШ Федералды резервінің пайыздық мөлшерлемені төмендету мерзімі туралы болжамдарын қайта қарауға итермелеуі мүмкін. CPI маусымдық деректері шыққаннан кейін нарық қыркүйекте ақша-несие саясатының жұмсаруының ықтималдығын 50% деп бағалап отыр (бұрын 60% болған). Бұл үрдіс бүгін де жалғасуы мүмкін.
Сонымен қатар, бүгін маусым айына арналған өнеркәсіп өндірісі индексі (консенсус: +0,1% айлық өсім) де жарияланады. Бұл көрсеткіш сектордың тұрақтылығын растауы ықтимал. Бұдан бөлек, Федералды резерв жүйесінің экономикалық жағдайды аймақтар бойынша бағалауға арналған «Беж кітапшасы» жарияланады. Бұл құжат келесі отырыстар қарсаңында бизнес пен тұтынушылардың көңіл күйін бағалауға көмектеседі.
Сыртқы сауда саясатындағы белгісіздік сақталып тұр
АҚШ-тың сыртқы сауда саясаты әлі де қор нарығына елеулі әсерін тигізуде. Индонезиядан келетін импортқа 19% кедендік баж салығы енгізіліп, соған қарамастан қарсы шаралар қабылданбағаны жөнінде жаңалықтар шыққаннан кейін, алдын ала сауда келісімі жасалғаны туралы ақпарат тарады, бірақ әзірге нақты мәліметтер жоқ. Сонымен қатар, Ақ үй Қытаймен келіссөздердің мерзіміне қатысты тәуекелдерді азайтуға тырысуда, ал ЕО, Жапония және Үндістанмен диалог баяу жүріп жатыр. Сауда шиеленісін Қытайдың электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісіне қажет технологиялар экспортына енгізген шектеулері де күшейтуде. Бұл КНР-дің осы саладағы үстемдігін арттырып отыр. Мұндай факторлар белгісіздікті күшейтіп, АҚШ қор нарықтарында құбылмалылықты арттырады.
Басты корпоративтік жаңалықтар
Негізгі сессия басталғанға дейін Bank of America (BAC), Goldman Sachs (GS), Johnson & Johnson (JNJ) және Morgan Stanley (MS) екінші тоқсанға арналған қаржылық есептерін ұсынады. Сауда жабылғаннан кейін United Airlines (UAL) және Kinder Morgan (KMI) өз нәтижелерін жариялайды.
S&P 500 фьючерстері біршама теріс динамиканы көрсетіп отыр. ASML компаниясының есебі Еуропада акциялар сатылымымен қарсы алынды, бұл жартылай өткізгіш өндіруші компанияларға деген сұранысты шектеуі мүмкін. Алдағы сессияда тәуекелдер балансы теріс, құбылмалылық орташа деңгейде болады деп күтілуде. S&P 500 индексі 6180–6280 пункт аралығында қозғалады деп болжанып отыр (бұрынғы сессияның жабылу деңгейімен салыстырғанда -1% – +0,6%).
Назарда
ASML Holding (ASML) акциялары екінші тоқсандағы сәтті қаржылық нәтижелерге қарамастан 7%-ға төмендеді. Компания 7,69 млрд еуро кіріс және 5,5 млрд еуро тапсырыс көлемін көрсетті. 2025 жылға болжам сақталды, бірақ 2026 жылы макроэкономикалық тұрақсыздық пен тарифтерге байланысты өсім болмауы мүмкін екені ескертілді.
Brighthouse Financial (BHF) акциялары Aquarian Holdings тарапынан сатып алу келіссөздері жөнінде хабар тарағаннан кейін постмаркете 10%-ға өсті.
18 шілдеден бастап Victory Capital (VCTR) S&P SmallCap 600 индексінде AeroVironment (AVAV)-ті, ал ChampionX (CHX) S&P MidCap 400 индексінде ауыстырады.
Global Payments (GPN) акциялары негізгі сессия жабылғаннан кейін Elliott Management компания капиталына ірі үлес еншілегені жайлы ақпаратпен 6%-ға көтерілді.
