БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Nasdaq индексі сәуірден бергі ешкім күтпеген біркүндік өсімді көрсетті

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Ринат Таиров

Ринат Таиров

Oninvest тілшісі
Nasdaq индексі сәуірден бергі ешкім күтпеген біркүндік өсімді көрсетті

14 қарашадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Nasdaq Composite индексі үш күн қатарынан болған құлдыраудан кейін алғаш рет өсті. Индекс бір күн ішінде айтарлықтай төмендеуден кейін қайта көтеріліп, сәуір айынан бергі ең күрт бұрылысын жасады. Инвесторлар Уолл-стриттегі соңғы бір айдағы ең нашар күннен кейін технологиялық сектордағы негізгі акцияларды қайтадан сатып ала бастады. Алайда, акциялардың тым қымбат бағаланғанына қатысты күмәндер әлі де сақталып отыр. Бұл күмәндерге жауап ретінде келесі аптада жарияланатын Nvidia есебі шешуші сынақ болмақ.

Егжей-тегжейі

— Технологиялық компаниялар үлесі көп Nasdaq Composite индексі 0,13%-ға өсіп, 22 900,59 пунктке жетті. Жұма күнгі сауда барысында ол 1,9%-ға дейін төмендеген еді, бірақ кейін жоғалтқанын қайта қалпына келтіріп, күнді оң нәтижемен аяқтады. Мұндай серпіліс соңғы рет 7 сәуірде болған, деп жазады Barron’s Dow Jones Market Data-ға сілтеме жасап.

— S&P 500 индексі 0,05%-ға төмендеп, 6 734,11 пунктке түсті. Ол да алғашында құлдырағанымен, кейін өсімге өткен еді, бірақ сауда-саттықтың соңғы сағатында қайта теріс аймаққа оралды.

— Dow Jones Industrial Average индексі 0,65%-ға (шамамен 310 пунктке) түсіп, 47 147,48 пункт болды.

— Шағын компанияларды қамтитын Russell 2000 индексі 0,22%-ға өсті.

— «Уолл-стриттің қорқыныш индексі» саналатын CBOE Volatility (VIX) 0,8%-ға төмендеп, 20 пункттен төмен деңгейде жабылды. Бұл нарықтағы тұрақсыздықтың бәсеңдегенін көрсетеді.

— Биткойн бағасы 3,8%-ға төмендеп, шамамен $94 785 болды. Күн ішіндегі ең төменгі деңгейі — $94 257,84 (CoinGecko деректері бойынша).

Акцияларға не әсер етті?

Жұма күнгі өсімге қарамастан, апта қорытындысы бойынша S&P 500 және Dow Jones индекстері тиісінше 0,1% және 0,3%-ға өсті, ал Nasdaq 0,5%-ға төмендеді. CNBC жазуынша, технологиялық сектор акцияларына қысым көрсеткен факторлар — бағалардың тым жоғары болуы, қарыздардың көбеюі және ЖИ-ға жоспарланған шығындардың өсуі.

Қосымша теріс әсер еткен жайт — ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты үміттердің әлсіреуі. CME FedWatch құралына сәйкес, желтоқсанда мөлшерлеменің төмендеу ықтималдығы аптаның басындағы 62,9%-дан 50%-дан төменге түсті. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 95,5% болған. Кейбір ФРЖ өкілдері инфляцияның әлі де жоғары екенін айтып, ақша-кредит саясатын жұмсартуға қарсы екендерін білдірді.

Сәрсенбіде АҚШ үкіметінің тарихтағы ең ұзақ уақытқа созылған «шатдауны» (жұмыс тоқтауы) аяқталды — ол алты аптадан астам уақытқа созылды. Инвесторлар енді тоқтатылған экономикалық статистикалар қайта жариялана бастайды деп күтуде. Бірақ Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт кейбір деректер мүлде жарияланбауы мүмкін екенін ескертті.

АҚШ Еңбек статистикасы бюросы (BLS) жұма күні алғашқы деректер 20 қараша, сәрсенбі күні жарияланатынын мәлімдеді. Бұл ауыл шаруашылығынан тыс сектордағы жұмыс орындары туралы есеп болады. Ал келесі күні нақты жалақы көлемі туралы мәліметтер шығады. Бұл көрсеткіштер, әдетте, тұтыну бағасы индексін (CPI) толықтырады, ол қазан айында жарияланбаған еді.

Сарапшылар не дейді?

— Zacks Investment Management компаниясының портфельдер жөніндегі менеджері Брайан Малберри CNB-ге берген пікірінде:

«Қазір біз біресе тәуекелге бейім, біресе сақтықты көздейтін күйге өтудеміз. Инвесторлар жыл соңына және 2026 жылға қарай портфельдерін қайта құрып жатыр. Технологиялық компаниялардың күрт өсуі нарықта шоғырлану туғызды. Жыл соңына дейін 1–2% көлеміндегі қозғалыстар жиі байқалуы мүмкін», — деді.

— Mercer Advisors-тың портфель басқару жөніндегі вице-президенті Дэвид Кракауэр:

«ЖИ Уолл-стриттің қаржылық модельдерінің шегін нақты сынап жатыр. Инвесторлар акция бағасына болашақ өсімді тым көп кірістіріп қойды, ал ол әлі нақты бағаланған жоқ. Осы себепті нарықтағы өзгерістер де айтарлықтай әсер етеді», — деді.

— Nationwide-тың жетекші стратегi Марк Хакетт Bloomberg-ке берген сұхбатында:

«Жұмыспен қамту мен инфляцияға қатысты нақты мәліметтер нарықтағы тұрақты тренд пен эмоциялық сатылымды ажыратуға көмектеседі. Сондықтан осы аптадағы түзету нағыз бұрылыс емес, қайта жүктеу сияқты», — деп түсіндірді.

— Келесі аптада, 19 қарашада, ЖИ процессорларын шығаратын басты өндіруші Nvidia өз есебін жариялайды. Capital.com сарапшысы Кайл Родда Bloomberg-ке: «Бұл есеп ЖИ нарығына үлкен сынақ болады. Ол бағаларға қатысты алаңдаушылықты не азайтады, не одан сайын күшейтеді», — деді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары