БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Nestle-нің бас директоры қызметтік романға байланысты қызметінен кетті

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Nestle-нің бас директоры қызметтік романға байланысты қызметінен кетті

Швейцариялық азық-түлік алыбы Nestle өзінің бас директоры Лоран Фрейшені әріптесімен арадағы «романтикалық қарым-қатынасты» жасырғаны үшін қызметінен босатты. Компания бұл әрекетті іскерлік этикаға қайшы деп таныды. CEO-ның күтпеген жерден қызметінен кетуі инвесторлар арасында алаңдаушылық туғызып, Nestle акцияларының жаппай сатылуына әкелді.

Егжей-тегжейлі

Швейцариялық алпауыт Nestle ішкі тексерістен кейін Лоран Фрейшені «жедел түрде» бас директорлық қызметтен босатқанын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша Фрейше тікелей өз қарамағында жұмыс істейтін адаммен арадағы романтикалық қарым-қатынасты жасырған. Бұл жағдай Nestle-нің іскерлік этика кодексін бұзу ретінде бағаланған. Оның орнына жаңа бас директор болып Филипп Навратил тағайындалды. Ол бұған дейін Мексикадағы кофе бизнесін басқарған, ал 2024 жылдың шілдесінде Nespresso капсулалық бөлімшесін басқаруға кіріскен.

Financial Times басылымының дерегінше Nestle Фрейше мен әріптесі арасындағы жеке қарым-қатынасқа қатысты тергеуді көктемде бастаған. Бұған «Speak Up» деп аталатын ішкі шағым жүйесі арқылы бірнеше өтініш себеп болған. Компания қызметкерлері мүдделер қақтығысы мен фаворитизмге алаңдаушылық білдірген. Алғашында Nestle бұл айыптауларды негізсіз деп тапқан. Алайда шағымдар жалғасып, директорлар кеңесі қосымша тергеу жүргізуді ұйғарып, күдік расталды деп хабарлады FT.

The Wall Street Journal мәліметінше жаңа CEO Навратил Nestle-нің азық-түлік саласын оңтайландыру және тиімділігін арттыру бағытындағы бұрынғы стратегияны ұстануды жоспарлап отыр. 2024 жылдың тамызында Фрейше тағайындалғаннан кейін, компания витаминдер, минералдар мен тағамдық қоспалар бөліміндегі тиімсіз брендтерді, сондай-ақ Perrier секілді кейбір ауыз су брендтерін сату мүмкіндігін қарастырған.

Нарық реакциясы

Фрейшенің отставкасы қор нарығын таң қалдырды. Бұл Nestle акциялары үшін тағы бір жағымсыз фактор болды, деп жазады CNBC. «Бір жыл бұрын ол Марк Шнайдердің орнына CEO болып келгенде, біз Nestle-ге өмірін арнаған бұл адам компанияға өзінің бірқалыпты, болжамды беделін қайтарады деп ойладық. Бірақ біз қателестік», – деп келтіреді RBC Capital Markets сарапшысы Джеймс Эдвардес-Джонстың сөзін арна.

Уолл-стрит сарапшылары CEO-ның мұншалықты күрт ауысуын сынға алды. JPMorgan-ның сарапшысы Селин Паннути компания тергеу нәтижелеріне төтенше жағдай ретінде қарап, уақытша басшы тағайындамай, бірден жаңа CEO әкелгенін сынға алды. «Біз жаңа басшының нарықта оның тиімділігіне күмән келтіріліп жатқан алдыңғы стратегияны жалғастыруға мәжбүр болып отырғанына көңіліміз толмай отыр. Nestle акцияларының бағасы тарихи минимумға түсті. Бұл жаңа өзгеріс компанияның ортамерзімді бағытына қатысты сұрақтарды ашық қалдырып, Навратил өз жоспарын ұсынғанға дейін инвестициялық сенімділікке кедергі келтіреді», – делінген WSJ келтірген аналитикалық жазбада.

Ал Kepler Cheuvreux сарапшысы Джон Кокс, керісінше, бұл ауысымнан позитив көріп отыр: «Компания ішінде 25 жылдан астам жұмыс істеп, стратегияны жүзеге асыруда тәжірибе жинаған адамның тағайындалуы – үлкен артықшылық», – деді ол CNBC эфирінде. Оның айтуынша сырттан келген адам болса, бұл компанияның стратегиясын толық қайта қарауға және 12–18 айлық кідірістерге әкелуі мүмкін еді. Қазірдің өзінде «үшінші тоқсанда айтарлықтай нәтижелерді» көруге үміт бар, дейді ол.

Nestle акциялары Цюрих биржасындағы сауда сессиясының ашылуында 3%-дан астамға төмендеді. 2022 жылы шарықтау шегіне жеткенде компания акциялары 127 швейцар франкіне дейін көтерілген. Содан бері капитализациясы 40%-дан астамға қысқарған, деп жазады FT. Фрейшенің басқару кезеңінде Nestle-дің нарықтық құны 17%-ға төмендеген, деп есептейді CNBC.

Контекст

Фрейше – қызметтегі романға байланысты сынға ұшыраған алғашқы жаһандық компания басшысы емес. 2018 жылы Intel компаниясының CEO-сы Брайан Кржанич әріптесімен қарым-қатынас үшін қызметінен қуылды. Бір жылдан кейін McDonald’s басшысы Стив Истербрук те қызметкермен романтикалық қарым-қатынасы үшін жұмыстан босатылды.

Кофе мен шоколад өндірісінде ірі үлесі бар Nestle соңғы уақытта тұтынушылық сұраныстың әлсіреуімен бетпе-бет келуде. АҚШ енгізген баж салығы бірінші жартыжылдықта компанияның табысына айтарлықтай әсер етпесе де, жылдың қалған бөлігінде шикізат бағасының өсуі мен сауда шектеулерінен туындайтын теріс әсер күшейеді, деп ескерткен болатын Nestle-дің қаржы директоры Анна Манц.

Алайда, компания соңғы бірнеше жылда өз қолымен жасаған қиындықтарға да тап болып отыр, деп жазады WSJ. Мысалы, Health Sciences бөліміндегі бизнес біріктіру кезінде IT-жүйенің сәтсіз интеграциясы Nature’s Bounty және Garden of Life сияқты тағамдық қоспа брендтерінің бірнеше айға созылған жеткізілім іркілістеріне себеп болған.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары