Nasdaq-та сәуірден бергі ең нашар апта: инвесторлар ЖИ-акцияларын $800 млрд-қа сатты

Nasdaq Composite технологиялық акциялар индексі апта қорытындысы бойынша 3%-дан астам төмендеді. Бұл — сәуірдің басынан бергі ең нашар апта, сол кезде индекс сауда соғысы қаупінен 10% құлаған еді, деді Financial Times.
Нарыққа негізгі қысым ЖИ-акцияларының жаппай сатылымынан туындады. Апта ішінде Nvidia, Meta, Palantir және Oracle сияқты сегіз ірі ЖИ-компанияның жалпы капитализациясы шамамен $800 млрд-қа азайды, деп жазды басылым. Oracle мен AMD акциясы бір аптада 9% арзандады, Nvidia — 7%, ал Broadcom — 6% арзандады.
7 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша Nasdaq Composite үш негізгі индекс ішінде теріс аймақта қалған жалғыз көрсеткіш болды — ол күнді 0,3%-дық төмендеумен аяқтады. Ал S&P 500 кең нарық индексі сессия соңында шығындарын өтеп, 0,13% өсті, бірақ апта бойы 1%-дан астам төмендеді. Dow Jones Industrial Average жұма күні 0,16% көтерілді, дегенмен апта қорытындысында ол да 1%-дан астам жоғалтты.
Bloomberg-ке берген сұхбатында Nationwide инвестициялар жөніндегі директоры Марк Хаккетт: «Ағымдағы [ЖИ-компаниялар акциясының] төмендеуі іргелі негіздердің әлсіреуінен гөрі, артық ажиотаждан тазалануға көбірек ұқсайды. Бұл — ЖИ айналасындағы хайптың беріктігін тексеретін кезең, өйткені нарықта өсімнің баяулауы мен бағалаудың шамадан тыс жоғары болуы туралы алаңдаушылық күшейіп келеді», — деді.
Financial Times дерегінше, Кремний аңғарындағы технологиялық компаниялардың шамадан тыс жоғары бағалануы туралы алаңдаушылық осы аптада АҚШ-тағы еңбек нарығының әлсіреу белгілерімен және тұтынушылар сенімінің төмендеуімен қатар жүрді. Мичиган университетінің тұтынушылық көңіл-күй индексі қарашада соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Challenger, Gray & Christmas деректері бойынша, қазанда соңғы 22 жылда осы айда тіркелген ең көп жұмыстан қысқарту байқалды. Ал АҚШ федералдық үкіметінің тарихтағы ең ұзақ — 38 күндік жұмысының тоқтатылуы салдарынан негізгі экономикалық деректердің жарияланбауы нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті. Инвесторлар еңбек нарығы қыркүйектің соңынан бері айтарлықтай әлсіреген болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Сондай-ақ Amazon, Paramount және Target сияқты компаниялардан жаппай қысқартулар туралы хабарламалар да бұл үрейді ушықтырды.
Апта ішінде акцияларға қысымды Goldman Sachs пен Morgan Stanley басшыларының пікірлері, сондай-ақ әйгілі инвестор Майкл Бьюрридің Nvidia мен Palantir-ге қарсы қойған ставкасы арттырды. Goldman Sachs басшысы Дэвид Соломон: «Алдағы 12–24 айда қор нарығы 10–20%-ға түзетілуі әбден мүмкін», — десе, Morgan Stanley бас директоры Тед Пик: ««Біз 10–15%-дық төмендеуге дайын болуымыз керек, ол қандай да бір макроэкономикалық салдарсыз да болуы мүмкін», — деп қосты.
Жұма күнінің кешіне қарай инвесторлар терең дем алғандай болды — америкалық заң шығарушылар үкімет жұмысының тоқтауына нүкте қоятын келісімге жақын деген үміттің арқасында акциялар өсімге бет алды, деп жазды Bloomberg. Конгрессте демократтар республикалықтарға үкіметті қысқа мерзімге қаржыландыруды Obamacare медициналық бағдарламасы бойынша салықтық жеңілдіктерді тағы бір жылға ұзартуға айырбас ретінде ұсынды. Республикалықтар мәміледен бас тартқанымен, тараптардың ұсыныс алмасуының өзі оң қадам ретінде қабылданды, деп түсіндірді агенттік.