Кеше не болды
15 шілдедегі сауда сессиясы АҚШ-та негізінен төмендеумен аяқталды.
S&P 500 0,4%-ға, Dow Jones – 0,98%-ға, Russell 2000 – 1,99%-ға төмендеді. Тек Nasdaq 100 0,13%-ға өсті, оған Nvidia (NVDA) акцияларының 4%-ға көтерілуі себеп болды. «Ғажайып жетілік» құрамындағы акциялар оң динамика көрсетті. Жалпы нарық индексіне кіретін секторлардың көбісі минуспен жабылды. Тек технологиялық компаниялар ғана (XLK: +0,89%) оң аймақта қалды. Ең көп төмендеген — негізгі материалдар секторы (XLB: -2,05%).
Инфляция деректері
АҚШ-та маусым айындағы жылдық инфляция 2,7%-ды құрап, ақпаннан бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті және нарықтық консенсусты дәл қайталады. Бағалардың өсуі екінші ай қатарынан жеделдеп отыр.
Азық-түлік 3% қымбаттады (мамырда 2,9%).
Көлік қызметтері – 3,4% (бұрын 2,8%).
Қолданылған көліктер – 2,8% (бұрын 1,8%).
Энергия тасымалдаушыларының арзандауы 3,5%-дан 0,8%-ға дейін баяулады.
Бензин бағасы 8,3%-ға төмендеді (мамырда –12%), ал газ бағасы 14,2%-ға көтерілді (бұрын – 15,3%).
Тұрғын үй мен жаңа көліктер бағасының өсуі бәсеңдеді. Базалық CPI (азық-түлік пен энергияны есепке алмағанда) жылдық есепте 2,9%-ға, айлық есепте 0,23%-ға өсті (нарықтық болжам – 3% және 0,23%). Freedom Broker болжамы 0,38% болатын. Жалпы CPI 0,3%-ға өсті — бұл соңғы бес айдағы ең жоғары өсім.
CPI көрсеткіштерін маусымдағы PCE-дефлятор болжамымен салыстырғанда негізгі көрсеткіштің +0,32% және базалық көрсеткіштің +0,29% деңгейінде өсуі мүмкін. Бұл мамыр айындағы +0,14% және +0,18%-бен салыстырғанда айтарлықтай жеделдеу болмақ.
Компания жаңалықтары
Apple MP Materials (MP: +20%) компаниясына $500 млн инвестиция салмақ. Оның $200 млн-ы Техастағы зауыттан сирек кездесетін магниттерді сатып алуға алдын ала төлем ретінде беріледі. Келісімге Калифорнияда өңдеу зауытын дамыту да кіреді.
Citigroup (C: +3,7%)-тің екінші тоқсандағы кірісі мен табысы нарықтық болжамнан жоғары болды. Жылдық табыс болжамы бұрынғы ауқымның жоғарғы шегіне жылжытылды.
BlackRock (BLK: -5,9%) таза пайдасы күткеннен жоғары болғанымен, кіріс көрсеткіші төмен болды. Бір ірі институционалдық инвестор 52 млрд долларды бір сәтте алып шыққаннан кейін басқарудағы активтер мен қаражат ағыны төмендеді.
Wells Fargo (WFC: -5,5%) таза пайдасы резервтер қысқарғаны және комиссиялар жоғары болғаны үшін болжамнан жоғары шықты. Дегенмен, таза пайыздық табыс бойынша болжам төмендетілді.
Tesla (TSLA: -1,9%)-ның Солтүстік Америкадағы сату бойынша басшысы Трой Джонс қызметінен кетті. Бұл — соңғы апталардағы екінші жоғары лауазымды қызметкердің кетуі.
Advanced Micro Devices (AMD: +6,4%) лицензиялық шектеулердің жеңілдеуінен кейін MI308 чиптерін Қытайға жеткізуді қайта бастамақ. Сәуір айында компания $800 млн шығын көруі мүмкін екенін ескерткен болатын.








