Wedbush сарапшылары нарықтағы «шағын үрей» кезінде акция сатып алуға кеңес береді

АҚШ-та соңғы бір айдағы ең ауқымды акциялар сатылымы инвесторларға «Санта-Клаус раллиі» алдында тиімді мүмкіндік береді, дейді Wedbush сарапшылары.
Wedbush сарапшыларының Seeking Alpha келтірген жазбасында: «Біз технологиялық акциялар жылдың қалған айларында мықты өсім көрсетеді деп ойлаймыз. Себебі инвесторлар ЖИ төңкерісі мен оның тұтынушылық және корпоративтік салалардағы жанама әсерінен пайда тапқысы келеді», — делінген.
Олар қарашаның 14-індегі технологиялық сектордағы сатылымды «қысқа мерзімді шағын үрей» деп бағалады. Сол күні Nasdaq Composite индексі 2%-дан астам, ал Dow Jones пен S&P 500 1,6%-дан артық төмендеді.
Wedbush неге ралли болады деп санайды?
Сарапшылардың айтуынша, үшінші тоқсандағы есеп беру маусымының басты нәтижесі — Microsoft, Amazon және Google-дың (Alphabet) бұлттық қызметтеріндегі мықты көрсеткіштер болды.
Сонымен қатар, 2026 жылы капиталдық шығындардың күрт өсуі күтіліп отыр. Бұл Meta және басқа ірі технологиялық компаниялар есебінен болады. Сарапшылардың бағалауынша, Big Tech компанияларының 2026 жылғы жиынтық капиталы $550–600 млрд-қа дейін жетуі мүмкін. Биыл бұл көрсеткіш шамамен $380 млрд. Мұндай өсім келесі ЖИ толқынымен байланысты.
Айвз бен оның командасы былай дейді:
«Бұл — ЖИ саласындағы жаңа қарулану жарысы. Өсу кезеңінің келесі тарауын ірі технологиялық компаниялардың шығыстары арттырып жатыр, және бұл үрдіс 2026 жылға дейін бәсеңдемейді. Cisco компаниясының мықты тоқсандық есебі мен оң болжамы — осы аптадағы тағы бір жағымды белгі. Бұл ЖИ төңкерісіне қатысты біздің оптимистік ұстанымымызды қуаттайды».
Wedbush сарапшыларының пікірінше, келесі аптада жарияланатын Nvidia есебі ЖИ революциясының тағы бір маңызды дәлелі болады және жылдың соңына дейін технология секторы үшін жаңа қозғаушы күшке айналады. Инвесторлар ЖИ-ға байланысты шығындардың ауқымы мен өсу жылдамдығын әлі де толық бағаламай отыр.
Жұма күні инвесторлар бұл кеңеске құлақ асқандай болды: сауда сессиясы төмендеумен басталса да, бірнеше сағат ішінде S&P 500 мен Nasdaq Composite оң аумаққа шықты. Microsoft акциялары 1%-дан артық өсті, Tesla мен Nvidia 2%-ға жуық қосса, Palantir бағасы 2,5%-ға көтерілді.








